Жаңалықтар

Жүрегі кең еді

Саят ҚАЗТАЙҰЛЫ бақ қонып, қыдыр дарыған, қасиетті Бұқар жырау ауданының Қылыш Бабаев, қазіргі Үміткер ауылында 1945 жылы дүниеге келген. 1962 жылы оныншы сыныпты бітіріп 1967 жылы Қарағанды педагогикалық институтының химия факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын сол 1967 жылы Үміткер орта мектебінде пионер вожатый және химия пәнінің мұғалімі болып бастады.

Саят Қазтайұлы ұстаздығымен қоса, атқарған пионер-вожатыйлық жұмысы, оның ұйымдастырушылық қабілетінің бар екенін көрсетіп, аудандық пионерлер слетінде көрнекті орынға ие болса, ұстаздық шеберлігін аудандық конференцияларда оқыған баяндамалары арқылы көрсете білді. Мектептің қоғамдық жұмысына белсене қатысып, үнемі өзінің ұстаздар арасында кішіпейіл, эстетикалық талғамы жоғары, ерекше азамат болатын. Бұқар жырау аудандық оқу бөлімінің бұйрығымен 1973 жылы жаңадан ашылған Төрткөл негізгі мектебінің директоры болып қызмет атқарды. Бастауыш мектепті негізгі мектепке көшіру әрине оңай болған жоқ. Мектеп жатақхана типтес болғандықтан, оны жөндеу, іші-сыртын әсемдеу, сыныптарды кабинеттік жүйеге келтіру, бәрі Саят Қазтайұлының қажымай-талмай еткен еңбегінің арқасында дұрыс жолға қойылды. Ауыл азаматтары мен ата-аналар үнемі қолдап, көмек беріп отырды.
Жоғарыдағы Төрткөл негізгі мектебіндегі атқарған оқу-ағарту және ұйымдастыру жұмыстарын басшылық бағалай келіп, 1977 жылы мектеп директоры Хисамиден зейнеткерлікке шығуына байланысты Бұқар жырау аудандық оқу бөлімінің бұйрығымен (ұйғарымы), Үміткер орта мектебінің директоры болып тағайындалды.
«Жас келсе, іске» дегендей Саят Қазтайұлы мектептің оқу-тәрбие жұмысын дұрыс жолға қою үшін үнемі ақылдасып, уақыт өткен сайын шыңдалып, заман көшінен қалдырмай, мектеп ұжымын асқан шеберлікпен ұйымдастырып, мектептің оқу-материалдық кешенінің сақталуына көп көңіл бөлді.
Оқу сыныптарының жаңа талаптарға сай безендірілуіне, мектептің тазалығына, абаттандырылуына баса назар аударды. Спорттық алаң, оқу-тәжірибе алаңы талапқа сай жабдықталды. Саят Қазтайұлының басшылығымен мектепте жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалды. Сол жылдары мектеп бөлмелері кабинеттік жүйеге көшірілді. «Қазақ тілі және әдебиеті», «Тарих және география», «Химия», «Биология», «Математика», «Орыс тілі және әдебиеті», «Физика» және басқа кабинеттер талапқа сай безендіріліп, аудан мектептері ішінде жүлделі орынға ие болды. Мектепте аудан ұстаздарымен мектеп басшыларының тәжірибе алмасу семинарлары күзгі, қысқы демалыс кездерінде жиі өткізіліп тұрды. Ұстаздардың өзара әдіс алмасуы, ашық сабақтары ұйымдастырылып, ол методикалық кеңестерде талқыланды. Мектептің оқу үлгерімі сапасы аудан бойынша жүлделі орынға ие болды. Саят Қазтайұлының басшылығымен мектеп оқушылары аудандық, облыстық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Әр оқу жылында мектеп ұстаздары аудандық «Жыл мұғалімі» байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
Мектеп – ауылдағы бірден-бір мәдениет ошағы болғандықтан Саят Қазтаевтың басшылығымен мектеп ұстаздары жылда атаулы күндер мен мейрамдарда ауыл тұрғындарымен, соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулер өткізіп, концерттік шаралар ұйымдастырды. Саят Қазтайұлының ұзақ жылғы жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі ескеріліп, облыс әкімінің, аудан әкімінің мадақтамаларымен, Алғыс хаттарымен және «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
1991-1998 жылдардағы қиын кезеңдерде Саят Қазтайұлының қажымай талмай, күндіз-түні еңбек етуінің арқасында, электр жарығы, су болмай қалған кезде, мұғалімдерден кезекшілік қойып, оқу процесінің ойдағыдай жүруіне жағдай жасады.
Облыстық оқу бөлімімен, аудандық әкімдіктің ұйғарымымен 2002 жылы Бұқар жырау ауданы оқу бөлімінің басшысы болып тағайындалды.
Саят Қазтайұлы адамгершілігімен, терең білімімен, өз ісіне деген қызығушылығымен ерекшеленді. Жас ұрпақ тәрбиелеу ісінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, бірнеше буын түлектердің өмірден өз орнын табуына ерен еңбек сіңірді. Саят Қазтайұлы өзінің кәсіби біліктілігімен қоса, ән салып, ұлағатты сөздерімен, қайнардай мөлдір көңілімен, кең жүрегімен әрқашанда бас қосқан ортада үнемі көңіл көтеріп, даралана білді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген үлкен жүректі азамат еді. Амал нешік, тағдырдың жазуы қимас досым Саят Қазтайұлын 73 жасында қайырымсыз ажал ортамыздан алды да кетті. Саят Қазтайұлының бейнесі жадымызда мәңгі сақталады.

Ғалымтай БАҚТИЯРҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button