Жаңалықтар

Жаңа оқу жылындағы жаңа мүмкіндіктер

Кеше облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен аймақтағы білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. Онлайн форматта өткен іс-шараға Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, Білім және ғылым министрінің Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Раиса ШЕР, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА және аймақтағы білім саласының басшылары мен қызметкерлері қатысты. Жиында жаңа оқу жылына арналған облыстың білім беру жүйесінің стратегиялық бағыттары, оқытудың штаттық режиміне қайта оралу мәселелері талқыланды. Кеңес санитарлық талаптардың қатаңдатылуына байланысты «Saryarqa» телеарнасы мен YouTube каналынан тікелей эфирде көрсетілді.

Облыста Оқушылар сарайы ашылады

– Өткен жыл экономиканың барлық салалары сияқты, білім саласы үшін де оңай болған жоқ. Дегенмен, бұл шектеулер бәрімізге жаңа жағдайда жұмыс істеуді үйретті. Нәтижесінде оқу жылын сәтті аяқтадық. Алға қойған басты міндеттерге де қол жеткіздік. Жақсы нәтижелер бар. Бұл – ортақ еңбектің жемісі. Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында білім беру жүйесінің алдында көптеген өзекті міндеттер тұр. Әрине, бір-екі жыл ішінде барлық жинақталған проблемаларды шешу мүмкін емес. Сондықтан, оларды басым бағыттар бойынша іске асыратын боламыз, – деді Жеңіс Махмұдұлы. Биыл білім саласын жетілдіру үшін облыстық бюджеттен 40%, яғни 182 млрд. теңге бөлінген. Инфрақұрылымды да дамыту мәселелері назардан тыс қалған емес. Бүгінгі таңда 11 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 8 нысан жұмысын бастайды. Оқу жылы қарсаңында 164 білім беру нысанын жөндеуден өткізу үшін 6,3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен қатар, қаңтардан бастап білім ошақтардың барлығында бейнебақылау жүйесі жаңартылмақ. Тағы бір айта кететін жайт, 1 қыркүйектен бастап облыс орталығында жаңа Оқушылар сарайы өз жұмысын бастайды.

Сабақтың 45 минут ұзақтығы қайтарылды

– Әлемнің қай елін алып қарасаңыз да оқушылардың білім деңгейі түсіп кетті. Енді бәрі қайта қалпына келтіру үшін қолдан келгенін жасауда. Біз де елдегі жағдайды назардан тыс қалдырмадық. Және қажеттіліктерге дер кезінде шара қолданып келеміз. Онлайн оқу оқушының психологиясына кері әсерін тигізбеу үшін оларға төмен баға қойылмады. Ақпараттық талдау орталығы елдегі қашықтан білім беруге мониторинг жүргізген болатын. Нәтижесінде, оқушылар жаңа тақырыпты түсіну барысы қиынға соққанын айтады. Сонымен қатар, құрылғылармен жұмыс істегенде физикалық тұрғыда қиыншылықтар болғанын жасырмады. Мұғалімдер оқу үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс істеуде қиын болғанын, ал, ата-аналардың басым бөлігі мұғалімсіз оқушының жаңа тақырыпты меңгеруі мүмкін еместігін жеткізді, – деді Ғани Бейсембаев.

Пандемия кезінде мектептердің 60%-дан астамы штаттық, 30%-ға жуығы қашықтан оқыды. Соған қарамастан онлайн платформалардың көп түрі білім берудің барлық деңгейінде қолданылды. Оқу процесінде дайын оқу құралдары мен теледидардың қызметі артты. Ұлттық білім академиясының қызметкерлері 1-11-сынып оқушыларын қашықтан оқытуды ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік нұсқауларды әзірлеп, телесабақтарға сараптама жасауға белсене ат салысты. Нәтижесінде қосымша білім беру ресурсы ретінде 13 580 телесабақ әзірленіп, цифрлық платформаларда жарияланған. – Кемшіліктердің орнын толтыру мақсатында жазғы мектептер жұмыс істеді. Оған 1 миллионнан астам оқушы қатысқан. Сондай-ақ, Тамыз конференциясы аясында 9 мыңнан астам бастауыш сынып мұғаліміне күрделі тақырыптарды түсіндіру бойынша 6 семинар өткізілді. Бүгінгі таңда әр оқушының білім деңгейін көтеру үшін біршама жұмыстарды қолға алдық. Біріншіден, сабақтың 45 минут ұзақтығы қайтарылды. Мұғалімнің сабақ жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа қысқарттық. Алдағы оқу жылында жазғы мектептер қайта жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында әр педагог өзі сабақ беретін оқушылармен тығыз жұмыс жасауы керек. Сонда ғана білім саласындағы олқылықтардың орны толады, – деді Ғани Бектайұлы.

Облыста білікті мамандар қат

Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға айрықша көңіл бөлінуде. Сол үшін мемлекеттік тапсырыс құнын 66 мыңнан 78 мың теңгеге дейін көтерген. Жыл соңына дейін балабақшаларда 12 инклюзивті топ ашу жоспарланып отыр. Биыл біліктілікті арттыру курстарынан 330 педагог өтіпті. Ал, оның 11%-ы – инклюзивті білім беру саласы бойынша. Айта кетейік, облыста «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша кадрлар даярлайтын 6 колледжде 1 146 жас білім алуда. Биыл мемлекеттік тапсырыс есебінен 685 орын бөлінбек. Жақын арада мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтарын даярлау процесіне бірқатар өзгерістер енгізілмекші. –

Пандемияға байланысты екінші жыл қатарынан Мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерінің 48%-ы ата-аналарымен үйде отыруға мәжбүр. Осы санаттағы балалар үшін жаңа оқу жылында «Онлайн-мектепке дейін» жобасымен жұмыс бастауды көздеп отырмыз. Мұғалімдер 40 минут болатын онлайн сабақтар өткізеді. Содан соң ата-аналарға оқушылардың өз бетімен дайындалуға арналған сабақ жоспарын жібереді, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Шабданқызы. Мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын қадағалау үшін «Colibri» мобильді онлайн рейтингі енгізілді. Бұл қосымша арқылы ата-аналар мектепке дейінгі ұйымның жұмысы туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар, облыста білікті кадрлар қат. Мамандардың орнын толықтыру үшін жан-жақты жұмыстар атқарылуда.

Көркем әдебиет оқулықтары жетіспейді

– Мектептердегі дәстүрлі оқу процесінің тоқтауы – білім деңгейінің төмендеуіне әкелді. Ел арасына індет тарап, онлайн форматқа көшкенімізде, функционалды сауатсыздығымыз көрініп қалды. Дүниежүзілік ұйымдардың деректеріне сәйкес пандемия кезіндегі елдегі білім көрсеткіші PISA шкаласы бойынша 8 балға төмендеуі бек мүмкін. Осы жайсыздықтың алдын алу мақсатында Мемлекет басшысы оқушының білімдегі олқылығының орнын толтыру мақсатында тапсырма берді. Сол бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Гүлсім Қожахметова.

Мәліметтерге сүйенсек, өткен оқу жылында 6, 8, 10-сыныптарының 73 мыңнан астам оқушысы қашықтан білім алған. Ал, 1-5-сынып, 9 және 11-сынып оқушыларының оқу форматы аралас өтті. Бүгінгі таңда оқушылардың білімін жаңарту бойынша кешенді жоспар әзірленді.

Аймақтағы өзекті мәселенің бірі – көркем әдебиет оқулықтарының жетіспеушілігі. Бүгінгі таңда кітап оқымайтын жастардың үлесі – 79% құрайтын көрінеді. Бұған PISA–2018 зерттеу нәтижелері дәлел. Оқу сауаттылығын бағалау бойынша қазақстандық оқушылар 79 қатысушы елдің ішінен 69-шы орынға табан тіреген. Осы мәселені шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде аймақта «Оқуға құштар мектеп» жобасы әзірленді. Оны жүзеге асыруға биыл 300 млн. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Мектеп кітапханаларының материалдықтехникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінбек.

– Барлық мектептерде «Оқу сағаты» енгізілді. Оның аясында аптасына бір рет мұғалімдер мен оқушылар арасында ұзақтығы 15 минуттан бір сағатқа дейін кітап оқу ұйымдастырылады. Оқу жылының басында жоспар бойынша әр сыныпқа оқуға қажет кітаптардың тізімі беріледі. Содан кейін оқушылар оқығандарын талқылап, пікір алмасады. Жаңа оқу жылында «Кітапхана сабақтары» жаңа жобасын іске асыруды бастаймыз, – деді білім басқармасының басшысы.

Басшылар құрамы қайта оқытудан өтеді

Кез келген мекеменің тірегі – білікті басшы. Ал, басшының бәсекеге қабілетті болуы – заман талабы. Егер басшы орынына лайық болмаса, қат-қабат мәселелерден аяқ алып жүруі екіталай. Осыған байланысты білім беру мекемелерінің басшылар құрамын қайта оқытудан өткізбекші. Биылғы жылы басшылар жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында ротация институты енгізіледі. Ротация өткізу барысында атестаттаудың қорытындысы да есептеледі.

– Өткен оқу жылында 243 маман арнайы курстан өтті, соның 12-сі директордың бос орнына жарияланған конкурсқа қатысып, 10-ы директор болып тағайындалды. Өздеріңіз білетіндей, кейінгі уақытта педагогтардың еңбекақысы едәуір жоғарылады. Бірақ, директорлардың жалақысы өзгеріссіз қалған болатын. Биылғы оқу жылында директорлар мен директорлардың орынбасарлары аттестаттаудан өтті. Аттестаттаудың қорытындысы бойынша 646 директор мен орынбасарларына біліктілік санаттары берілді. Әрбір біліктілік санаты үшін 30-дан 100%-ға дейін үстемеақы төленіп отыр, – деді Гүлсім Шабданқызы.

Сонымен қатар, жиын соңында аймақ басшысы жаңа оқу жылында бірге шешуге тиіс негізгі міндеттерді атап өтті.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button