Жаңалықтар

Жүйелі жоспар – нақты іс

Қаламен қатар, ауылдық жерлердегі балалар ІТ-сыныптарында оқып, ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік алды. Ал, онлайн кітапханалар арқылы қолайлы уақытта кез келген жерде білім жетілдіруге болады. Облыстың мыңдаған оқушылары мектеп жанындағы спорт алаңдарында жаттығу жасап, ата-аналар балалары мектепте дұрыс тамақтанатынына сенімді. Қарттар да назардан тыс қалмаған. Мұның барлығы – бесіктегі баладан, еңкейген кәрінің жағдайына бейжай қарамайтын «Нұр Отан» партиясы жобаларының нәтижелері.

Маман бар, бірақ сұранысқа сай келмей қалуы да мүмкін. Осы арада «ІТ мамандарды дайындау» жобасына жүгінесіз. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыста 6 ІТ орталығы ашылған. Қарағандыда – 4, Жезқазғанда – 1, Теміртауда – 1 орталық жұмысы – табысты. Оның үстіне орталықтар оқу орындарының өзінде ұйымдастырылған. Мәселен, «Furtado Plast» және «Sanasoft CO» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері базасында Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде, «UTARI KZ» ЖШС базасында Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде ІТ-технологияның қыр-сырын үйретеді.

Сондай-ақ, колледждерде «Колледж студенттерінің кәсіпкерлік дағдыларын дамыту» жобасы да жүзеге асырылуда. Бұл – студенттердің диплом алғаннан кейін бос сенделіп, жұмыссыздар қатарын көбейтпейтінінің кепілі.

Ал, «Ағылшын тіліне оқыту» партиялық жобасымен 16 клуб ашылыпты. Балалардың жазғы демалысын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін клубтың бесеуі Балқаш, Саран, Теміртау қалаларындағы, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарындағы жазғы лагерьлер базасында. Ағылшын тілін оқудан ауыл балаларын тыс қалдырмау үшін осындай 3 клуб Оскаров кентінде, Шабанбай би ауылында да бар.

Партия жобаларына еріктілер өздерінің үлестерін қосуда. Ағылшын тілін оқытатын 6 клубта сабақ беретіндер де солар.

Кейінгі кезде қоғамның талқысына жиі түсетін мектептердегі тамақ сапасы да партия жобасында көрініс тапты. «Мектеп асханалары» жобасын жүзеге асыруда бүгінгі таңда Қарағанды облысындағы 203 мектепке мониторинг жүргізіліпті.

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. «Мектеп спорт алаңдары» жобасымен облыста көпфункционалды 10 корт ашылған. Шыныққан және шымыр ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған тағы бір айтулы жоба – «Денсаулық сабақтары». Ата-аналар мен оқушыларға арналған WEB-ресурста денсаулықты сақтау мәселелері туралы ақпарат орналастырылған. Мектептерде медицина қызметкерлері денсаулық сабақтарын өткізеді.

«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында облыста екі орталық ашылды. Мұнда зейнеткерлер көңілі қалаған ісімен айналысады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button