Үздік лагерь анықталды
Осакаров ауданындағы «Есіл» демалыс аймағында облыстық білім басқармасының қолдауымен экологиялық форум ұйымдастырылды. Форум мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерь жұмысын негізге ала отырып, қосымша білім берудегі туристік-өлкетану бағытында өтті.
Форум аясында экологиялық мәдениет саласына қарасты балалар арасында тәжірибе алмасу мақсатында инновациялық-экологиялық бағыттағы экологиялық жобаларды насихаттау көзделді. Форум бейресми жағдайда қызықты да мазмұнды бағдарламаға бағыттала отырып, қатысушыларға тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Қатысушылар рухани тұрғыда Литвин балалар үйі тәрбиеленушілерінің қолмен отырғызған жүздеген қарағайларын тамашалап, таза ауада дем алды.
«Есіл» демалыс аймағының қызметкерлері экологиялық, туристік-өлкетану бағытындағы форум қатысушыларымен тәжірибе алмасты. Оның ішінде шикізатты қолданудағы экологиялық мәселелер, техника қауіпсіздігі тұрғысында туристік жорықтар ұйымдастыру, су туризмі, көгалдандыру жөнінде пікір алмасып, алауды дұрыс жағу, шатырлар тігу жөнінде қызықты шеберлік сыныптары өтті.
Сондай-ақ, форумда жазғы жоба «Көңілді жаз – 2016» акциясы және мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлер негізінде жазғы сауықтыру науқаны компаниялары арасында «Үздік ұйым» жеңімпаздары анықталды. Науқан бойынша «Қауіпсіз жаз –2016» үздік ұйым аталымында Қарқаралы ауданына қарасты «Жас дәурен» балалар сауықтыру лагері жеңімпаз атанса, Балқаш қалалық «Жас қанат» балалар сауықтыру лагері – «Ең үздік креативті лагерь» атанды. Ал, Осакаров аудандық «Есіл» демалыс аймағы – «Үздік экологиялық лагерь» атағын жеңіп алды. Бұқар жырау аудандық «Солнечный» балалар сауықтыру орталығы – «Ең үздік спорт лагері», қарағандылық «Салют» – «Ең үздік шығармашылық лагерь», Осакаров аудандық «Солнечный» еңбек және демалыс аймағы – «Ең үздік абаттандырылған лагерь» атанды. Барлық жеңімпаздарға дипломдар табысталды. Қорытынды кеште лагерь тәрбиеленушілері қонақтарға арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Қарағанды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.