Жаңа дәуір технологиясы
ҚарМТУ-дың оқытушысы NURINTECH республикалық жастар инновациялық жобалар байқауының жеңімпазы атанды. Сайысқа ғылыми-инновациялық маңызы басым 1000-нан астам жоба ұсынылған.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас зерттеушілерді желтоқсан айының соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед құттықтады.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Нанотехнологиялар және металлургия» кафедрасының оқытушысы Ербол Шабанов осы байқаудың «Үздік жас ғалым» аталымы бойынша І орынды жеңіп алып, 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Металл қорытпаларын ерітудегі жаңа ресурс үнемдеу технологиясын ойлап шығарған Ербол аталмыш жобасымен көптен ерекшеленген. Металдардың ішкі құрылымын, бір-бірімен байланысын зерделепті. Қаражатты тың жобаларға жұмсайтынын айтады.
Сайыста еліміздің экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін үздік жобалар көп болған. Оған қоса, бақ сынаған өнертапқыштар «Әлеуметтік маңызды инновациялар», «Техностарт», «Үздік жас ғалым», «Жастардың инновациялық жобасы», «Перспектива» аталымдарында сайысқа түскен. Сондай-ақ, жас ғалымдар латын қарпіне көшуге арналған бағдарламалар, нанотехнология және биотехнология, өнеркәсіптік және құрылыстық технология, агроинновация, ІТ және авиағарыш технологиясы, медицина, фармация, табиғатты тиімді пайдалану ресурстарына қатысты ғылыми тақырыптарды зерттепті. Ресурсты үнемдеу, робототехника, жол қозғалысының қауіпсіздігі, үздік лайфхак, 3D баспа және жаңа материалдар, гаджеттерге арналған мобильдік қосымшалар да сайыс барысында талқыға түскен.
Аяулым СОВЕТ