Осакаров

Жаңашыл қадам, жарқын болашақ

  2017 жылдың 31 қаңтары күнгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 дамыған елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған бес негізгі басымдықты айқындап берді.

Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Бұл басымдықта цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету маңызды кешен екенін атап көрсетті. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеп қабылдауды тапсырды.

Екінші басымдық – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Бұл орайда, жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өндіріс, сондай ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көрсетуді дамытуда мемлекет – жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік бермекші.

Үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық. Яғни, ақша – несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру және экономиканы қаржыландыруда жекеменшік капитал тарту арқылы инфляция деңгейін төмендету, экономиканың өсуі, қор нарығын одан әрі дамыту басты міндет болып табылады.

Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Тегін оқумен ең әуелі жұмыссыз және өзін – өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылулары тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауды жолға қою қажеттігі атап көрсетілді.

Бесінші басымдық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты. Осы басымдықта, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың себептері мен салдарын анықтап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу арқылы заңсыздықтарға жол бермеуді қатаң бақылауға алу мәселелері көрсетілген.

Жолдаудағы «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспары уақыт талабына сәйкес және елімізді одан әрі дамытуға апаратын жол екенін барша қазақстандықтармен бірге Осакаров аудандық қазынашылық басқармасының ұжымы да бір кісідей қолдайды.

Сонымен бірге, қазіргі таңда ауданымыз бойынша барлық мемлекеттік мекемелер «Клиент – Қазынашылық» жүйесі бағдарламасында жұмыс жасауға көшірілген. Яғни, аудан бюджетінің барлық кіріс – шығыс құжаттары адам араласуынсыз, электронды тәсілмен жүргізіледі. Үстіміздегі жылдан бастап қазынашылықта келісім-шарттарды тіркеу де мемлекеттік мекемелердің электронды тапсырыстары негізінде жүргізілетін болады. Жасалып жатқан бұл шаралар Жолдауда көрсетілгендей сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, оны болдырмауда оң нәтижесін беретініне сенімдіміз.

Серік ТАУЕКЕЛОВ,

Осакаров аудандық қазынашылық басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button