Руханият

Үздіктердің үздігі анықталды

Қарағанды облысында білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында I облыстық «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік оқытушысы» байқауы өткізілді. Алғашқы кезең әр колледждің өзінде жеке өткен. Суырылып шыққан 10 педагог ақтық сында білім мен тәжірибе жарыстырды.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушыларының инновациялық оқыту тәжірибесін анықтау, бағалау, үздік педагогикалық идеяларын тарату, талантты оқытушыларды қолдауды көздеген байқаудың ақтық сынына шыққан қатысушылар мығым дайындығын байқатты.

Қорытынды үшінші кезең үш модуль бойынша өтті. «Мен – ұлағатты ұстаз!» атты бірінші модульде қатысушылар бес минут ішінде өздерін таныстырды. «Үздік әдістемелік қоржын» атты екінші модульде өзі қолданатын үздік әдіс-тәсілді ұсынды. «Таратуға лайықты идеялар» атты үшінші модульде «TED» форматы арқылы педагогикалық идеясын баяндады.

Байқау қорытындысында тәуелсіз қазылар алқасы шешімімен Бас жүлдені қатарластарынан оқ бойы озық келіп, сөзге шешен әрі ісіне мығым екенін көрсеткен Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің ұстазы Ербұлан Мақатай жеңіп алды.

I орынға – Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінен Ардақ Макетова ие болса, II орын – Абай атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінен келген Әйгерім Денееваға бұйырды. Ал, III орынды – Теміртау жоғары политехникалық колледжінің мұғалімі Жанар Сеитова місе тұтты.

– Байқауда Ханипа Бітібаеваның инновациялық технологиясынан «Конструкторлық жобалау технологиясы» атты жаңаша сабақ беру әдісін ұсынып, қорғадым. «TED» форматында 5 минут ішінде оқушы санасына алдымен, Абайдың «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» бес адамгершілік қағидатын сіңіріп, одан кейін жаңартылған білім беріп, соңында материалдық құндылықтарға деген ынтасын ояту идеясын ұсындым. Сонда оқушы алдымен жақсы қасиеттерді бойға сіңіріп, жаңаша білім алып, соңында материалдық құндылықтарға қол созады. Осылай өскен бала болашақта нағыз білімді, патриот әрі бай-қуатты болады, – дейді жеңімпаз ұстаз Ербұлан Айтбайұлы.

Барлық қатысушыларға сертификат берілді және әр түрлі аталым иегерлері анықталып, марапатталды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button