Жаңалықтар

Жәңгір есімін берейік

Маған ой салып, қолыма қалам алуға себеп болған жазушы Кәмел Жүністегінің «Красная Поляна» Жәңгір ауылы аталса…» атты мақаласы.

«Қазақ мемлекетінің іргетасын төре тұқымының өкілдері қалады. Қазақ қоғамында жоғары мәртебе иесі сұлтандар, яғни Шыңғысзадалар бол­ды. Олар қазақ қоғамындағы ең бір ықпалды күш болды. Бұл күнде дүниежүзіндегі ең ірі мемлекетінің қатарына кіріп отырған ұлан байтақ жер көлемін сақтап қалуы қатардағы қолбасшы батырлардың ерлігінің арқасында ғана мүмкін болған нәрсе емес. Бұл – қазақ хандары мен сұлтан­да­рының да­налығы мен көрегенділігінің де жемісі болатын. Тарихтағы өз рөлдерін түсіне білген олар ұлттық мүдде үшін өлшеусіз қызмет етіп, пайдалы іс тындырып кетті», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Расында да, тарихқа үңілсек, көптеген жайттарға куәміз. Бар дәулетін елі үшін жиған ерлер қан­шама? Мәселен, Жәңгір төренің «Аштық­тан өлген қазақтың басы да, соңы да мен болсам», – дегенінің өзінде қанша мән мен маңыз жатыр? Елі үшін басын бәйгеге тіккен. Жәңгір төре келешек ұрпаққа ар­тынан із қалдырды, халыққа арнайы медресе ашты, 50 баланы тегін оқытты. Керек-жарағымен қамтамасыз етті. 100 жылқыны халқына зекет қы­лып берген. Жәңгір атамыздың медресесінен бі­лім алған молланың біреуі – менің әкем Жұман Мұз­қажыұлы еді. (Әкем 1896 жылы дүниеге келіп, 1985 жылы қайтыс болды. Туған жері – Шет ауданы Бұ­ғылы тауы. Коммунис­тігіне қарамастан, бес мез­гіл намазын оқыды, ораза ұс­тады. «Советтік Қарағанды», «Орталық Қазақс­тан» газетін өзі пош­таға барып жаздырып алып оқи­тын).

Халқы да Жәңгір төренің осынау адами қасиет­терін жоғары бағалаған. Оған кезінде жұртының Жәңгір төрені қорғап, араша түскені дәлел.

Сонда жұрты «Малын ала беріңдер, өзі­не тиіс­пеңдер. Бұл кісі малды халқы үшін жина­ған» депті деседі көзкөргендер. Мұны Талды ауылының тұр­ғыны, марқұм Жұмабек Тұрсын ақ­сақал айтып отырушы еді. «Қаншама байды тұт­қындады, қа­мады, мойындарына тас байлап, тірідей суға тас­тады. Қамағандардың көбі таңертең есі­гін ашқанда өліп жататын. Есіктің астын қолы­мен қазып шығамыз деп, тырнақтан тырнақ жоқ, қып-қызыл қан» дейтін еді ақсақал. Осындай жа­зықсыз жапа шеккен заман өтті. Енді өшкенді жандырып, өлгенді тірілтетін кез. Сондай тұлғаның бірі – Жәңгір төре еді. Халқына қылған қызметі ұшан-теңіз. Сол себепті көп болып, ойланып, Кәмел Жүністегінің ұсынысын қолдайық, халқым!

Түйтеқұл ЖҰМАШҰЛЫ.

Қарағанды қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button