Жаңа бастама – жаңа қадамға жетелейді

Кеше Достық үйінде облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Төртінші онжылдықтағы Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында өңірлік жастар форумы өтті.

Кездесуге Абай ауданы Қарағанды ауылдық округінің жас әкімі Владислав Кирей, тележурналист Жанбота Рахметоллаұлы, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының түлегі, PhD докторы Лаура Жолдасова арнайы қонақ ретінде шақырылды. Жиынға қатысушылар жастар бастамасын жүзеге асырудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздің жеткен жетістіктері туралы сөз қозғалды.

– Мен 26 жастамын. Қарапайым отбасында туып-өстім. Бала кезімнен барлық қоғамдық іс-шараларға белсенді қатыстым. Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірдім. Содан кейін магистратураны тәмамдадым. Мәскеуде тағылымдамадан өттім. Абай ауданының Жастар ресурстық орталығында жұмыс істедім, оны басқардым. Міне, биыл Nur Otan партиясынан ауыл әкімдерін сайлауға өз кандидатурамды ұсынуды ұйғардым. Қазір жастардың дамуы мен мансаптық өсуі үшін барлық мүмкіндік жасалған, – деді Владислав Кирей. Форумда Тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығына қадам басарда Қазақстанның қол жеткізген жетістіктері туралы айтылды. Болашаққа жоспар құрылды. Сондай-ақ, спикерлер өз кәсібін қалай тапқанын, мансап пен жеке дамуда жетістікке қалай жетуге болатынын айтып, өз тәжірибесімен бөлісті.

– Мен Ұлыбританияның Бристоль университетінің түлегімін. Оны бітіргеннен кейін М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ, Құқық жоғары мектебінде деканның орынбасары болып қызмет атқардым. Қазір Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Заң факультетінде кафедра меңгерушісімін. Өмірде қандай да жетістікке қол жеткізу үшін көп оқып, еңбектену керек, – деді Лаура Жолдасова.

Форум соңында бизнес-идеялар байқауының 10 жеңімпаз студенті марапатталды. Тіс ағарту студиясы, шиналық сервис, инновациялық технологияларды пайдалана отырып, пицца шығаратын цех, аккумуляторлық батареяларды сымсыз зарядтауға арналған құрылғыларды, пластикалық бұйымдарды, ағаштан ұлттық стильдегі тұрмыстық заттарды шығаратын автоматтандырылған шағын цехтар – ең үздік жобалар қатарынан танылды.  

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.