Жаңалықтар

Жаңашыл жоба жүзеге асуда

   Бас бостандығынан айырылғандарды қоғамға қайта бейімдеу үшін облысымызда пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Жандос ӘБІШЕВТІҢ төрағалығымен өткен консультативтік-құқықтық кеңестің отырысында сөз қозғалды.

Осы мақсатта елімізде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында 2017-2019 жылдарға сынақ қызметінде есепте тұрған және темір тордың арғы жағынан босап шыққандарды әлеуметтік оңалту кешендік стратегиясы бекітілген. Онда бас бостандығынан айырылғандарды қайта бейімдеу бағытында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектордың жұмысын біріктіру көзделген.

Бүгінгі таңда облыс бойынша оңалту орталықтары Қарағанды, Теміртау және Жезқазғанда бар. Биыл қамаудан шыққан 69 адам осы орталықтарға орналасқан.

Ал, ҚАЖ департаменті, үкіметтік емес сектордың бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде  пилоттық жоба ретінде Қарабастағы АК-159/18 және Долинкадағы АК-159/20  мекемесі таңдалып отыр. Кешенді стратегиялық кесте құрылып, жобаның жүзеге асуына Еуропалық Одақ қолдау көрсетпек. Сондай-ақ, халықаралық сарапшы шақыртылған. Жоба 2018 жылдың сәуіріне дейін облысымызда тәжірибеден өтіп,  кейін еліміздің барлық өңіріне таратылмақ.

Жиынға қатысушылардың айтуынша, бас бостандығынан айырылғандарды әлеуметтік бейімдеуде дамыған елдердің тәжірибесін қолданған тиімді. Осы мақсатта олар Ұлыбританияға барып, тәжірибе алмасып келген. Мысалы, темір тордың ар жағында отырған азаматқа бостандыққа шыққан соң, алдымен, алғашқы көмек көрсету міндетті. Содан кейін баспана, жұмысқа орналастыру, туған-туыстармен байланысын дұрыс жолға қою жағын қолға алған жөн.

Мейрам АЮБАЕВ, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары, әділет генерал-майоры:

– Сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, тек, құқық қорғау органдарына ғана емес, бірінші кезекте жергілікті атқарушы және басқа да орталық мемлекеттік органдарға, сонымен қатар, азаматтық қоғам институттарына да тәуелді. «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасы халықаралық тәжірибе негізінде жүзеге асырылады.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Максим Галиуллиннің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың 1 қарашасына дейін темір тордан босаған және пробация қызметінде жұмысқа тұру үшін есепте тұрғандар саны 530 адамды құраған. Оның 276-ы жұмысқа (49-ы – әлеуметтік жұмыстарға, 51-і – қоғамдық жұмыстарға) орналасқан. 52 адам қысқа мерзімді курстарға жіберілген.

ҚР Бас прокуратурасы басқармасының басшысы Нұрлыбек Әбдіраймовтың айтуынша, жобаны жүзеге асыру мақсатты түрде қолға алынып отыр. Мысалы, 90-шы жылдардан бері тұрмеде отырған сотталушылар бостандыққа шыққан соң қайда барарын, не қыларын білмейді. Осындай қарапайым түсініктерді ескерсек, пилоттық жобаның тиімді тұстары көп.

Жиынға қатысушы прокуратура және денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жобаға қатысты сұрақтарын қойды. Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы алдағы уақытта түрлі ауру таратпаудың алдын алу мақсатында, туберкулезге шалдыққандар жөнінде ақпарат жолдауды сұрады. Осыған ұқсас барлық ескертулер мен ұсыныстар хаттамаға енгізілді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button