Жаңалықтар

«…ӨЗГЕ ТІЛДІҢ БӘРІН БІЛ»

     Жексенбі күні Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада АҚШ Елшілігі өкілдерінің қатысуымен «Spelling bee» іріктеу байқауы өтті. Кітапханада осымен екінші рет ұйымдастырылған  әріптеп оқу байқауы «Үш тұғырлы тіл» мәдени бағдарламасы аясында, сондай-ақ, Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Республикасының дипломатиялық қарым-қатынасын күшейтуге арналды.

АҚШ Елшілігі мұрындық болған бұл байқау қазақстандық жастар арасында ағылшын тілі мен ағылшын мәдениетін насихаттауға бағытталған. Байқауға елуге жуық қарағандылық студент қатысты. Ағылшын орфографиясын бес саусағындай білетін студенттердің үздіктерін анықтау үшін АҚШ Елшілігінің өкілі Джордан Бакки бастаған қазылар құрамы қазылық етті.

Ұйымдастырушы, Америка бұрышының үйлестірушісі Айнұр Мағауияқызының айтуынша, байқау ағылшын тілін жетік меңгеруге және жастардың болашағына жол ашатын көрінеді.

– Ереже мынадай: сахнада ағылшын тілінде сөз айтылады. Қатысушы 2 минут ішінде сол сөздің әрбір әрпін еш қатесіз қайталауы тиіс. Қобалжып, бар болғаны бір қателікке бой алдырған үміткерде сайысты жалғастыру мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, қатысушы барынша жинақы әзірлікпен келген. Айту керек, бұл байқау АҚШ-та бір ғасырға жуық уақыт бойы ұйымдастырылуда. Әлемнің өзге елдерінде де өткізіледі. Қазақстандағы байқаудың бір ерекшелігі оқушылар емес, колледж және жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуында. Сонымен қатар, мұнда басқа мемлекеттің өкілдері қатыса алмайды. Ағылшын тілі – әлемдік қарым-қатынас, сауда, бизнес тілі. Сондықтан ағылшын тілін меңгерген қазақстандықтардың саны барынша артса дейміз, – дейді Айнұр Мағауияқызы.

Байқау қорытындысы бойынша I орынды Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың IV курс студенді Меруерт Совет иеленді. Сондай-ақ, Орталық Қазақстан академиясының II курс студенті Александр Горбунов, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың III курс студенті Татьяна Виниченко  жүлдегер атанды. Жақында үш жеңімпаз Астана қаласында өтетін байқаудың республикалық кезеңінде бағын сынайды.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button