Жұрт көңіліне қонған жәрмеңке

Саудаға делдал араласты дегенше, баға шарықтады дей беріңіз. Ауылдағы ағайын азабын тартып өсірген малды арзанға алатын алыпсатарлар, былай шыға қымбатқа саудалайды. Ортада жүріп пайда табады. Бұған шектеу қоюдың жалғыз жолы – ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін жүйелі ұйымдастыру.

Өткен сенбіде Астанадағы «Қазақстан» спорт кешені аумағында Қарағанды облысы шаруаларының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Елорда тұрғындарын арзан әрі сапалы өнімдерімен қуантқан шара – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойының құрметіне арналды.

Жәрмеңкеге аудан, қалалар бойынша 80 шаруа қожалығы және «Қарағанды-Нан Корпорациясы», «Нәтиже-Сүт» ЖШС, «Евразиан Фудс» АҚ, «Бидай НАН» ЖШС, «Тұлпар Фирмасы» ЖШС қатысып, нарық бағасынан 10-15% арзан өнімдерін ұсынды. Сауда алаңына жалпы құны 148 миллион теңгенің 152 тонна өнімі шығарылды. Атап айтқанда, ет өнімдері – 88 тонна, сүт өнімдері – 19 тонна, жұмыртқа – 520 мың дана, балық – 5 тонна, нан-тоқаш – 12 тонна, басқа да өнімдер – 28 тонна.

Астаналық тұтынушылар жәрмеңкеден азық-түлік сатып алып қана қоймай, Арқа мәдениетімен де сусындап қайтты. Жаңаарқа ауданының кәсіпкерлері жәрмеңке аясында қымыз фестивалін ұйымдастырып, қонақтарға қымызды тегін таратты.

– Жаңаарқа ауданы жылқының етімен, бал қымызымен мақтанады. Жәрмеңкеге Астана тұрғындарына тегін тарату үшін 500 литр қымыз әкеліп отырмыз. Бұдан бөлек, өнерпаздарымыз дайындаған музыкалық сәлемдемеміз, тарту-таралғыларымыз да бар. Шаруаларымыз төрт түліктің өнімдерін жеңілдетілген бағада сатуға қойды, – дейді Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев.

Жәрмеңке тұрғындардың да көңілі нен шықса керек. Сауда сөрелерін жағалап жүрген ағайынның айтуынша, өнімдердің бағасы нарық құнынан әлдеқайда арзан әрі сапасы да жоғары.

– Елдің адамдарын көрейін, сәлемімді берейін деп келдім. Қымыздары өз бабында екен, ән -күйлері де қалықтап тұр. Байқасам, сөредегі бағалар да көңілге қонымды тәрізді. Құдайым осындай молшылықтан айырмасын.

Ел-жұртым, ер азамат аман болсын,

 Жер беті бейбіт өмір, заман болсын.

 Дін ислам өркендеп, қанат жайып,

Ұл-қызымыз ұлағатты адам болсын, – деп батасын берді Ахмет Батырханұлы есімді ақсақал.

Жәрмеңкеге өз өнімдерін арзан бағамен әкелген шаруаларды да тілге тарттық. Әсіресе, сонау Балқаш көлінің жағалауынан келген балықшы азаматтың мәрттігі таң қалдырды. Жер шалғай. Жол шығынының өзі қалтаға оңай тимейді, әрі өнімдерінің бағасы базар бағасынан көп арзан. Сатқан өнімнен пайда таба қоюы қиын. Бұл қалай сонда? Ешнәрсеге қарамай, жәрмеңкеге алып келген қандай күш?

Медет БАЙБОСЫНОВ, «Медет» ЖК жетекшісі:

– Жәрмеңкеге балықтың үш түрін әкелдік. Әкімдік бекітіп берген баға бойынша саудалап отырмыз. Үстінен пайда көремін деп айта алмаймын. Әйтеуір құнын ақтайды. Сонда да келдік. Өйткені, қазір Үкімет тарапынан кәсіпкерлерге көп жеңілдіктер қарастырылған, қолдаулар да жеткілікті. Енді, оның қайтымы болуы керек. Қашанғы қалтаны ойлай береміз. Бір уақыт халық үшін де жұмыс істейік. Бұл – азаматтық борышым.

Жәрмеңке әу бастан ойынсауық пен алқалы жиынның ордасы саналады. Қара базардан айырмашылығы да осында. «Қазақстан» спорт кешені аумағында өткен жәрмеңке де – көнеден қалған дәстүрдің жалғасы. Астықты өлке – Осакаров ауданының азаматтары «Бауырсақ шоу» ұйымдастырып, нан өнімдерін ортаға қойды. Ал, Абай және Нұра аудандарынан келген шығармашылық ұжым концерттік бағдарлама ұсынды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

 «Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.