Жаңа мыңжылдық металы

Жезқазған өңірінің ен байлығын ел игілігіне айналдыру, кемел келешегіміздің негізін бүгіннен қалап, экономикалық қуатын арттыру арқылы тәуелсіз мемлекетімізді дүние жүзіндегі дамыған елдермен терезесі тең өркениетті елге айналдыруға сүбелі үлес қосу – елін сүйер, Отанының баянды болашағына деген сенімі мол әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Орталық Қазақстанның прогноз-металогениялық картасын жасағанда Жезқазған өңірінде мол мыс қорынан тысқары, оның сарқылмас қазынасы – кен жыныстарының құрамында сирек кездесетін түсті металдардың қоры бар екендігін ғылыми жолмен дәлелдеп шыққан еді. Яғни, 21 түрлі химиялық элементті, атап айтқанда, қорғасын, мырыш, алтын, күміс, молибден, сурьма, селен, теллур, рений, осмий және басқалары сияқты бағалы металдарды өндірістік жолмен бөліп алу арқылы, кен өндіруден түсетін қыруар байлықты еселей түсуге болады. Осы аталғандардың ішінде, ғалымгеологтардың деректері бойынша бүкіл жер шарындағы ренийдің 30%-ы, ал осмий-187 изотопының 99%-ы Жезқазған мыс кендерінің құрамында шоғырланған екен. Ендеше, басқасын былай қойғанда, осы екі металдың қоры бойынша әлемдегі монополист – Жезқазған.

Еліміздің сан салалы өндіріс орындарына қажетті осынау сирек металдардың химиялық таралу заңдылықтарын зерттеу, кен құрамындағы рений және осмий сияқты құпиясы мол металдардың үлесін анықтап, оларды өндіруді жолға қою бағытында көптеген ғылыми мекемелер мен институттарда ғылыми ізденістер мен зерттеу шаралары үздіксіз жүргізіліп отырды. Жезқазған кен қорында рений, осмий сияқты бағалы металдардың бар екендігін зерттеп, алғаш анықтаған Қ.Сәтбаевтың серіктестері – көзіқарақты ғалымдар С.Калинин, Т.Кошкина, Э.Файн кендегі негізгі минералдардың көлемі ұлғайған сайын ренийдің мөлшерінің де өсіп отыратындығын ғылыми негізде дәлелдеді. Кейіннен осы мәселені зерттеу ісіне ғалымдар Е.Аркаев, К.Жаминов, Л.Наркелюк, Е.Поплавка және М.Сәтбаева да мүдделі түрде ден қойды.

Ал, енді осмий жайында тереңірек сөз қозғасақ, мыс кені құрамында кездесетін бұл сирек металдың ерекшеліктерін алғаш зерттеген ғалымдар – Қазақстан Ғылым академиясының академигі, геология және минерология ғылымдарының докторы С.Калинин мен химия ғылымдарының докторы Э.Файн болатын.

Осмий Жезқазған мыс кені жыныстарының құрамында рений изотоптарының бір түрі ретінде кездеседі. Ренийдің екі изотоптан – рений-185 және рений-187 изотоптарынан тұратыны, олардың табиғи ренийдің құрамында, тиісінше, 37,07 және 62,93 пайыз көлемінде болатындығын, рений-187 изотопы 75-атомнан кейін ыдырап, 76-атомында осмий-187 изотопы құрылатындығын дәлелдеген ғалымдар оны өндіріске енгізу технологиясын игеру қажеттілігіне назар аудартқан. Бірде Жезқазғанға іссапармен келген С.Калинин осы зерттеулер жайлы айта келіп, «Жезқазған мыс кенінің құрамындағы сирек металдар мұндай мөлшерде басқа жерлерде кездесе бермейді. Бұл табиғаттың сендерге беріп отырған сыйы» деген еді.

1973-1975 жылдары Жезқазған мыс зауытында тәжірибелік қондырғылар орнатылып, шайылған күкірт қышқылынан аммоний перренатын (рений тұзы) өндіру қолға алынды. Ал, 1976 жылы сирек металдар цехы іске қосылды. Сирек металдар цехының алғашқы басшысы болып білікті маман Любовь Васильевна Загорулько тағайындалып, бірқатар жылдар цех жұмысын жүйелі жүргізді. Ол кісі көптеген мамандарды тәрбиелеп шығарды, олардың қатарында инженер-металлургтер ерлі-зайыпты Николай және Наталья Перфильевтер, Б.Кішібеков, Б.Жалмағанбетов, М.Әбенов, жұмысшы-аппаратшылар А.Кундиков, Ю.Ермаков, В.Черемных, С.Мырзатов, Р.Күнеділов, Л.Сотникова, В.Шатохин және тағы басқалары бар. Шайылған күкірт қышқылынан экстракциялық технологиямен перренат аммоний өнімін алуды алғашқы болып игерген де осылар болатын. Цех инженерлері мен жұмысшыларының қажырлы еңбегі Үкімет тарапынан ескерусіз қалмады. Экстракциялық технологияны өндіріске енгізіп, толық игерілуін қамтамасыз етуге қол жеткізгені үшін цех бастығы Л.Загорулько Кеңестер Одағы Министрлер Кеңесі сыйлығының иегері атанса, А.Перфильев Кеңестер Одағы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен марапатталды.

1991-2001 жылдар аралығында сирек металдар цехы ғылыми-тәжірибелік алаңға айналды деуге толыққанды негіз бар. Кәсіпорында өндіріс қалдықтарынан сирек металл өнімдерінің жаңа түрлерін өндіру жолында ғылыми-зерттеу іс-шаралары одан әрі жалғасып, жүйелі жүргізілуіне Қазақстан Ғылым академиясының академигі Е.Пономарева, техника ғылымдарының докторы З.Әбішева, химия ғылымдарының докторы Загородняя, техника ғылымдарының кандидаты Л.Агапова, геология институтынан техника ғылымдарының докторы Э.Файн, техника ғылымдарының кандидаты М.Мадин, Қарағанды химия-металлургия институтынан техника ғылымдарының докторы Т.Оралов, техника ғылымдарының кандидаты Б.Хасен, техника ғылымдарының докторы С.Исабаев және тағы басқалары көп еңбек сіңірді. Олардың жетекшілік жасауымен сирек металдарды өндіру көлемін арттыру мен сапасын одан әрі жақсарта түсуге қатысты ауқымды бағдарлама жасалып, бекітілді. Мақсатты негізде үздіксіз жүргізілген жұмыстарымыз өзінің нақты нәтижесін берді, атап айтар болсам:

-1991 жылы қазан айында электородиализ қондырғысы орнатылып, өндіріс қалдығынан рений қышқылы алғаш рет алынды;

-1992 жылы Қорғасын шаңынан қорғасын суригі алынды;

-Жезқазғанда 1995 жылдың 15 мамырында тұңғыш рет таза осмий-187 металы алынды;

-1998 жылы желтоқсан айында бірінші рет ренийдің таза металы алынды;

-1999 жылы өндіріс қалдығынан (свинцовый кек) үш негізді қорғасын сульфаты алынды және осы қалдықтың құрамындағы рений мен осмийді қосымша алуға қол жеткізілді;

-2000 жылы мамыр-маусым айларында шайылған күкірт қышқылынан ренийді өндіру (шығарып алу) көлемін жоспардағы 45%-дан 67%-ға жеткіздік, бұл – сол кездегі үлкен өндірістік көрсеткіш болатын.

Республикалық деңгейдегі ғылымизерттеу институттарының ғалымдары мен сирек металл өндірісі қызметкерлерінің бірлесіп атқарған ғылыми жұмыстарының нәтижесі бойынша 22 жұмысқа Қазақстан Республикасының авторлық куәлігі беріліп, патенттелді. Шетелдік және отандық басылымдарда 70-тен аса ғылыми мақалалар мен баяндамалар жарияланды. Өндірістен қол үзбей жүріп, сирек металл саласының төрт қызметкері тақырыптық мазмұндағы диссертацияларын сәтті қорғап, техника ғылымдарының кандидаттары атанды: Н.Перфильев (1992 ж.), Т.Бүкіров (1998 ж.), З.Әбдірахманова (1998 ж.) және М.Абайдильдинов (2001 ж.).

Бүгінгі күні сапалы рений өнімдері мен осмий металын шығару арқылы Тәуелсіз Қазақ еліне ғана емес, әлемге танымал болған «Жезқазғансирекметалл» кәсіпорны ырғақты жұмыс атқаруда. Кейінгі кезде мыс зауытының бір жылға тоқтап қалуы мен жартылай қуатымен ғана жұмыс істеуі аталған кәсіпорын шығаратын өнімдер көлемінің азаюына, тиісінше, экономикалық жағдайының ауырлауына айтарлықтай әсерін тигізген болатын. Қазір сирек металл саласы басшылық құрамының дер кезінде тиімді шаралар қолдануының арқасында кәсіпорын ырғақты жұмысын жалғастыруда. 2018 жылдың соңына таман Жезқазған мыс зауытының толық өндірістік қуатына енгізілді. Бұл өз кезегінде «Жезқазғансирекметалл» кәсіпорны өндіретін өнімдерінің көлемі еселеп артуына жағымды ықпал жасайтын болады.

Соңғы жылдары әлемде рений мен басқа да сирек металдар өнімдеріне сұраныс артуда. Бүгінгі күні өндіріс қалдықтарынан рений, осмий және басқа да сирек металдарды өндіру мүмкіндігі толық пайдаланылмауда, олардың бірқатар көлемі, нақтылай түссек, қорғасын шаңының құрамындағы рений мен осмий өндірілмеуде.

Жезқазған мыс кенімен келетін рений мен осмийдің 50%-ға жуық көлемі кенді өңдеу процестерінде байыту фабрикасы қалдықтарының құрамына өтеді. Сирекметалл өнімдерінің көлемін арттыру мақсатында оларды өндіріс қалдықтарынан толығымен алу жолдары ғалымдармен бірлесе отырып жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы еңсерілсе, тиімді нәтижелер беретіні анық.

Ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда егемен елімізде өндірілетін негізгі металдармен бірге кен жыныстарының құрамында кездесетін сирек металдарды толығымен өндіру және оны өңдеу – заман талабы.

Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев жер қойнауынан алынатын кендерді кешенді түрде өңдеп, оның құрамындағы негізгі металдардан басқа да элементтерді концентрат, қышқылдар, түрлі қоспалар, металдар түрінде толығымен өндіріп, халық игілігіне жарату қажет екендігін кейінгі ұрпаққа аманат ретінде тапсырған. Ал, аманатқа адал болу – қастерлі борыш.

Төлеген БҮКІРОВ,

ардагер металлург, техника ғылымдарының кандидаты.