ЖАҢА ӘЛІПБИ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл баршамыз үшін көңіл қуантарлық тарихи оқиға.
Мәселенің мәнісіне үңілсек, қазақ әліпбиінің тарихы тым тереңде жатыр. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, ата-бабаларымыз орта ғасырлар кезеңінде «Орхон-Енисей» руникалық жазуын, 20-шы ғасырға дейін араб әліпбиін қолданып келгені баршаға аян.
Қазіргі қолданып жүрген кириллица әліпбиіне дейін 1929-1940 жылдар аралығында біздің еліміз латын қарпін іс-қағаз құжаттарында, әдебиет, мәдениет және басқа да барлық салаларда пайдаланғаны тарихтан белгілі. Осының бір айқын да, қарапайым ғана дәлелі ретінде Ақтоғай ауданының мемлекеттік архив қорында сақтаудағы құжаттардан анық аңғаруға болады. Мәселен, атап айтар болсақ, 1928-1934 жылдардағы ауылдық кеңестің сайлау құжаттары, ауыл совет депутаттарының сайлау алдындағы есебі, 1930 жылғы Қоңырат аудандық ауылдық кеңес отырыстарының хаттамалары, 1933-1940 жылдардағы аудандық қаржы бөлімінің жеке құрам бойынша берілген бұйрық кітабы, 1935 жылғы Қоңырат аудандық прокуратурасының жылдық статикалық есебі, 1938-1939 жылдардағы мектеп бітірушілер куәлігі, 1939 жылғы мектеп төл құжаты, 1939-1940 жылдардағы оқушылардың үлгерімдік қатысуы бойынша жылдық есебі, 1939-1940 жылдардағы бастауыш мектепті аяқтау жөніндегі жылдық есебі. Осы құжаттарға қарап отырып, 1929-1940 жылдары барлық іс-қағаздардың латын қарпінде жазылғанын көріп отырмыз. Демек, бұл латын әліпбиі тәжірибемізде бар. Біршамасын оқып көріп едік, түсінуге болатынына көз жеткіздік.
Жоғарыда айтылған әліпбилердің өзгерістері діни, саяси себептерден туындағанын анық аңғаруға болады. Ал, бүгінгі жағдай – заман талабы. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, 21-ші ғасырдағы ғылым және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты болып отыр. Сондықтан да, латын қарпін жатсынбай, тез меңгеруге болатынын тарихтың өзі көрсетіп отыр.
Қанат ЖОЛДАСОВ,
«Ақтоғай ауданының
мемлекеттік архиві» КММ
басшысы.