Жаңаарқаның қымызы

Мамыр соңы… тобылғы гүлдегенде,
Ғашық қылған кез еді бізді өлеңге…
Тау мұнартып, қырқалар гүл жамылып,
Бір ғажайып сәт туған нұрлы әлемге.

Сары белге сән берген сағым кілем,
Балалықтың бейкүнә шағын білем,
Қаймақ жағып, қымыздың бабы үшін,
Күбі ыстайтын анамыз тобылғымен.

Ең алғашқы май қымыз ішкен күні,
Адамдардың масайар үштен бірі.
Әр балаға жүз рет санатқанда,
Бал татиды мың рет піскен күбі.

Салып қойып сүр қазы ұрттарына,
Сары қымыз малынып мұрттарына.
«Биылғы қыс жылқыға жайлы болды»
Дейді қарттар «Иншалла, жұрт бағына».

Содан кейін әңгіме бағамынан,
Аңдайтыным Хан Кене заманынан,
Ұзақ сонар хикая басталатын,
Ағыбайдың ақжолтай қадамынан…

Бірте-бірте дауыстар саңқылдайды,
Ірге – түрік, самалмен салқындайды, 
Тауарихтың тартады тұңғиығы,
Шара толы сары қымыз сарқылмайды.

Осы екен ғой қазақтың құмай бағы,
Тобылғыдай қызарып шырайлары.
Енді бір кез өнерге ауысады, 
«Тау ішінде» Сәкеннің ұнайды әні.

Қайран қарттар осылай ой ақтарып,
Бал қымызға отырар тояттанып.
Хан Кенемен басталған әңгімесі,
Сәкенменен жатушы еді аяқталып.

Сөз жарықтық біте ме бұл ғаламда,
Қымыз күші қаныңда тулағанда.
Сол қарттардың еске алам әңгімесін,
Оксфордтың дәрісін тыңдағанда…
***
Заман басқа. Әр сөзді үнем көрем,
Біздің ұрпақ – интернет жүгендеген.
…Қазыналы қарттарым қайда менің,
Қымыз ішіп тарихты түгендеген?!

Қойлыбай АСАНҰЛЫ