ЖӘЙРЕМНІҢ келешегі кемел
Қаланы қалыптастырушы кәсіпорын санатындағы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ ұжымы өздерінің кәсіби мерекесін толымды еңбек табыстарымен қарсы алып отыр. Өндірістің қанатын кеңге жаюды жоспарлаудан тысқары, Елбасы Жолдауындағы міндеттер аясында әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруды меже тұтқан іргелі кәсіпорынның мақсатты әрекеттері жергілікті тұрғындардың көңіліне қуаныш ұялатуда.
Комбинат қазіргі таңда өздері құрамына енетін «Казцинк» компаниясының шикізат базасын дамытуға қатысты бекітілген бағдарламаға сәйкес, «Жәйрем полиметалдары» жобасын жүзеге асыруға бел шеше кірісті. Соған орай, кен өңдеуге бағытталған жаңа байыту фабрикасын салу және кен өндіру көлемін бұрынғыдан анағұрлым арттыру көзделуде. Жоба толығымен жолға қойылғанда бүгінгі күні қалыпты деңгей саналатын көрсеткіш бірнеше есеге ұлғайып, кен өңдеудің жылдық мөлшері 5 млн. тоннаға жеткізілмекші. Кәсіпорын басшылығының мәлімдеуінше, жоспарлы жұмыстар екі кезеңде іске асырылатын болады. Алғашқы кезең 2018 жылдың соңына дейінгі мерзімге межеленсе, 2019 жылдың соңына таман екінші кезеңде қарастырылған іс-қимылдар тиянақталмақшы.
Мұнда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайына да айрықша көңіл бөлінген. Соның аясында жұмыс барысында мүлтіксіз сақталуы тиісті қауіпсіздік шараларының талаптары құрылымдық бөлімшелер басшыларынан бастап, өндіріс орнындағы қарапайым еңбек адамдарына дейін жеткізілген және қатаң бақылауға қойылған. Осының бәрі адамдардың өндірістік жарақат алуы мен қапыда қазаға ұшырауы жағдайларына тегеурінді тосқауыл болуда.
Ел ырысын одан әрі еселеуді мұрат тұтқан кәсіпорында екі мыңнан астам жұмысшы-қызметшілер еңбек етеді. Әлеуметтік жауапкершілікті жете сезінген комбинат басшылығы өндірісті өркендету талабымен қоса, еңбеккерлердің тұрмыстық әл-ауқатының жақсара түсуіне зор ықыласпен ден қойып келеді. Қарағанды облысының әкімдігі, «Казцинк» ЖШС және «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ арасында қол қойылған меморандум – аталған бағыттағы ілкімді іс-шаралардың түпқазығы. Соған сәйкес, кенттегі Мәдениет сарайына заманауи үрдіске лайықты жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті құрал-жабдықтары алынып берілді. Жаңадан бой түзеген спорт алаңдары мен балалардың ойын алаңқайлары – тұрғындардың көзайым қуанышы. Бұлардан тысқары, кент қазандығы үшін көмір бөлу, жергілікті ауруханаға қолдау көрсету, білім және тәрбие ошақтарына көмек қолын созу секілді пәрменді һәм мардымды шаралар ұдайы іске асырылып келеді.
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруға қалыптасқан ұйымшыл ұжымның биік мақсаты мен тындырымды еңбегі – кенттің келешектегі келбетінің келісті болуы мен тұрғындардың тұрмыстық сапасы артуының кепілі. Ең бастысы, осынау тұжырым барша қауымның көңіліне берік ұялаған. Олар Жәйремнің жұлдызы жарқырай түсеріне бек сенімді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.