Жаңалықтар

Жұмысшы денсаулығы – жіті назарда

     Қазба байлығын қауқарымыз жеткенше қазып жатқан Сарыарқа кіндігінде тұрып, кәсіби аурулар һақында не білеміз? Жалпы, кәсіби аурулар ұғымы қай мамандық иелеріне тән? Емделу жолы мен ауруханасы қайда? Қарапайым жұмысшыларға сапалы медициналық қызмет көрсетуге не кедергі? Осы және өзге де сұрақтар бойынша арорталықнайы материал дайындаған едік. Сонымен…

Жалпы, сөз бастамас бұрын кәсіби аурулардың тау-кен, көмір, химия, құрылыс, денсаулық сақтау, металлургия және мұнай-газ өндірісі салаларындағы мамандарға тиесілі екенін айтпай кетуге болмас. Ал, өндіріс ошағы саналатын Қарағанды облысының ел экономикасына елеулі үлес қосары анық. Көмірі мен темірі көзді арбап, қып-қызыл ақшаға айналғанда адам баласы қалай қарап тұра алсын? Жоқ! Соңынан қуып, бірнеше шақырым жер астына да түседі, бірнеше мың градус ыстық домна пешінің алдында тұрып та піседі. Дүние дөңгеленіп кетсе де, жан бағудың бұл түрі баяғы бәз қалпында қалатын болар. Кім білсін? Мұны біз білмейміз. Білетініміз, сол шыңырауға түсіп, ыстыққа күйген қарапайым жұмысшылардың тұрмысы, денсаулығы ғана. Қарағанды тұрғындарының екінің бірі, егіздің сыңары кенші, не металлург. Әсіресе, аға буын өкілдері. Ал, жастардың көбісі жер астына түскісі жоқ. Себебін сұрай қалсаң, зауыттар мен шахталардың зиянын айтып, азар да безер болады. Расымен солай. Олай болса, 25-30 жыл көлемінде жер түбіне түсіп жүрген ардагер кеншілер не себептен зиянды жағдайлар жайлы білмейді екен деген заңды сауал туындайды. Біледі. Білгенде қандай?! Тек… айта бермейді екен. Себебі, мүгедек атанып, сонысына сай зейнетақы ала алмай қаламыз ба деп қорқақтайды. Ал, нарық заманында кім жұмысынан айырылғысы келсін? Ешкім де! Оның үстіне, еңбекақылары да көңілге қонымды. Байып кетпесе де, отбасын асыруға болады. Сонда, үкімет тарапынан кәсіби ауруларды емдейтін бір де бір орталықтың болмағаны ма деп ой түйесің? Себебі, еңбек – заңмен қорғалуы қажет емес пе? Қателесіппіз, бар екен. Адасып іздейтін алыста да емес. Өзіміздің Қарағанды қаласының қақ ортасында. Ол – ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны. Жаңадан ашылған орталықты көп адам біле бермеуі мүмкін дерсіз. Жоқ. Орталық тарихы сонау өткен ғасырдан бастау алады. Сонымен, біздің бүгінгі әңгімеміз де осы орталық қызметі төңірегінде өрбімек.

Қарағанды қаласында Қазақ СРО Министрлер Кеңесінің 1958 жылғы 16 қаңтардағы Қаулысымен Қазақ СРО Денсаулық сақтау министрлігі Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар Қазақ ғылыми зерттеу институты ашылды, оның алғашқы директоры және ұйымдастырушысы З.Төлегенов болған.

Аймақта осындай бейіндегі ғылыми мекемені құру маңыздылығы – елімізде ауыр өнеркәсіптің және Қарағанды облысында қара және түсті металлургия, тау-кен және көмір өндіру өнеркәсіптерінің қарқынды дамуымен айқындалды. Осыған байланысты, ірі өнеркәсіптік аймақтардағы адамның өмір қызметінің оңтайлы жағдайын зерттеу және оларды игерудің ұзақ мерзімді әлеуметтік-гигиеналық болжамын қалыптастыру қажеттілігі туындады.

Институт 1984 жылы Ұлттық Ғылым Академиясының Орталық Қазақстан бөлімшесі құрамына еніп, ол ҚазСРО «Физиология және еңбек гигиенасы ҒЗИ» атауына ауыстырылды.

2002 жылдан бастап Үкіметтің 2001 жылғы 29 қазандағы №1370 Қаулысына сәйкес, институт ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құрамына енгізілді және ҚР ДСМ «Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығы» болып өзгертілді. Міне, орталықтың қысқаша тарихы осылай өрбиді. Осы аралықта Орталық бұл саланы жақсы білетін ірі ғалымдардың басқаруымен үлкен жетістіктерге жетті. Мәселен, әр уақытта Орталықты Б.Алтынбеков, Ғ.Құлқыбаев сынды айтулы академиктер басқарды. Биылғы 15 мамырдан бастап Орталыққа Т.Хамитов басшылық етуде.

Мекемеде кеншілер денсаулығын сауықтыру жолында талай медицина қызметкері аянбай еңбек етуде. Бұл Орталықтан шыққан Т.Таткеев, А.Байманова, Г.Сағатова, Э.Толоконникова, Ш.Газалиева сынды ірі ғалымдар ауыр жұмыс істеген кеншілердің қамқоршысына айналды десе де болады. Сондай-ақ, Орталықтың ғылым нәрімен сусындаған Ш.Баттакова, А.Аманбекова, Л.Ыбраева, М.Отарбаева, М.Фазылова, С.Ақынжанова есімді білікті ғалымдар еліміздің түпкір-түпкірінде табанды тер төгуде.

Орталық басшыларының дарыны мен қажырлығының нәтижесінде кәсіптік аурулардан зардап шегетін адамдарды диагностикалау мен емдеудің инновациялық әдістерін қолдану базисі, дәрігер-кәсіптік патологтардың қазақстандық ғылыми мектебі құрылды.

Тағы бір айта кетерлігі, бейіндік ғылыми-зерттеу, әдістемелік және емдік-профилактикалық қызмет көрсету мекемесі саналатын Ұлттық орталықтың республикамыздың Өскемен, Шымкент, Ақтөбе секілді ірі өнеркәсіптік аймақтарында филиалдары бар. Қызмет ауқымы ел көлемін қамтыған ірі мекеменің республикамыздың кәсіптік патология қызметін үйлестіру бойынша басты ұйым және жұмыс істеуші халықтың денсаулығын сақтау мәселелерін шешетін жетекші ғылыми орталық екенін айта кеткен жөн. Яғни, еліміздің барлық аймақтарында кәсіптік аурулармен ауыратын науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Бүгінгі таңда, орталық жүргізіп отырған зерттеулердің маңыздылығы, білікті кадрлерді даярлау жұмысы, баспа өнімі көлемінің өсуі – қалыпты жоғары деңгейде. Орталықтың ғылыми бағдарламалары, жобалары мен инновациялық жұмыстары құнды, қолданбалы мағынаға ие және ел өнеркәсібінің дамуына, оның еңбек әлеуетін сақтауы үшін берері мол.

Сонымен, бұл орталықтың негізгі мақсаты – адами еңбек әлеуетін сақтау және көбейту. Ал, стратегиялық бағыттарына тоқталатын болсақ, біріншіден, ҚР өндірістік өңірлеріндегі халық денсаулығын жақсарту, еңбек медицинасы, гигиена және медициналық экология саласында ғылыми-зерттеу қызметін жаңарту. Екіншіден, ҚР денсаулық сақтау жүйесіндегі кәсіби патологиялық қызметті басқару нәтижелігін жақсарту. Үшіншіден, кәсіби патология, (еңбек медицинасы), гигиена және медициналық экология саласында кадрлық ресурстар жүйесін дамыту.

Десе де, Ұлттық орталықтың қызметіне тұсамыс болған мәселелер де жоқ емес. Айтайық, 2006-2016 жылдар аралығындағы алғаш сырқаттанған жұмысшылар тізіміне сенсек, өткен жылы денсаулығына шағымданушылар саны күрт төмендеген. Яғни, 2014 жылы аурулар саны 600 адам болса, өткен жылы бұл көрсеткіш небәрі 286 адамды құрады. Ауру адамдардың азаюы неліктен көңілге күдік ұялатты дерсіз?

Еліміздің бүгінгі таңдағы еңбек жағдайын ескеретін болсақ, бұл көрсеткіштер ақиқаттан мүлдем алшақ. Бұл көрсеткіштер өндіріс орындарындағы еңбек жағдайының жақсаруынан емес, керісінше, кәсіби ауруларға бастапқы кезеңде диагностика жасау кемшілігімен және жұмысшылардың өз денсаулығына деген немқұрайлығымен түсіндіріледі. Біздің қызметімізге кедергі келтіретін де – сол. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, барлық өндіріс орындары жекешелендірілгенін жақсы білесіздер. Ал, жекешеленген компаниялар ауру жұмыскерлері бар екенін ашып айтуға мүлде құлықсыз. Себебі, белгілі бір жұмысшының денсаулығына байланысты зейнетке шығуының өзі компанияның қалтасын қақпай қоймайды, – дейді Ұлттық орталықтың медицина ғылымдарының докторы, профессор Ө.Аманбеков.

Білікті маманның ендігі шағымы – қалалар мен аудандардағы емханаларда кәсіби аурулар саласына жауапты мамандардың болмауы. Қазіргі таңда өндіріс орындарына барлығы бірдей қол-аяғы балғадай мамандар жұмысқа қабылданып жатыр дей қою қисынсыз. Сондықтан, ойлы оқырманның өзінің, туған-туысының денсаулығына бей-жай қарамас деген үміттеміз. «Ауруын жасырған – арам өледіден» аулақ болуға жазсын.

Рауан Қабидолдин.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button