ЖаңалықтарРуханият

Қарасазда қара үзді

Қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған жері – Алматы облысының Қарасаз ауылында республикалық Мұқағали оқулары өтті. Оған қарағандылық оқушылар да қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Биылғы шығармашылық байқауға 80-ге жуық дарынды оқушы қатысыпты. Үш күн бойы олар ақын шығармаларын мәнерлеп оқу, ақындық өнер, жыр-эстафета және ұлттық өнер бағыттары бойынша бақтары мен баптарын сынады.

Республикалық кезеңге Қарағанды облысынан төрт оқушы барды. Байқау қорытындысы бойынша үшеуі жүлдегер атанып, арнайы марапаттарға ие болды.

Балқаш қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Саяжан Тайтөлеуова «Дариға, домбырамды берші маған!» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Оның өнер көрсетуі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

– Байқаудың қалалық және облыстық кезеңдеріне жеті мыңнан астам оқушы қатысты. Бәсекелестік өте жоғары болды. Себебі, әр қатысушы іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанып, өз өңірінің намысын қорғап келді. Осал қатысушы жоқ десек те болады. Әрине, қобалжыдым. Бірақ, қаншама жыл қатарынан шығармашылық байқауларға қатысып келемін. Мол тәжірибе жинадым. Өңірімнің намысы үшін барлығын ортаға салдым. Мұқағали Мақатаевтың туған жерінде өнер көрсету – мен үшін зор мәртебе әрі ұмытылмас марапат болды. Бұл марапат алға қарай ұмтылып, шеберлігімді шыңдай түсуге шабыттандырады, – деді Саяжан Тайтөлеуова.

Арнайы жүлделер мен Алғыс хатқа Ақтоғай ауданы Сарытерек ауылы Жабас Кеңесбаев атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Мерғазы Төлеутайұлы және Қарағанды қаласындағы №17 мектептің 10-сынып оқушысы Ерасыл Аманбай ие болды.

– Жүлдеге ілігіп, ауылыма абыроймен қайту үшін бар күшімді салдым. Бұл марапат мені алға жетелейді. Мұқағали Мақатаев шығармашылығының барлығымен танысып шығамын. Өлеңдерінен бөлек, оның тағдыры қызықтырды. Ақынның туған ауылына барып, оның басқан топырағын басу, ауасын жұтып, суын ішу әр балаға бұйырмаған бақыт деп білемін. Ұстаздарыма ерекше алғыс айтамын! – деді Жабас Кеңесбаев.

Республикалық Мұқағали оқуларын Алматы облысының білім басқармасы, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «Жас дарын» өңірлік орталығы ұйымдастырды.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button