Бас тақырыпОблыс әкімі

Жаңа нысан – жұрт игілігіне

Өткен жұма күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағанды қаласының ОңтүстікШығыс ауданында бой көтерген жаңа Неке қию сарайында болып қайтты.

Бұл игі шараға себепкер болған басты қаһарман – Болат Қожақпаев есімді кәсіпкер. Ол Шахтерлер даңғылы, 2/1 мекен-жайында орналасқан «Ақ сарай» деп аталар алып нысан тұрғызып, «Алтын зал», «Күміс зал» сынды той өткізу орындарымен қатар, еңсесі биік, сәулетті, зерлі Неке қию залын да орналастырыпты. Бұл аз десеңіз, Қарағанды қаласы, Қазыбек би ауданының АХАТ бөліміне 270 шаршы метрді құрған орынды он жылға тегін беріп отыр. Кәсіпкер мен Қазыбек би ауданы әкімдігі арасындағы келісімге 6 маусымда қол қойылды.

Сөйтіп, жоғарыда аталған «Алтын зал» сыйымдылығы 500 адамға дейін жетсе, «Күміс зал» 400 орынды құраған. Сонымен қатар, Неке қию залының аумағы – 162 шаршы метр. Ғимарат ауласының кеңдігі сол, 500 жеңіл көлікті сыйдыра алады. Өз кезегінде, жалпы аумағы 16,5 мың шаршы метрді құраған ғимарат құрылысы 2015-2018 жылдар аралығында жүргізіліп, құны 2 950 млн. теңгеге жеткен.

Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы алдымен неке қию залына табан тіреді. Мұнда Марат және Дәмен Тәжетденовтер отасқандарына 50 жыл толғанына орай «Алтын тойларын» атап өтіп жатса, 25 жыл бір шаңырақ астында бас қосқан Анатолий мен Елена Сприндер отбасы «Күміс тойын» тойлауға келіпті. Ал, осы күні үй болуға бел буған Дидар Молдабеков пен Әйгерім Батырбекова отбасылық алғашқы құжаттарына қол қойып, салтанатты түрде неке қиды.

– Бүгінгі қуаныш иелерін мен де шын жүректен құттықтаймын. Отбасы берік мемлекеттің іргесі де берік болмақ. Міне, бір шаңырақ астында жарты ғасырға жуық қол ұстасып, өмір жолында қатар келе жатқан азаматтарды көрудің өзі бір бақыт. Сіздер – жастарға үлгі болмақсыздар. Сіздерге қарап ертеңгі буын бой түзеуі тиіс. Сондықтан, жаңадан ашылып жатқан неке қию залы талай жастың өмірдегі ең бір жарқын, ең бір ұмытылмас сәттеріне себепкер болады деп сенемін. Бұл жай ғана қалаға жасалып отырған сыйлық емес. Бұл патриоттықтың және меценаттықтың, жақсы еңбектің үлгісі. Еліміздің әр тұрғыны, әр кәсіпкері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуы өте маңызды, – деді Ерлан Қошанов

Расымен, мұндай сәулетті неке қию залын қарағандылықтар көптен бері арман еткені жасырын емес. Тиісті орынға өтініш жазып, кең сарай талап етпесе де, көптің көңілінде жүрген бір тілек орындалды деп білеміз.

– Осыдан тура жарты ғасыр бұрын Дәмен екеуіміз отасқанда кейін дәл мұндай керемет нысан бой көтерерін болжап та білмеген едік. Не керек, Майқұдықтағы әкемнің қара шаңырағында үйлендік. Ол кезде осындай сәулетті ғимараттар, әсем неке қию залдары жоқтың қасы. Болса, бәлкім біз де тойымызды осы тектес шырайлы шаңырақта өткізер ме едік. Кім білсін?! Дегенмен, бізге бұйырмаған бақ бізден кейінгі ұрпаққа бұйырғанын көріп, мен де қуанып тұрмын. Жерлестеріміз үшін бұл үлкен оқиға болды, – деді Марат Тәжетденов.

Бұдан әрі аймақ басшысы осы ғимараттағы АХАТ бөліміне ат басын бұрды. Жаңа ғимаратқа бой үйретіп жатқан қызметкерлердің жағдаймен танысып, қажеттіліктеріне құлақ түрді. Әрине, жаңа нысан кімнің болсын көңіліне жылылық ұялатары белгілі. Оны қызметкерлер де жеткізіп жатты.

Өз кезегінде, бұл АХАТ бөлімі тұрғындарға 9 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Яғни, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды тіркеу, соның ішінде, азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу, қайтыс болуды тіркеу, соның ішінде, азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу, азаматтық хал актілерінің жазбаларын қайта қалпына келтіру, неке қиюды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу, некені бұзуды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу, бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу, әкелікті анықтауды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу, бала асырап алуды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу, азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер немесе анықтамалар беру.

Сонымен қатар, аталған АХАТ бөлімі ҚР Әділет министрлігінің 2018 жылғы 15 сәуірдегі және ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 2018 жылғы 5 сәуірдегі бірлескен бұйрықтары негізінде «Пилоттық жобаны» қолға алуда. Қазіргі күні жоғарыда аталған мемлекекттік 9 қызмет түрі бойынша 14297 қызмет көрсетілсе, соның ішінде пилоттық жоба бойынша 487 қызмет көрсетілді. Бұл жоба көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 3 турын қамтиды. Яғни, бала тууды тіркеу, қайтыс болуды тіркеу және некені бұзуды тіркеу. Бұрын бұл құжаттар 3 жұмыс күні аралығында әзірленетін болса, енді небәрі 3 сағат көлемінде дайын болады.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button