Жаңа цех іске кірісті
Елбасы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жіті көңіл бөлуді міндеттеді. Қазақстан мұндай жандар үшін кедергісіз аймаққа айналуы тиіс екендігін жеткізді. Президент тапсырмасына сәйкес, Қарқаралы ауданының басшылығы мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың жұмыспен қамтылуын ерекше назарға алуда.
Жақында аудан орталығында Нұржан Еркінұлы аяқ киім жөндеу цехын іске қосты. Тағдырдың жазуымен ІІ топтағы мүгедек бола тұра, өз алдына айқын мақсат қойған Нұржан арнайы мектепті бітіріп, отбасының қолдауымен 2009 жылдан бастап, өз ісін қолға алды. Бастапқыда шағын бөлмеде бастаған кәсібін кейін жеке ғимаратта жалғастырып, аудан халқына сапалы әрі қолжетімді бағада қызмет көрсетіп келді. Облыс әкімінің ауылды жерде жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту және қолдау гранты – 500 мың теңгені иеленіп, әрі Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 2 млн. теңге қаражат алып, қажетті станоктармен жабдықталған заманауи аяқ киім жөндеу цехын ашты.
Ауданның әлеуметтік әлеуетін көтеру аясында жүзеге асып отырған шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Халел Мақсұтов Нұржанның ісіне сәттілік тілеп, Алғыс хат пен естелік сыйлық тапсырды. Облыстық мәслихаттың депутаты Саят Оспанов аудан жастарының белсенділігіне ризашылығын білдіре келе, қаржылай тарту жасады. Нұржанның әр басқан қадамына тек қуанышпен қарайтын атасы Еркін аға да өзінің аталық лебізін жеткізсе, анасы Бақытгүл Жетібаева да осы кәсіпті ашуға қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Сағыныш ӘБІЛОВА
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.