Жаңа рейс: «Новосібір – Қарағанды – Новосібір»

    Халықаралық «Сарыарқа» әуежайында «Новосібір – Қарағанды – Новосібір» рейсінің ашылу салтанаты өтті. Қарағандылықтар үшін бұл Новосібір қаласындағы «Толмачево» әуежайынан шығатын рейстердің көптігімен тартымды болмақ. Ал, «Сарыарқа» әуежайының техникалық жағдайы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін барлық рейстерге қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Рейстер сейсенбі және сенбі күндері аптасына екі рет «Embraer 170»  әуе кемелері арқылы жүзеге асырылады. Қарағанды – Астана, Алматы, Өскемен, Шымкент қалаларынан кейін Новосібірмен тікелей әуе қатынасы бар бесінші қала. Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын «ИрАэро» әуе компаниясы шағын ұшақтармен Новосібірден Қарағандыға ұшуларды жүзеге асырған болатын. Иркутск қаласының халықаралық әуежайының құрамына кіретін ресейлік авиокомпания шығарған рейстер жолаушылардың аздығынан 2016 жылдың ақпан айынан бастап жабылып қалған.

Халықаралық Новосібір әуежайы – Еуропа мен Азия арасындағы маңызды бағыттарды жүзеге асыратын транзитті әуе торабы. Ішкі тораптардағы өткізу қабілеттілігі сағатына 1800 жолаушыға, ал халықаралық тораптар бойынша – 1300 жолаушыға шақталған.

«S7 Airlines» Оneworld® жаһандық әуе альянсының қатысушысы.  Мәскеу (Домодедово) және Новосібір (Толмачево) әуе-көлік тораптарының базасында құрылған ішкі бағыттардың желісіне ие, сонымен қатар, ТМД, Еуропа, Таяу шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азияға және Азия-Тынық мұхит аймағына тұрақты ұшуларды орындайды. 2007 жылы әуе компаниясы IOSA (IATA Operational Safety Audit)  операторларының тіркеліміне енгені туралы IATA ресми хабарламасын алған және Ресейдегі екінші әуе тасымалдаушысы. Ал, Қазақстан бойынша Қарағанды әуежайы – «S7» өзінің әуе рейстерін атқаратын тоғызыншы аймақ.

– Елбасы көлік және логистика сияқты экономиканың дәстүрлі салаларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударады. Новосібір-Қарағанды-Новосібір әуе бағытының бірінші тұрақты рейсі жолға шықты. Ресей – Қазақстанның стратегиялық маңызды экономикалық және саяси серіктесі. Екі ел арасындағы экономикалық серіктестікті есепке ала отырып, бірыңғай экономикалық одақ аясында Новосібір сияқты іскер әрі көлік орталығымен Қарағанды өңірінің байланысы маңызды рольге ие болмақ, – деп атап өтті Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есентаев.

Сәрсенбек КУШКЕНОВ, «Сарыарқа» әуежайы» АҚ басқарма төрағасы:

– «Сарыарқа» әуежайы мен  «S7» әуе компаниясы басшылығының бірлескен күшінің арқасында жаңа бағыттың ашылуына куә болдық.  1703 жылы Ұлы Петр Санкт-Петербург қаласының негізін салып, Еуропаға терезе ашса, Новосібір-Қарағанды-Новосібір әуе рейсінің ашылуы жолаушыларымызға Ресей Федерациясының басқа қалаларына, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жеткізетін  жаңа канал болатынына сенімдіміз. Бұл – екі елдің арасындағы достық қатынастың куәсі.

– Біздің компаниямыз Новосібір қаласынан күн сайын әлемнің барлық жерлеріне қырыққа жуық ұшулар жасайды. Енді Толмачев әуежайынан қарағандылықтар кез келген бағытқа ұшу мүмкіндігіне ие болды. Жаңа рейс «Embraer 170» шетелдік заманауи ұшақтарда атқарылады, дейді, – Орта Азия елдеріндегі «Сибирь» әуе компаниясының бас өкілі Александр Завражин.

Айта кету керек, әуе компаниясы қауіпсіздік тұрғысынан Халықаралық ұйымның тексеруінен өтіп тұрады.

Алғашқы рейске сатылған билеттердің жалпы саны елу пайыздан асқан. Билет құны сатып алу уақытына байланысты, яғни, бірнеше ай бұрын сатып алынған билеттер құны бір апта бұрын алынған билеттермен салыстырғанда бірнеше есе арзанға түседі.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.