Бас тақырыпРуханият

Абайтанушы ғалым Зарқын Тайшыбай студенттермен кездесті

Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде ел тарихы мен руханиятына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғалардың өмір жолы мен ғылыми мұрасын жастарға танытуға бағытталған «Тұлғалар тағылымы» ғылыми-ағартушылық жобасы жалғасуда. Жоба аясында тарих ғылымына, журналистика мен әдебиетке өзіндік үлес қосқан белгілі ғалым, ұстаз, қайраткер, абайтанушы және абылайтанушы Зарқын Тайшыбаймен кездесу өтті.

Суреттерді түсірген Бахтияр РЫМБАЕВ

Тағылымды жүздесуді университеттің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы мен Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының «Жасампаз» ғылыми-зерттеу клубы ұйымдастырды. Кездесуге тарих факультетінің оқытушылары мен студенттері қатысып, ғалымның ғылыми және шығармашылық жолы, тарихи зерттеулері, журналистика саласына сіңірген еңбегі жөнінде әңгіме өрбітті.

«Тұлғалар тағылымы» жобасының негізгі мақсаты – елдің тарихына, мәдениеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан азаматтардың өмір жолын, тәжірибесі мен өнегесін жас ұрпаққа жеткізу. Осы орайда кездесудің басты кейіпкері ретінде Зарқын Тайшыбайдың таңдалуы да заңды.

– Біздің бүгінгі кездесуіміздің басты кейіпкері – Зарқын Тайшыбай. Зарқын Тайшыбай  – біз, тарихшылар үшін, жалпы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті үшін тұлға. Университетімізде жүзеге асып жатқан «Тұлғалар тағылымы» жобасы аясында осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Елдің тарихына, мәдениетіне, руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың өмір жолын, өмірде көрген-білгенін жас ұрпаққа жеткізу – үлкен парыз, – деді «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жамбыл Жұмабеков.

Зарқын Тайшыбайдың еңбек жолы Қарағанды өңірінің журналистика саласының дамуымен де тығыз байланысты. Ғалым 1990 жылдардың басында Қарағандыда журналистика бөлімін ашып, өңірде журналистика мамандарын даярлау ісінің негізін қалады. 1993 жылы ашылған бөлімнің алғашқы кафедра меңгерушісі ретінде осы бағыттың қалыптасуына еңбек сіңірді. Бүгінде оның шәкірттері еліміздің әр өңірінде түрлі салада қызмет атқарып келеді.

– Зарқын аға – журналистиканың көшбасшысы, Қарағанды өңіріндегі журналистиканың дамуына үлес қосқан, оның негізін қалаған кафедрада еңбек еткен тұлға. Бірақ, біз тарихшы ретінде шақырып отырмыз. Өйткені, ғалымның тарих ғылымына, тарихи зерттеулерге сіңірген еңбегі де өте көп.  Қаншама мыңдаған құжаттарды ақтарып, еліміздің тарихын түгендеп, сол құжаттарды жанкештілікпен, жанқиярлықпен қазақ тіліне аударып, орыс тіліндегі тарихи деректерді оқырманға қолжетімді етті. Сондай-ақ, аңыздағы Абылай хан бейнесін архив деректеріндегі Абылай ханның нақты бейнесімен ұштастыруы – ғаламат еңбек, – деді Жамбыл Азмұханұлы.

Кездесуде ғалымның Абылай хан тарихын зерттеудегі еңбегіне айрықша тоқталды. Зарқын Тайшыбайдың Абылай ханға қатысты ғылыми ізденістері тарихи деректерді жүйелеу, архив құжаттарын зерделеу және халық жадындағы аңыз-әңгімелерді ғылыми тұрғыдан саралаумен ерекшеленеді.

Кітапхана қорында Зарқын Тайшыбайдың Абылай ханға арналған 2011 жылы жарық көрген екі томдық еңбегі, кейінгі үш томдық зерттеулері де бар. Ғалымның еңбектерінде мыңдаған тарихи құжаттар қамтылып, орыс тіліндегі деректер қазақ оқырманына қолжетімді түрде ұсынылған.

Ғалымның Абылай ханға арналған зерттеулері қазіргі таңда университеттегі оқу үдерісінде де кеңінен пайдаланылып келеді. Тарих факультетінің студенттері үшін бұл еңбектер қазақ тарихының күрделі кезеңдерін дерек негізінде тануға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми материалдардың бірі.

Зарқын Тайшыбайдың зерттеу еңбектерінде Абылай ханның қызметімен қатар, сол кезеңдегі Қазақ хандығының Ресей империясымен, Манчжур-Цин империясымен және Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасы архивтік деректер негізінде қарастырылады. Тарих факультеті бұл еңбектерді студенттердің оқу жоспарына енгізіп, білім беру барысында кеңінен қолданып отыр.

Кездесу барысында Зарқын Тайшыбайдың абайтану, мағжантану бағыттарындағы еңбектері де сөз болды. Ғалымның ғылыми ізденісі бір ғана тарихи тұлғаны зерттеумен шектелмей, қазақтың әдеби-рухани мұрасын зерделеуге ұласқаны атап өтілді. Кездесудің соңында ұстаздар мен студенттер ғалымға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тарихи беттері мен тарихи тұлғаларға қатысты құнды жауаптар алды. Зарқын Тайшыбай қойылған сауалдарға тұшымды жауап беріп, жастармен еркін пікір алмасты.

Аида РАХЫМҚҰЛ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button