Жаңғыртылған бөлімше ашылды

     Уақыт талабына үндес жаңғырту шараларын қолға алған «Қазпошта» АҚ қызметінің оңтайлы нәтижелерін Жезқазған қаласының тұрғындары да бағамдай бастады. Қала орталығында жаңғыртылған пошта бөлімшесінің ашылуы – соның айғағы.

Өзгеше реңге енген бөлімшенің ашылу салтанатына «Қазпошта» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Ерлан Мейрам, Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов, қалалық мәслихаттың хатшысы Советбек Медебаев, кәсіпорынның корпоративті әріптестері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиналған қауымға пошта тірегіне енгізілген ерекшеліктер мен олардың бұрынғы жұмыс тәсілдерінен жағымды айырмашылықтары туралы Ерлан Мейрамұлы егжей-тегжейлі әңгімеледі.

Саланың білікті маманының айтуынша, жұмысты ұйымдастырудың жаңашыл үлгісі халыққа қызмет сапасын арттырумен қоса, сәлемдемелерді алу және жөнелту рәсімдерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күннің өзінде оларды қабылдап алу мен одан әрі жөнелту уақыты айтарлықтай қысқарған. Бұдан тысқары, супермаркеттер арқылы жіберілетін сәлемдемелер саны екі есеге артқан.

Бөлімшені жаңғырту тек күрделі жөндеуді ғана емес, технологиялық тұрғыдағы жаңарту шараларын да қамтыды, – дейді Жезқазған қалалық пошта байланысы торабының басшысы Қалдыбай Қадірсізов. – Электронды кезек жүйесі енгізілді, бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі қондырғыларымен қамтамасыз етілді. Қызмет көрсету залдарындағы жағдайды онлайн ырғағында бақылайтын ахуалдық қызмет орталығы құрылды. Сонымен қатар, пошта байланысы бөлімшесі тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Демек, тұрғындар қаржы қызметі бойынша банкоматтар мен төлем терминалдары, ал пошта қызметіне қатысты поштаматтар қызметін өздеріне қолайлы мерзімде пайдалана алады. Бөлімшеде сондай-ақ, қабылдау мен аудармаларды жүргізетін валюталық касса да бар.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.