Қарағандыда асыл тұқымды мал өсіруге жеңілдетілген несие ұсынылады
Қарағанды облысында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау серпін беруде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы өкілдері мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, өңірде ет пен сүт өндірісі тұрақты өсуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 531,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға артқан.
Сонымен қатар малдың асыл тұқымдық сапасын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
– Өңірде ауыл шаруашылығы жануарларының тұқымдық қасиеттерін жақсарту мақсатында селекциялық-асылдандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Тұқымдық түрлендіру шаралары да мемлекеттік қолдау арқылы ынталандырылып отыр. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша асыл тұқымды ірі қараның үлесі – 11,2 пайыз, қой – 6,9 пайыз, жылқы – 0,8 пайыз. Бұл көрсеткіштерге қол жеткізуде мемлекеттік қолдаудың үлесі зор, – деді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Қазіргі таңда облыста 428 мың бас ірі қара, 400 мыңға жуық жылқы, сондай-ақ 688 мың бас қой мен ешкі өсіріледі.
Биыл агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы 7 млрд теңге бөлінді.
Өңірде мал шаруашылығын қолдауға бағытталған «Жайлау» және «Игілік» мемлекеттік бағдарламалары да іске асырылуда. Олар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне, оның ішінде асыл тұқымды мал сатып алуға жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мал басын көбейтуге, генетикалық әлеуетті арттыруға және шаруашылықтардың өнімділігін жақсартуға ықпал етеді.
«Жайлау» бағдарламасы бойынша қаржыландыру жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейін беріледі. Несие көлемі ірі қара мал өсіру жобалары үшін 350 млн теңгеге дейін, ал ұсақ мал шаруашылығы жобалары үшін 200 млн теңгеге дейін қарастырылған. Қаражатты асыл тұқымды мал сатып алуға, табынды көбейтуге және репродукторлық фермалар салуға жұмсауға болады.
Ал «Игілік» бағдарламасы аясында несие 7 жылға дейінгі мерзімге жылдық 6 пайызбен ұсынылады. Бұдан бөлек, қарыз алушыларға 30 айға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған. Бұл шаруашылықтарға өндірісті жолға қойып, төл алу циклін аяқтауға және негізгі төлем кезеңіне дейін тұрақты нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері «Береке» бағдарламасы арқылы да қолжетімді.
Жеңілдетілген несие бағдарламаларына қатысу шарттары туралы толық ақпаратты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалынан, ресми сайтынан немесе 1408 call-орталығы арқылы ала алады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



