Жаңа жәдігерлер – мұражайда
Қарағандыдағы тарихи-өлкетану мұражайының қоры жаңа жәдігерлермен толықты. Шет ауданының тұрғыны Тілеуғабыл ЕСЕНБЕКОВ мұражайға аңшылық бұйымдарын тапсырды.
Ақсу-Аюлыда тұратын Тілеуғабыл ағамыз – бүркітшілер әулетінің өкілі. Бүркітшілер арасында өтетін «Салбурын» халықаралық байқауын алғаш ұйымдастырушылардың бірі.
Ақсақал мұражай қорына бүркітпен аң аулауға арналған түрлі жабдықтарды табыс етті. Олардың ішінде, томаға, балдақ, жем саптыаяқ, аңға арналған киім, кітаптар мен түрлі халықаралық байқаулардан жиналған суреттер бар. Ақсақал бұл топтаманы жылдар бойы жинаған.
– Мен мұражайға сыйға тартқан барлық заттар ұрпақ үшін қызықты болады деп ойлаймын. Бүркітпен аң аулау – көнеден келе жатқан дәстүр. Оның тарихы қола дәуірінен басталады, – дейді бүркітші.
Өз тілшімізден.
ШЕТ ауданы.