ЖӘРМЕҢКЕ ЖАБЫЛДЫ

Жезқазғанда әр аптаның сенбісінде коммуналдық базар жанында жәрмеңке өткізу қалыптасқан дәстүрге айналған еді. Өткен сенбіден бастап жәрмеңке тоқтатылды. Енді ұзақ уақыт болмауы да мүмкін. Мұның екі түрлі себебі бар

Айналдырған екі-үш айдың ішінде Шет және Ақтоғай аудандарында «сібір жарасы» індетінің шығуына байланысты Қарағанды облысы эпизоотиялық күрделі жағдай туындаған аймақ саналып отыр. Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі және жәрмеңке сияқты көпшілік атсалысатын шараларды өткізуге тыйым салынады екен. «Бұл жөнінде жақында болған селекторлық кеңесте облыс әкімі арнайы тапсырма берді» дейді қалалық ветеринария бөлімінің басшысы Мәден Борсынбаев. Екіншіден, жәрмеңке өткізетін орын санитарлық талаптарға сай емес. Бұл туралы «Орталық Қазақстан» газетінде үстіміздегі жылдың 17 наурызында жарияланған «Жабайы жәрмеңке жарылқай ма?» деген сын мақалада жан-жақты айтылған болатын. Осы жағдайды республикалық ветеринариялық зертханадан және облыстық ветеринария басқармасынан келген комиссия да көріп, зерделей келе «Жезқазған қаласындағы жәрмеңке өткізетін орын санитарлық талапқа толық сай келмейді» деген баға беріпті. Құзырлы орган өкілдері жүктеген талап бойынша жәрмеңке өткізетін алаңның ең әуелі қоршауы болуы керек, ет қоятын және шабатын арнайы орындар жасалып, санитарлық тазалыққа сай келетін арнайы сөрелермен жабдықталуға тиіс. Ет өнімдері жол-жөнекей жеткенше ыстықтан қызып келетіні белгілі. Ол дереу тоңазытқышқа салынып, мұздатылуы қажет. Сондықтан, жәрмеңкеде тоңазытқыштың болуы да талап етіледі. Ет сатушыларға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Жәрмеңкеде етті кім көрінген емес, арнайы белгіленген адамдардың сатуына ғана рұқсат етіледі. Міне, осы талаптарды орындауға әзірше құлшынып отырған ешкім байқалмайды. Ұзақ уақыт болмауы мүмкін деуіміздің сыры да осында.

Айта кету керек, жәрмеңке жабылғанымен қаладағы ет өнімдерін сататын жабық базарлар мен дүкендер бұрынғыша өз жұмысын жалғастыра береді. Алайда, кез келген мал үй жағдайында сойылмауға тиіс. Жезқазғанда қазіргі таңда 1 мал соятын пункт және 1 мал соятын алаң жұмыс істейді. Тағы осындай екі орын салынбақшы. Заң малдың, тек, осындай арнайы орындарда, ветдәрігердің тексеруімен сойылуын талап етеді.

Амандық РАХҰЛЫ

Жезқазған қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.