Руханият

Жаңа өмір, жаңа күнмен қауышу

Қарағандыда тұңғыш рет көрісу күні тойланды. Арқа мәдениетінің ақсарайы атанған Сәкен театрында осыны негізге ала отырып ұйымдастырылған «Амал деген айыңыз…» атты өнер жәрмеңкесінде ел-жұрт есендік сұрасып, арқа-жарқа болды. Ұлттық құндылығымыз шеру тартқан көрме де, Көрісу күні көрініс тапқан театрландырылған қойылым да ерекше әсер сыйлады. Сәні мен салтанаты келіскен кештен көпшіліктің жаны жадырап, рухы аспандап тарқасты.

Cуреттерді түсірген Ерасыл БАЗЫЛОВ

Бұл өнер мерекесі облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткенін әуел баста айта кеткеніміз жөн. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы да кештің мазмұнды өрбуіне өз үлесін қосты.

Жеті қазына түгенделген көрме жәрмеңкеге жиналған жұрттың көзайымы болды. Белгілі суретшілердің туындыларын тамашалады. Бүркітін балдағына қондырып, тазы жетектеген құсбегі, аңшылармен қуана қауышқан меймандардың жүзінен жылылықты, көзінен далаға деген сағынышты анық аңғаруға болады. Қолөнершілер мен зергерлер өздерінің төл туындыларымен сауда сәнін келтірді. Мәре-сәре күй кешіп жүрген жұртты кеш тізгіншісі, ақын Ерқанат Кеңесбекұлы сахнаға қарай шақырғаны сол еді, ортаға жігіттер «Қарағанды – қайнаған қара қазан, Бастайын мен де шырқап жарапазан», деп әуелете шырқап шығып, Жер Ананың жаңарғанын, жылдың аман жеткенін жырларына қосты.

Мерекелік кездесудің шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қауымды Амал мерекесімен құттықтады.

– Ырымшыл халықпыз ғой. «Ай көрдім, аман көрдім. Баяғыдай заман көрдім. Ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа» деген қазақтың баласымыз. Бабаларымыз бұл күнді ежелден ерекше көрген. Амал мерекесін әз Наурыздың бастауы деп білеміз. Самарқанның көк тасы жібитін, елдің пейілі кеңейетін, дүние кеңейіп, жарықтың молаятын ерекше кезі. Абайша айтсақ: «Қырдағы ел ойдағы ауылмен шұрқырай табысып, көрісетін күн». Бұл, қол алысып, кеуде түйістіретін күн деп ойламаймын. Көңілдің кеңейетін, жоқ-жітікке қарайласатын қайырымдылық айы. Араздың татуласып, алыстың жақындайтын күні. Баршаңызды осы бір мерейлі мейраммен құттықтаймын, – деді Ерлан Бейсембайұлы.

Одан әрменгі құттықтау сөзді құрметті қонақтар жалғады. Ғасыр адамы, белгілі ғалым Темірғали Көкетаев Амал мерекесінің таным мен тағылымына терең тоқталды. Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы Арқа жерінде бұл мейрам ертеде тойланғанын, қыстан аман шыққан елдің есендік сұрасатынын айтып, қайта жаңғырып жатқанына батасын берді. Ал Астанадан арнайы келген Ғалым Жайлыбай Қарағанды руханияттың үлкен ордасына айналып келе жатқанына тоқталып, елді сағынып, асығып жеткенін жеткізді. Шайырлар бір-бір өлең оқып, жұртшылықты жаңа жасымен құттықтады. Алматыдан келген жазушы, драматург Думан Рамазан сөзін түйіндей келіп, Қарағандының рухани құндылықты жоғары бағалап жүргеніне ризашылығын білдірді.

Жәрмеңкенің салтанатты ашылу рәсімінен соң, қонақтар театрдың кіші залына жол тартты. Арқаның жас өнерпаздары мен ақындардың қойылымын көрермен жылы қабылдады. Арқа ақындарының да театрдағы өнері тамаша шықты. Сахнада құрылған киіз үйде ән мен жыр айтылды, күй төгілді, мәртебелі өлең оқылды. Ойын да ойналды.

…Ер-тұрманын түгендеп отырған Ахай ақсақалдың ақбоз үйіне көрші ауылдан Оразбай ақсақал бәйбішесімен амандық сұрасып кіріп келеді. Үй иесі алыстан ат арытқан мейманның алдынан ақ алып шығатын дәстүрдің бар екенін, алайда Ораза айы болғандықтан ауызашарға қалуын өтініп, қазанға ет салдырады. Ақсақал көрісуге келген меймандардың құрметіне Ауылдың алты ауызын айтсын деп немересін жүгіртіп жіберіп, өнерпаздарды шақыртады. Осы мезетте ақындар Қойлыбай Асан, Серік Сағынтай, Қайрат Асқар үйдегілер көрісіп, төс қағыстырады. Ақсақал ақындарға «Мына кәрі құлағымыз жыр аңсайды. Арқада Ақсұңқарұлына ерген қырық ақын бар деуші еді. Қойлеке, жыр додасын өзің бастап бер», деп қолқа салады. Бір-бір өлеңдерін оқып беріп, әрмен қарай ауыл жұртымен көрісуге өтінішін алады. Көңілі марқайған үй үлкені қос қонаққа тай сойғызады.

Көп ұзамай ауылдың алты ауызы да келеді. Әншілер Саян Мұздыбай, Шыңғыс Сәрсенбай, Саян Бөдес, Нұрлытаң Саятқызы және күйші Мадияр Сүлейменов ортаны думанға бөлейді. Ән мен күй кезек жалғанып жатқанда Оразбай ақсақалдың ауылынан ақындар Ерқанат Кеңесбек, Салтанат Смағұлтегі, Жәлел Қуандықұлы, Салтанат Қайырбек келіп, өлеңдерін оқып, өнерлерін көрсетеді. Ақсақалдар ауылды аралауға кетіп, жастар думан кешін әрі жалғайды. Қауышуға келген әншілер Қуандық Төкен мен Арайлым Жүкенова да әндерін салып, ортаның көрігін қыздырады. Өнерпаз жастар Қаражорға биін жарыса билеп жатқанда үйдің үлкендері кіріп келіп, қос ақсақал иықтарын қозғалтып, биге кірісе кетеді. Кемпірлері қой-қойға басып, қақпайлап алады. Өстіп арқа-жарқамен кеш те батып, ауызашардың уақыты кіреді. Осы мезетте мейман Оразбай ақсақал бата жасайды.

Міне, осылайша көрші-қолаңның, ағайын-туыс пен дос-жаранның бір-бірімен риясыз көрісуін шынайы сомдап шығады. Қойылымдағылардың бір-бірімен жарасымды әзілі, астарлы әңгімесіне ел қошемет көрсетіп отырды.

– Кешіміздің атауы қазақтың классик ақыны Есенғали Раушан ағамыздың кітабымен аттас. «Амал деген айыңыз…». Бұл да – бір нышан. Осы бір іс-шараның өтуіне қолдау көрсеткен облыс басшылығына, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакеновке, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының әдістемелік орталығының басшысы Индира Қанафинаға мың алғыс айтамыз. Және бір мықты менеджер Асхат Қажытайға ризашылығым бар. Арқаның ақтаңкер әншілері мен бірегей ақындары кәсіпқой актерлармен бір сахнада, тең дәрежеде өнер көрсетті деуге болады. Илегеніміз бір терінің пұшпағы, қазақтың өшкенін жандыру, өлгенін тірілту. Осы қастерлі жұмыста білегіміз талмасын, жүрегіміз солмасын, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Жанат Жаңқашұлы.

Осылайша, өнер жәрмеңкесінен жиылған жұрттың жаны семіріп, көңілі серігіп қайтты. Ұйымдастырушылар «Алдағы жылы Амал мейрамын бұл кештен артық қып атап өтпесек, кем өткізбейміз», деп отыр. Олай болса, келесі Амал мерекесінде амандықпен кездесейік.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button