Жаңалықтар

Үздіктер – «Көшбасшы жолында»

     Қазақстанда оқушыларға арналған «Көшбасшы жолы» туры басталды. Аталмыш шара Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қолдауымен ұйымдастырылуда.

Турларға Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облысының 13 және 17 жас аралығындағы 480 үздік оқушылары қатысады. Осылайша, 30 қазан мен 4 қараша аралығында Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының оқушылары Астанаға келсе, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысының үздік балалары Алматы мен Үшқоңырға барады.

Астанада оқушыларға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының мұражайы, қоры мен кітапханасы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Астана – Бәйтерек» монументі және Назарбаев Университеті көрсетіледі.

Алматылық турдың бағдарламасы Алматы облысындағы Елбасы оқыған Қарасай батыр атындағы мектеп, Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Президентінің үй-мұражайы, «Батыр Бабалар» мемориалды кешені, сондай-ақ, Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражай, 28 панфиловшылардың саябағы сияқты нысандарға бару жоспарланған.

Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті –  Елбасы қорының атқарушы директорының кеңесшісі Әлия Қайшарова: «Турларды өткізу мектеп оқушыларының ой-өрісін кеңейтіп, қызығушылығын арттырады, әрі балаларды жақсы оқып, белсенді болуға қосымша ынталандыратын болады», –  деп атап өтті.

«Назарбаев орталығында» оқушылардың бірінші тобымен кездесу барысында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасының Орынбасары Қайрат Садуақасов осындай турлардың балалар мен жасөспірімдер туризмін жандандыруға, сондай-ақ, еліміздің жас ұрпағын патриоттық тәрбиелеуіне зор әсер ететінін атады.

Сондай-ақ, “ЭКСПО – 2017” көрмесі кезінде еліміздің өңірлерінен 185 мың мектеп оқушылары үшін 700-ден астам тур ұйымдастырылғанын айтты.

Өз тілшімізден.

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button