Тұлға

Жақсы Жәкең

     Безимени-1Уақыт деген тез өтеді. Жылдар жылжып өтіп жатыр. Өмір – өзен өз заңымен ағуда. Уақыт өткен сайын көп жағдайлар еске түседі екен.

Қазақ елінің Тәуелсіздік алған 25 жылдық мерейтоын атап өткенімізге көп уақыт бола қойған жоқ. Ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар аңсаған тәуелсіздігін жақындатқан, сол үшін еңбек еткен азаматтар баршылық.

Соның бірі һәм бірегейі десем қателеспеспін, Жаманқұл Шайдаров еді.

Өткен ғасырдың 71-ші жылының аяғы болуы керек. Жақан Қошанов деген жан досым Ақтоғайға қонаққа шақырды. Ол кезде Қарағанды облыстық партия комитетінің партиялық-ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болып қызмет атқаратынмын. Бірінші рет Жәкеңмен Жақан үйінде таныстым. Ертеңінде Жәкеңмен бірге ауыл араладық. Міне, содан өмірінің аяғына дейін бірімізбен біріміз сыйластықпен өткіздік.

Жаманқұл Шайдаров туралы көп айтуға болады. Уақытында республикалық, облыстық басылымдар ол кісі туралы көп жазған болатын. Ұмытпасам, шағын фильм де көрсетілді.

Кезінде Жаңаарқа аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Жастарды Жәкең алға бастай білді.

Жаңаарқа аудандық комсомол комитетінің жастар арасындағы жұмыстары облыста алдыңғы қатарда болды.

Ол кездегі тәжірибе бойынша комсомол мектебінен жақсы өткен жастарды партия жауапты жұмыстарға жіберетін. Комсомол партия резерві деп тегін айтылмаса керек.

Арада көп уақыт өтпей комсомол мектебінен жақсы өткен Жаманқұл Шайдаровты аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы етіп сайлайды. Төраға болып істеген аз жылдардың өзінде-ақ іскерлігін, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігін тез танытты. Ауданда жаңадан совхоздар ашылды, оқу орындары, мәдениет үйлері жаңа талапқа сай жұмыс істей бастады. Халықтың әл-ауқаты артты. Жәкеңнің мұндағы еңбегі бір төбе. Ол, әрине, бөлек әңгіме.

Облыстық партия комитеті келешегі зор, 35 жастан жаңа ғана асқан талапты азамат Жаманқұл Шайдаровты 1967 жылдың желтоқсан айында Ақтоғай ауданына бірінші хатшылыққа ұсынады. Ақтоғайды 13 жыл тапжылмай білгір ұйымдастырушы, өз ісінің асқан шебері Жаманқұл Шайдаров ағамыз басқарды. Ол кісінің жақсы бір қасиеті жұмыс істейтін адамды өте жақсы көретін. Маңайына тек іскер, қолынан іс келетін, келешегі зор, ұйымдастырушылық қабілеті бар адамдарды жинайтын. Соның бірі – Жақан Қошанов болатын. Қазіргі сөзбен айтсақ, негізгі жұмыс штабының тізгінін Жәкеңнің осы Жақанға сеніп тапсыруы сол іскерліктің куәсі секілді.

Жаманқұл Шайдаров ауданды басқарған жылдары Ақтоғай жақсы көтерілді. Аудан экономикасы мен мәдениеті жоғары көтеріліп, облыста бірінші орынға шықты. Бірінші рет республикалық жарыстардың жеңімпазы атанды. КПСС Орталық Комитетінің СССР Министрлер Советінің, ВЦСПС-тің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алу ол кез үшін өте жоғары баға.

Ақтоғай, негізінде, мал шаруашылығымен шұғылданатын аудан. Кезінде әр саулықтан қозы алды. 100 биеге 100 құлын алғандар осы ауданнан шықты. Облыста бірінші болып комсомол-жастар шопандар бригадасы құрылып, оның орталықтары салынды. Өздерінің кітапханасы, шағын кино, ойын-сауық қоятын үйлері, моншасына дейін болды. Соның арқасында жастар қой шаруашылығына көптеп бара бастады.

Мал шаруашылығы, оның ішінде қой шаруашылығын дамытуда аудан еңбекшілері үлкен табыстарға жетті. Мұндағы Жаманқұл Шайдаровтың еңбегі өте зор. Адам күші бұл салада жетпейтін еді.

Осы жерде бір айта кететіні, Жәкеңнің өзі бастап өнеге көрсететіні. Кейбіреулер жалаң үндеу тастап, өзі тасада қалатын. Төл алу науқанына адам күші жетіспейді. Адам күшімен көмек беретін өндіріс орындары бұл ауданда жоқ. Сондықтан, Жәкең өзі бастап, өнеге көрсетіп, үйіндегі зайыбы Жолдыбала шешемізді төл қабылдауға жіберді. Мұны көрген аудан, мекеме басшылары мен қызметкерлері де осылай жасады. Сөйтіп, төл алу науқанында жетіспейтін адамдарды осылай шешкен болатын. Бұл сол уақытта облыс аудандарында үлкен резонанс туғызған еді.

Орталықта үлкен мәдениетке талпыну басталды. Жаңа үйлер, денсаулық, мәдениет, сауда орындары бой көтере бастады. Көшелер мен үйлер тәртіпке келтірілді. Бір сөзбен айтқанда, шалғайда қалған аудан үлкен серпіліске түсті.

Ауыл мәдениеті жоғары сатыға көтерілді. Ауданның атқару комитеті төрағасының орынбасары Қалкен Мәкенбаевтың, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Жақан Қошановтың басқаруымен, әрине, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жаманқұл Шайдаровтың қолдауымен «Тоқырауын толқындары» ансамблін бүкіл Одаққа ғана емес, кейін алыс-жақын шетелге де танытты. Ол жылдары облыста өтетін көркемөнерпаздар байқауында Ақтоғай ауданы жүлдені ешкімге бермей, ылғи да бірінші орынды жеңіп алатын.

Жәкең жұмыс істеген жылдары Ақтоғай ауданы озық тәржірибе тарату мектебі болған еді. Көптеген семинарлар осы ауданда өтетін. Басқа ауданның адамдары Ақтоғайға келіп, көп нәрсені үйреніп қайтатын.

Жаманқұл Шайдаровтың бұдан басқа да еңбектері жеткілікті. Көптеген жастарды тәрбиеледі. Рымбек Жүнісов бас агрономнан Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты, аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейін көтерілді. Ал, Саят Тохметов ферма зоотехнигінен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істегенін айтсақ та жеткілікті болар.

Аудан халқы Жаманқұл Шайдаровтың есімін жақсы бағалайды. Орталықтағы саябаққа Жәкеңнің атын беру осының айғағы сияқты.

Жәкең – тік мінезді, турасын айтатын адам. Осындайда еске түседі. Өткен ғасырдың 90-жылдарының орта кезінде болу керек. Ол кезде Халық депутаттары Жезқазған облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істейтінмін. Аудандарға шығып, активтермен жиналыс өткізетінбіз. Бірде Жаңаарқа ауданының орталығында осындай жиынды басқарып отырған өзім мен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Секен Әбішев екеумізге жиынға кешігіңкіреп келген Жаманқұл Шайдаров бірден келіп, қатысып отырған адамдардың көзінше сәлем берді. Сәлемін қабыл алып, біздің жанымызға отыруын сұрадым. Сондағы Жәкеңнің айтқаны: «Өз бастығым, айтпай отыра алмаймын», – дегені әлі есімнен кетпейді. Бұл ол кісінің ештеңеден қаймықпайтынын, тік мінезді, жиынға қатысып отырған адамдарды қатты сыйлағанын көрсетеді.

Жаманқұл Шайдаровтың Ақтоғай ауданындағы атқарған жұмыстары, жасаған еңбектері Партия мен Үкімет тарапынан жоғары бағаланды. Басқаларын былай қойғанда «Еңбек Қызыл Ту» орденімен екі рет марапатталды. Екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды. Бұл – сол кезеңнің өлшемімен алғанда ауданға берілген, оны басшысы Жәкеңнің өзіне берілген үлкен баға еді.

Ақтоғайда қызмет істеген жылдары – Жәкеңнің шын мәнінде ең биік шырқау шағы болды.

Жаманқұл Шайдаров кейін Ұлытау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып көп жылдар қызмет атқарды. Өмірінің соңында Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде поселкелік атқару комитетінің төрағасы болды. Қайда істесін, қандай қызмет атқарсын, өз шаруасына аса жауапкершілікпен қарап, өз жұмысына мығым, ұйымдастырушылық қабілеті өте зор адам ретінде есте қалды.

Жаманқұл Шайдаров нағыз бақытты өмір кешкен адам. Шешеміз Жолдыбала екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғарғы білім алды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Немере, шөберелерін көрген адам.

Жәкең ағамыздың арты жақсы болды. «Артында бар оңалар» деген. Қызы Салтанат Қарағанды қаласындағы Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы №4 емхананы басқарады. Қала жұртшылығына өте таныс, халыққа қызмет ету жөнінен облыста алдыңғы қатардың бірінде болып, елдің ризашылығына ие болған денсаулық қызметкері.

Ал, Серік болса, әке жолын қуып, бір қалаға, үш ауданға әкім болды. Қазір Абай ауданының әкімі болып, халық алдында өзінің ерен еңбегімен көрініп жүрген абзал азамат. Осы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.

Асыл азаматтың да біздің арамыздан кеткеніне 20 жылдай уақыт болыпты. «Таулар алыстаған сайын биіктей» деуші еді. Осы сөз тура Жәкеңе арнап айтылған сияқты.

Жаманқұл Шайдаровты халық «Жақсы Жәкең» деп атап кетті.

Шындығында Жәкең осы атаққа лайық жан. Есімізде жақсы Жәкең болып мәңгілік сақталып қалады.

Қасымбек МЕДИЕВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,

Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button