Руханият

Жүректі тебіренткен кеш

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана жа­нындағы «Жыр-Жауһар» шығар­ машылық орталығы жаста­ры мұзбалақ ақын Мұқағали МАҚАТАЕВТЫҢ 90 жылдығына орай, қасиетті қара шаңырақта «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» әде­ би сазды кешін ұйымдастырды.

Шара – Мағжан, Қасым, Мұқағали сынды қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің шығармашылығын насихаттау, шығармашылық орталыққа жас дарындарды тартып, мүшелікке қабылдауды көздеді. Кеш еркін форматта, сұрақ-жауап түрінде өрбіді.

Ақын Руслан Нұрбай, жас шайыр Ерік Нарын және өлеңге талаптанып жүрген жас өрен Мағжан Асқар қатысты. Олар аймақтағы үш буынның өкілі ретінде арнайы шақырылған. Жиынды кітапхананың «Абонемент» бөлімінің меңгерушісі, шығармашылық орталық жетекшісі Ақниет Құдайберген тізгіндеді.

Кеште қазақ поэзиясы алыптарының өлеңдері нақышына келтіре оқылды. Әсіресе, ақын Еркебұлан Елеусізұлы Мұқағали образын шебер сомдады. Оның дауыс ырғағы Мұқаңдікінен аумайтынына жұрт таңдай қақты.

Ақын Руслан Нұрбай өз шығармашылығына Мұқағали жырларының қалай әсер еткеніне тоқталды. Өзінің «Би кешінде» өлеңін әсерлі түрде оқып, көпшілікті үйіріп әкетті. Ақын өлеңіне жазылған әндерді белгілі әнші Сейіл Аяған, жас дарын Бекжан Әкей сызылта әуелетсе, Қазақстан күйшілер одағының облыстық филиалы басшысы Мадияр Сүлеймен күмбірлете күй шертті. Ақынның жинақтарынан ұйымдастырылған кітап көрмесін кітапхана қызметкері Гүлсая Қадырова таныстырды.     

Сондай-ақ, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, кітапхана директоры Дина Аманжолова, жазушы Алмаз Мырзахмет орталықтың тарихы мен жеткен жетістіктеріне тоқталды. Кештің өтуіне атсалысқан орталық мүшелері мен әдебиет жанашырларына алғыс айтты.

– Биыл «Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының құрылғанына 15 жыл толып отыр. Бұл жерден түлеп ұшқан жас таланттар еліміздің түпкір-түпкірінде түрлі салада еңбек етуде. Осы мерейтойға байланысты көптеген тағылымды істер қолға алынуда, – деді орталықтың алғашқы мүшелерінің бірі Алмаз Мырзахмет.

Шара соңында жастардың қамқоршысы Сейіл Аяған, кешті ұйымдастыруға атсалысқан продюссер Асхат Қажытай, күйші Мадияр Сүлеймен, жас талапкер Мағжан Асқар және басқа да жастар орталық мүшелігіне қабылданды. Тағылымды кеш жүректерді тебірентіп, әсерге бөледі.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button