Бас тақырып

Жаһандық жарыс жалауы желбіреді

Қарағандыда өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер арасындағы XVI, әйелдер арасындағы VII Әлем чемпионаты басталды. 2014 жылы байқау Алматы қаласында өткен болатын. Биыл араға бірнеше жыл салып чемпионат алауы кенді аймақта тұтанды. Ал, чемпионатқа 16 елдің қатысушылары мен делегаттары қатысты.

Қарағандыда бұрын – соңды әлем чемпионаты өтті дегенді естіп пе едіңіз? Бәлкім ертеде өткен болар… Бірақ, тәуелсіздікке қол жеткелі бері Қарағандыда мұндай доданың өтуі алғаш болса керек. Әрине, бұл бізге артылған – сенім. Әрі чемпионаттың Қарағандыда өтуі де кездейсоқ таңдалмаған. Себебі, қалада логистикаға ыңғайлы әрі стандарттарға сәйкес стадионның болуы да үлкен рөл атқарып тұр. Ал, талап бойынша жарыстар ашық аспан астында өтуі қажет. Сондықтан, ұйымдастырушылардың таңдауы – Қарағанды өңіріне түскен.

Стадионда жарыстар өткізуге қажетті базалар құрылған. Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін киім шешетін шатырлар мен фудкорт та орнатылды. Қонақтарға ұлттық салт-дәстүрімізді таныстыру мақсатында этно-ауыл салынды. Сонымен қатар, отандық өнімдер қойылған апаттық-құтқару техникасы мен жабдықтарының көрмесі өтті.

– Бұл дода былтыр өтуі керек еді. Алайда, пандемия салдарынан кейінге шегерілді. Міне, араға жыл салып басымыз осы жерде түйісті. Біздің жұмыс – қауіпті, әрі үлкен тәуекелді талап етеді. Осы жарыс бір-бірімен бақ талассын деп емес, тәжірбие алмассын, дайындықтарын көпке көрсетсін деген мақсатпен ұйымдастырылған болатын. Байрақты бәсекеде қатысушыларға сәттілік тілеймін. Ешқандай оқыс оқиғаларсыз доданы сәтімен аяқтайық. Қарағанды өңіріндегі күніміз әрқайсымыз үшін жылы әрі ұмытылмас естелік болып қалмақ, – деді Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Чемпионат алауы тұтанған соң, шара аясында «Оқу мұнарасының төртінші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу» түрі бойынша ерлер мен әйелдер арасында финалдық бәсеке өтті. Әйелдер арасында VII Әлем чемпионатында «Шабуыл сатысымен көтерілу» сайысында ресейлік Екатерина Чендакова 6.98 нәтижесімен топ жарды. Ал, ерлер арасындағы XVI Әлем чемпионатында «Оқу мұнарасының төртінші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу» түрі бойынша беларусь Никита Уколов 12.89 нәтижесімен әлем чемпионы атанды. Жарыс чемпиондарына автокөлік кілті беріліп, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Чемпионаттың екінші жарыс күнінде командалар 100 метрлік кедергілер жолағынан өтпек. Ал, үшінші күні жауынгерлік қанат жаю және 100 метрден 4 өрт эстафетасы бойынша сынға түседі. Ал, спортшылардан әр сайыс алдында допингке қарсы сынама алынады. Чемпионаттың жабылу салтанаты мен марапаттау рәсімі 5 қыркүйекте өтеді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button