Үздік жобалар анықталды
«ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылатын «Үздік тәжірибелер аймағы» үшін 20-дан астам үздік жобалар таңдалды.
Жуырда «Radisson» отелінің Сарыарқа залында Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов және физика бойынша 2006 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Фицджеральд Смуттың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Іс-шара «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің «Үздік тәжірибелер аймағы» павильоны үшін энергия саласындағы дүниежүзінде қазір қолданыста бар үздік тәжірибелер ұсынылатын байқау қорытындыларына арналды.
Баспасөз мәслихатының қатысушылары атап өткендей, «Болашақ энергиясы» тақырыбын ашып көрсете алатын басты тақырыптық нысандардың бірі – «Үздік тәжірибелер аймағы» павильоны.
Жобаларды іріктеу мақсатында арнайы Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталестің Төрағалығымен Халықаралық іріктеу комиссиясы құрылған болатын. Комиссия құрамында Нобель сыйлығының лауреаттары, энергетика саласындағы сарапшылар мен ғалымдар, сондай-ақ, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының қызметкерлері бар.
Ұсынымдарды қабылдау 2016 жылдың қаңтар айында жарияланып, үстіміздегі жылдың 15 тамызында тәмамдалды. Халықаралық іріктеу комиссиясының алғашқы отырысы 2015 жылдың 9 желтоқсанында Париж қаласында өтті. Ол басқосуда іріктеу мен қатысу шарттары талқыланды.
Жалпы, ұйымдастырушыларға әлемнің түпкір-түпкірінен 132 өтінім келіп түскен. Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес жұмыстағы айтарлықтай қарқынды атап өтті.
– «ЭКСПО» көрмесіне арналған құрылыс нысандарының қарқынын, тақырыптық павильондардың мазмұнын, халықаралық қатысушылардың осы жылдың қазан айында еркін орналаса бастайтындығын көріп, үлкен әсер алып отырмын. Барлық жұмыстар аяғына жетіп қалды, – деді В.Лоссерталес.
Халықаралық іріктеу комиссиясының жұмысы бойынша Берклидегі Калифорния университетінің профессоры, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Фицджеральд Смут: «Біз 4 сағаттан аса ақылдастық, барлық жобалар қызықты еді. Олар шын мәнінде көрмеге келген қонақтарды таң қалдырып, тіпті, олардың қатарында тұрып, әр елдің мемлекет басшылары суретке түседі деп ойлаймын» деді.
Халықаралық іріктеу комиссиясының қорытындысы бойынша 20 жоба байқау жеңімпаздары атанды. Олар «Үздік тәжірибелер аймағы» павильонында орналастырылатын болады.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ