Жаңалықтар

Жүз жыл жырлаған жүрек

Жамбыл қара халықтың арасынан шығып сол бұқарамен біте қайнасты. Ол елдің азаттығы мен рухын көтеру жолында бар саналы ғұмырын арнаған – ұлы күрескер. Біз бұған С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әртістері һәм Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі және Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің жеке орындаушылары ұйымдастырған «Жыр алыбы» театрландырылған көрінісінде тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Жамбылдың биылғы 175 жылдығына арналған қойылым өте сәтті шыққан. Оқиға Жамбылдың әкесі Жапа түсінде жолбарыстың төбесінен төніп тұрғанын көріп шошынып сыртқа шығуынан өрбиді. Айғайлаған аттаннан дүрліккен жұрт дал болып Жапаның аузына қарап тұрғанда іштен іңгәлаған баланың даусы шығады. «Шекесі торсықтай ұл келді дүниеге, ат ұстар келді» деп сүйіншілей шыққан келіншек құндақтағы сәбиді Жапаның қолына ұстата берді. Қуаныштан қалшиып тұрып қалған әке жүрегі дәл қазір жарылып кетуге шақ тұр. Ұлын қолына алып, біраз мауқын басып үйірілген қауым ішіндегі ақ сәлделі ақсақалға азан шақыртып атын қойдырады. Арада жылдар өтіп Жамбыл есейіп ер жетеді. Молданың кезекті сабағынан ызаланып келген бала Жамбыл үйдегілерге ауыз ашып сөйлемейді. Қолына ұстаған домбыраның о жер бұ жеріне үңіліп, есіктен кіре бәйек болған шешесіне еркелей қарап дастархан басындағы төселген құрақ көрпеге отыра кетеді. Үй ішіне тыстан суыт кірген Жапа бәйбішесіне «мынау не қылып отыр? Жұрттың баласы молданың сабағында ілім қуалап басшылыққа ұмтылып, мал табудың қамында, бұның жүрісі мынау домбыра қолтықтап» дейді кейіген кейіпте. Осыдан-ақ көруге болады, Жапаның баласының домбыраға әуес болғанын қаламағандығын, ата-бабалары секілді би, бай, мырзалықты көксегендігін. Әрине ол заман байдың үкімі жүріп тұрған шақ. Заманына қарай иілген пенденің көрінісі айқын берілген.

1870-1880 жылдар аралығы. Ұлан асыр тойдың қызығы жастар арасында ойынмен басталып, айтысқа ұласады. Араға суырылып шыққан қырмызыдай көрікті қыз Айкүміс «Менімен айтысатындарыңыз бар ма?» деп сұрағанда жастар бір ауыздан Жамбылды қолпаштай жөнеледі. Жамбылдың рөлінде актер Қуаныш Жағыпаров. Ал, Айкүмістің рөлін Айнұр Дәулетбаева сомдайды. Осылайша, қос актер сахнада шынайы ишаратпен сырласып, қыз-жігіт айтысын бастап кетеді.

Айтыс соңында Жамбыл қыздың сұлулығына һәм қайсар мінезіне тәнті болып, өз жолын береді. Қойылымның бұл кезеңі ақынның қатарының алды болғандығын, торқалы тойларда жиі көзге түсіп жүргендігін айқындағандай. Сахналық сомдаудың әсері сондай айтыс барысында көрермен қауымның назары екі актердің мимикасын, бір-біріне деген көзқарасын бақылаумен болды. Мұнан соң ақын ауылына Сүйінбайдың арнайы келуі, оның Жамбылды көріп, түйген ойы һәм Жамбылдың «Менің пірім Сүйінбай» деп жырға қосқан шумақтарының түпкі негізі баяндалды. Қойылымның бояуын қанықтырақ еткен тұсы Жамбылдың Құлмамбетпен айтысқан сәті. Әуеліде менменсіген Құлмамбеттің бейнесін актер Рахат Қосжанов керемет сомдады. Сүтке тойған қозыдай домалаңдай қимылдауы, домбыраны жуан буылтық қолдың сыртымен сипай тартуы, міне, осының барлығы тап бір осы актерге тән қасиет пе деп қаласыз. Ақыры көкірек керіп өзі менсінбеген Жамбылдан жеңіліп тынған Құлмамбет «мен тоқтайын сен айтыс енді» деп шапан жабады Жамбылға. Міне, осы бір сахналық шағын қойылымнан соң Жамбылдың күйлері «Жүз жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерейдің дирижерлығымен орындалды. «Ұлы Отанға» деген ақын күйі алғаш сахнаға шығып, тұсауы кесілді. Сондай-ақ, Құрмаш Ыбышев, Дәуренбек Әркенов, Ержан Базарбеков, Медет Осатаевтың орындауында Жамбыл әндері шырқалып, көрермен жұртты тағы бір серпілтіп тастады.

Осыдан кейін, сахнада Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» күйі орындалып, Жамбылдың «Ленинградтық өренім!» өлеңі оқылды. Шараның соңы Құрманғазының күйі «Сарыарқамен» түйінделді. Осылайша қазақтың «Гомеріне» айналған біртуар тұлға жұртшылық жадында қайта жаңғырды. Өлең сөздің дүлдүлі Жамбыл есімі қазақ өнері барда, қазақ тілі барда, мәңгілік есте қалмақ.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button