Руханият

Өзге тілде оқылған Бұқар жыры

Облыстың ішкі саясат басқармасының Қоғамдық келісім коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастырумен өзге этнос өкілдері арасында Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына арналған «Бұқарекең жырлайды» байқауын Бұқар жырау ауданы әкімдігінің демеушілігімен өткізді.

Байқау екі номинация бойынша өрбіді. Бұқар жыраудың 10-12 толғауын қазақ тілінде жатқа айту және 2-3 толғауын әр этнос өкілі өз ана тілінде және қазақ тілінде жатқа оқып беру.

Сайысқа жеті этнос өкілінен құралған 12 адам қатысты. Татар, шешен, украин, грек этномәдени бірлестік өкілдері, Ассамблея жастары және мектеп оқушылары Бұқар жыраудың толғауларын жеті тілде, қазылар мен көрермендерге жеткізді.

Айтыскер ақын, облыстық мәслихаттың депутаты, Бұқар жырау шығармаларын насихаттаушы Айтбай Жұмағұл бастаған қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалап, үздіктерді анықтады.

Байқаудың бас жүлдесін Ботақарадан келген «Руханият» мектебінің Бұқар жырау атындағы жыршы-термешілер сыныбының оқушысы, «Айтыстың ақтаңгері» атанған Дидар Қамиевтің шәкірті Виктория Аленина жеңіп алды.

Ал, I орынды №15 мектептен келген екі оқушы Анастасия Финонченко мен Богдан Жученко иеленсе, II орын татар-башқұрт «Умырзая» орталығының өкілі Айлана Әменова мен №10 мектеп оқушысы Александр Лапкинге бұйырды. Байқаудың III орынына грек, украин, шешен этномәдени орталықтары атынан қатысқан Мария Григориади, Ирина Салагина, Суриана Джанаева жайғасты. Қатысушылардың жасы шектелмеген. Ең жас қатысушы 11-де болса, үлкені 45-те екенін айта кеткен жөн.

– Жанұзақ Мәкішев жасаған «Имя доброго человека и слова поэта не умрут» атты Бұқар жырау өміріне арналған 14 минуттық бейнежазбаны көрген өзге этнос өкілдері Көмекей әулие жөнінде көп тың ақпаратқа қанық болғанын айтты. Фойеде Бұқар жыраудың алғаш жарыққа шыққан аудиокітабы арқылы Қайрат Кемалов оқыған толғаулары және атақты жыршылардың орындауындағы термелері беріліп түрды. «Жақсының аты өлмейді» атты кітап көрмесі мен «Руханият» мектебінің ұстазы, Бұқар жырау ауданы мәслихатының депутаты Амантай Әкішев арнайы дайындап әкелген көрме елдің қызығушылығын тудырды, – дейді Достық үйінің музей қызметкері, бабаның ұрпағы, аталған шараның басы-қасында жүрген Мүгілсім Шибаева.

Сонымен қатар, Достық үйі сахнасында «Бұқар баба» әнінің тұсауы кесілді. Сөзін Бейбіт Әшкенов жазса, әнін жазған һәм әуелете орындаған – теміртаулық Жанна Хасенова. Сахнаны әрлеуде Берік Қабділсаматтың кәсібилік танытқанын атап өткен жөн.

– Бұқар жырау толғауларын әр этнос өкілі өз тілінде оқыды. Осы жылғы жаңалық, баба жырының шешен, татар, украин тілдеріне шебер аударылып, оқылуы болды. Жыр бәйгесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына ұйытқы болған Достық үйінің басшысы Гүлнар Қалиқызына алғыс білдіреміз. Бұқар баба тойы бұқара халықпен бірге жалғаса бермек, – дейді Айтбай Ботбайұлы.

Демеушілік көрсеткен баба ұрпағы Саябек Хасенов бір жеңімпазға өзі тағайындаған жүлдесін тапсырды.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button