Бір кезеңнің кескіні
Бүгінде режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» көркем фильмі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жатыр. Елдің аузында – «Әбіл». Бұл фильм Қазақстанды былай қойғанда жаһанның талғамы биік көрермені мен кино сарапшыларын да баурап алып, әлемдік деңгейдегі жоғары марапаттарға ие болды. Фильмнің әлемдік премьерасы 2024 жылы Пусан халықаралық кинофестивалінің New Currents бағдарламасы аясында өткен. Кейін картина Азия мен Еуропадағы 10-нан астам халықаралық кинофестиваль бағдарламасына қатысып, қатарынан 10 жүлдеге ие болды.

Франциядағы Vesoul International Film Festival of Asian Cinemas фестивалінде Бас жүлде, қазылар алқасының арнайы жүлдесі және сыншылар жүлдесін жеңіп алды. Мюнхен және Гетеборг халықаралық кинофестивальдерінің бағдарламаларына қатысты. Фильмнің халықаралық деңгейдегі басқа да марапаттары бір төбе. Bishkek International Film Festival фестивалінде «Үздік актер» жүлдесі, Da Nang Asian Film Festival фестивалінде «Үздік әйел рөлі» жүлдесі, Silk Road International Film Festival фестивалінде «Үздік ер рөлі» жүлдесі, Dhaka International Film Festival фестивалінде «Үздік ер рөлі» және «Үздік операторлық жұмыс» жүлделері, Франциядағы 17-UniverCine Nantes Film Festival фестивалінде Jury Prize және «Көрермендер ықыласы» жүлдесі. Фильм 2 жыл бойы түсірілген.
Даңқы әлемге тараған фильмнің Қазақстандағы алғашқы премьерасы Алматыда өтті. Алатаудың етегінен Арқаға қарай келе жатыр дегенді естіп, «Сарыжайлау» кинотеатрына асықтық. Залға кіріп келсек, атқамінерлер, қаламгерлер, ғалымдар, өнер саңлақтары лық толыпты. Бір сөзбен айтқанда, осы өңірдің зиялылары орын іздеп жанталасып жүр.
«Әбіл» фильмі 1990 жылдардың басындағы тарихи кезеңді, жекешелендіру кезеңіндегі ауыл өмірін және қарапайым шопан Әбілдің тағдырын баяндайды. Картина қоғамдағы ауқымды өзгерістердің қарапайым адамдардың өміріне қалай әсер еткенін шынайы бейнелейді.
Фильмдегі басты рөлді белгілі дәстүрлі әнші, композитор, публицист және өнертанушы Ерлан Төлеутай сомдаған. Оның актерлік шеберлігі халықаралық фестивальдерде жоғары бағаланып, бірнеше мәрте «Үздік актер» аталымының жеңімпазы атанды.
Фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен және «Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм» ұлттық киностудиясының қатысуымен түсірілген.
1990 жылдардың басындағы кезең туралы осы уақытқа дейін түрлі фильм түсірілді. Әр туынды кезеңнің қиындығын әрқалай суреттейді. Әсіресе, базарларда саудагерлерді «счетчикке» қойған рэкеттердің «романтикасы» басымырақ. Қара күртеше киіп, ақша үшін төбелескен, атысқан, бір-бірін өлімге қиған біркелкі сюжеттік желі. Тоналған базарлар мен үйлер, ішерге ас іздеп сабылған жұрт, талқандалған тағдырлар. Бір сөзбен айтқанда, тек қаладағы тағдырлар режиссерлердің назарына ілігіп келді. Бірақ одақ ыдырағаннан кейін талан-таражға түскен колхоз өмірінің тақырыбына ешкім барған жоқ. «Әбіл» фильмінің ерекшелігі осында. Фильмде Алматының іргесіндегі бір ауылда иесіз қалған отар-отар қой мен қора-қопсыны бөліске салған шенеуніктер мен Әбіл қойшының және оның отбасының талайлы тағдыры баяндалады.
Әбіл – ғұмыры қой соңында өткен, жыл санап қой басын өсіріп, партияға қалтқысыз қызмет еткен, содан қалжыраған, қажыған байғұс қазақ. «Еңбегім еленеді-ау!» деген үміті ақталмайды. Тойымсыз, қанағатсыз, озбыр совхоз директоры Әбілге тиесілі қойды да, тіпті, астындағы қотыр тайды да тізеге басып алып кетеді. Ол соған күйінеді, маңайдағы әділетсіздікке қарап, көкірегі қарс айрылардай күйге түседі. Фильм барысында Әбілдің бойынан қазақтың болаттай мінезін көресіз, сезінесіз.
Ерлан Төлеутай образды өте сәтті сомдап шыққан. Әне-міне өксіп жіберетіндей эпизодтарында демімізді ішке тартып отырдық. Әбілмен бірге өксіп жіберердей… Оның ішкі жан күйзелісі, өкініші, қасіреті тұла бойыңызбен өтеді.
Совхоз директорынан жоқшылық әбден қанына сіңген, мал-мүлік үшін әлсіздерді табанының астына салып жіберетін озбыр, қомағай, билік, мансап үшін бәріне әзір, «қаны бұзылған» қазақты көресіз.
Әбіл шопанның қаладан келген үлкен баласы – қалада түлкі ғұмыр кешкен, қарызға әбден батып, әркімге бір жалтақтап, адасқан ұрпақтың бір өкілі. Ол да кеп ешкімнің ала жібінен аттағысы келмейтін, соны үшін әбден көңілі тозған Әбілді қажап бітеді.
Ал, совхоздың жарығы өшкен жұпыны бір тамында талан-тараждан қалған кәрі қойдың сүйегін мүжіген немерелер – болашағы бұлыңғыр ұрпақ. Заманның былығынан ада, пәк періштелер. «Мына балаларыңды қалаға жіберіп оқытпайсыз ба?» деген сұраққа Әбіл «Әй, мына заманның не болатыны белгісіз. Осында қалып қой бағады», – дегені де болашаққа деген сенімінің жоқтығын аңдатады. Бірақ, «ендігі үміт тек мыналарда» дейді кеудесіндегі үміттің соңғы тамшысын көзінен үзіп.
1986 жылы желтоқсанда алаңға шығып, сотталып, босап келген Қасен – елінің егемендігі үшін басын құрбандыққа шалған есіл ұрпақтың бір өкілі. Оның босап келуінің құрметіне дастархан жайылып, сонда біраз әңгіме айтылады. Әңгіме барысында желтоқсан көтерілісінің тақырыбы қозғалады. Совет одағының құлағанына қайғырғандар табылады. Бір ғана кеште қасіретті қазақ тарихы қотарылады. Әңгіменің бәрінде Әбіл үнсіз. Ащы судан ұрттайды да отырады.
Кадрлардың бірінде есікке ілінген ежелгі үндістің суретін көресіз. Сол үндіс те бизоны қырылып, жері, байлығы талан-таражға түскен қасіретті қазақпен тағдырлас жұрт еді ғой.
Фильмде қазақтың Керей ханы аталып кеткен, театр өнерінің саңлағы, бүгінде көрерменінің сағынышына айналған Қайрат Кемаловты да көресіз.
Дастархан басындағы әңгімеде:
– Бұның атасы кім еді, менің атам кім еді? «Керуен кері айналса, ақсақ түйе алдыға шығады» деуші еді», – деп Әбіл күйінеді. Ол колхоз директоры мен соның жантайшаптарын меңзеп отыр.
– Ее-ее, жөн, Әбеке. Әттең, заманыңнан не бұрын, не кейін туғансың ғой. Колхоздың өгізіндей кеп жұмысты істейсің кеп, істейсің кеп. Қазір өгіз адам керек емес, түлкі адам керек, – дейді ауылдасы.
Осы диалогтың өзінен-ақ бір кезеңнің тұтас суретін көруге болатындай.
Түйіндей айтқанда, бұл жерде әркім қалауынша бөліске салған қазақтың қойы емес, байлығы. Ал, Әбіл – әділетсіздіктен көз ашпай, іші құсаға толған қазақтың прототипі.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»


