Жаңаарқада 700-ден астам киік мүйізі тәркіленді
18 тамыз күні жүргізілген жедел әрекеттер барысында Қарағанды облыстық Полиция департаментінің қызметкерлерімен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Қызылжар елді мекенінде соңғы бірнеше жыл ішінде аталған екі облыс аумағында Қызыл кітапқа енген киіктерді заңсыз атумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Олар киіктерді атып, мүйіздерін Қытай Халық Республикасына жөнелту мақсатында оңтүстік өңірге сатып отырған. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.
Олар қылмыстық жолмен алынған киік мүйіздерінің бір келісін 80 мыңнан 100 мың теңге аралығында сатқан.
«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерімен алты тінту жұмыстары жүргізіліп, қылмыстық топтың үш мүшесі (34 пен 46 жас аралығында) ұсталып, үшеуіне іздеу жарияланды. 150 келі, яғни 732 дана киік мүйізі тәркіленді. Сондай-ақ полиция қызметкерлерімен күдіктілерден таразы, пышақ суық қаруы, тіркелмеген қару және авто-мототехника тәркіленіп алынды”, – деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-1-бабына “Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу” сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Аталған баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Тергеу әрекеттерімен Қарағанды облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушілері айналысуда.
Еске сала кетейік, биыл ақпан айында Қарағанды облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жоғарыда аталған ауданнан 844 киік мүйізін тәркілеген болатын.