Білім

Өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде бақ сынады

Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мен насихаттауға арналған жыл сайын түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Сондай шаралардың бірі өзге ұлт өкілдері студенттерінің қатысуымен жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері арасында өтті.

Суреттер: ұйымдастырушылардан

Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты фестивальге 5 команда қатысты. Байқауға Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің өзге ұлт студенттерінен құралған – «Таным», Ә. Сағынов атындағы ҚТУ-дан – «Сағынов сұңқарлары», Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің экономика, бизнес және құқық колледжінен – «Тапқырлар», ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясынан – «Айбынды курсанттар», Қарағанды университеті Қазтұтынуодағынан жасақталған – «Жалынды жастар» құрамалары қатысты. 

– Жастардың мемлекеттік тілге деген құрмет-сезімін, қазақ тілін үйренсем деген құлшыныс-ниетін арттыруға осындай іс-шаралардың маңызы зор деп білемін. Бүгінгі өзге ұлт өкілдерінен құралған фестиваль қатысушыларының өнеріне көрермендердің де қошеметі, қолдауы ерекше болды. Болашақта осы фестивальді  облыстық, қалалық деңгейде дәстүрлі түрде өтетін іс-шаралар қатарына қосамыз ба деген жоспарымыз бар, – деді Қарағанды университеті Қазтұтынуодағының  аға оқытушысы,  фестиваль ұйымдастырушысы Құрмет Бажикеев.

Сайыс 4 айналымнан өтті. Әуелі, қатысушылар «Кел танысайық» деп аталатын бірінші кезеңінде мемлекеттік тілде өздерін таныстырды. «Бір көрініс» деп аталатын екінші кезеңінде алдын-ала берілген тақырып бойынша көрініс қойып, диалог құрды. Ал, «Кім тапқыр?!» бөлімінде экранда берілген сұрақтарға кезекпен жауап беріп, ұпай еншіледі. «Жорға» деп аталатын соңғы кезеңде команда капитандары бақ сынады. Өздеріне қойылған сұрақтарға қазақ тілінде жылдам әрі дұрыс жауап беріп, көрермен көңілінен  шықты.

Байқаудың қорытындысы бойынша «Жалынды жастар» командасы жеңімпаз атанды. Ал, ІІ орынды – «Сағынов сұңқарлары», ІІІ орынды – «Айбынды курсанттар» командасы иеленді.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button