Бас тақырып

Жаңа жүйенің діттегені – әлеуметтік әділдік

Бір тектес зарядтар тебіліп, қарама-қарсысы тартылатын физика заңы қоғамға жүрмейді. Әсіресе, бұл табысы жоғары және төменінің арасында айқын көрінеді. Мұнда бір-біріне тартылу түгілі, жуыса қоймайтын кереғарлық бар. Сөйте тұра, екеуінен бірдей талап етілетін салықтық жүйе қолданыста. Ол – табыс салығының мөлшері. Тиындап тапсаң да, миллиондап тапсаң да, еліміздегі салықтың мөлшері – 10%. Ал, Еуропада мұндай салық мүлдем басқаша есеппен төленеді. Яғни, табысың артқан сайын, төлейтін салығың да көбейе түседі. Ал, енді кірісі белгілі бір мөлшерден аспайтындар бұл міндеттен, тіпті, толық босатылады екен. Өркениетті елдерде осындай жеке табыс салығының үдемелі мөлшерлемесі ертеден келеді. Президент алдағы уақытта салықта осынау әділдікті орнатуды талап етіп отыр…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапарында Үкіметке берген жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізу туралы тапсырмасын түсіндірген болатын. Егер, бұл жоба қабылданса, елімізде де әлеуметтік әділдік қамтамасыз етілуі тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлы «…айына 250-300 мың теңге жалақы алатындар табыс салығын 7 пайыздық мөлшерлеме бойынша төлеуі тиіс. Ал, айына 300 мың теңгеден 1,5-2 млн. теңгеге дейін табыс табатындар үшін қазіргі 10 пайыздық мөлшерлеме сақталады» деді. Ал, 25 млн. теңгеден жоғары табыс табатындар үшін салық көлемі де арта түсуі тиіс. Әзірге, нақты мөлшерлеме көлемі – белгісіз. Оны Үкімет комиссиясы анықтайды.

Негізі, еліміз үшін үдемелі табыс салығы жаңалық емес. 2007 жылға дейін осы жүйе қолданылғантын. Кейіннен ол табыс салығының жалпақ шкаласына ауыстырылды. Экономистер салықтың бұл түрі көлеңкелі табыс табудан арылу мақсатында алынып тасталған дейді. Цифрлық технология дамыған сайын жалақыны конвертпен алып, салық төлеуден жалтаратындардың жолы кесілді. Енді сол жүйеге қайта оралу бюджетке түсетін кіріс мөлшерін де ұлғайта түседі деген болжам да бар.

Әлбетте, кез келген жайттың екі ұшы бар. Мамандар бұл салық түрінің артықшылығын да, кемшілігін де жоққа шығармайды. Жалақысы аз азаматтар мұны қолдаса, табысы молдары наразылық танытары анық.

Салық салудың жаңа жүйесіне көшу – кірісі аз тұрғындар мен табысы анағұрлым жоғары азаматтар арасындағы табысқа қатысты алшақтықты жояды. Сонда неғұрлым көбірек салық төлеуі тиіс ауқаттылар мақсатты түрде кірістерін төмендетуі мүмкін. Тіпті, салық көлемі жоғарылағандықтан, жеке табысын төмендетіп көрсетіп, төлеу міндетінен жалтаруы да кәдік. Былайша алғанда, прогрессивті табыс салығы адал еңбегімен ақша тауып, кірісін көбейтіп жүргендер үшін жаза ретінде қабылдануы да мүмкін. Яғни, табысын көбейту орнына, азға қанағат етуі бюджетке төлейтін салық мөлшерін де азайтады. Бұл – жаңа жүйенің басты кемшілігі.

Артықшылығы ретінде бюджетке келіп түсетін қаржы көлемінің ұлғаюы ерекше аталады. Демек, түсетін салық арқылы өңірлердің қаржылық жағдайы жақсарып, әлеуметтік әділдік қалыптасады деп күтілуде.

Әлеуметтік әділдік демекші, Қасым-Жомарт Кемелұлы да осыны баса айтты. Мысалы, карантин кезіндегі жаңа әлеуметтік төлемді алудың басты шарты бірыңғай жиынтық төлем төлеу болса, жәрдемақы алғандардың 40%-дан астамы бұл төлемді алғаш рет төлегендер. «Бұл азаматтар мемлекет көмегін қажет ететіндер қатарында. Оларды экономикаға барынша тартып, проблемаларымен жеке қалуға жол бермеу керек. Себебі, қолайсыз жағдай туындағанда мемлекеттік қолдауды, әлеуметтік қорғауды, лайықты зейнетақыны, алдымен, ресми жұмыс істейтін, салық төлейтіндер иеленуі тиіс», – деген болатын.

Ал, ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев «жұмыс енді басталды, кірістер мен мөлшерлемелер шкаласы әлі анықталмады» дейді. Бұл мәселе жұртшылықтың ашық талқысына салынып, жұмыс тобы барлық ақпаратты жария етіп отырады.

Жаңа жүйе салықта әділдік орнатады деген сенім мол. Тек, уақытын бос жібермей, адал еңбек, маңдай терімен табысын арттырып жүргендердің ынтасын жоғалтып, мемлекетке қарап, қолын жайған масылдар санын арттырмаса, жарады…

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button