Зауытқа айыппұл салынды
Қарағанды облысы бойынша экология департаменті медициналық қалдықтарды өңдейтін зауытын жоспардан тыс тексерудің нәтижелерін жариялады. Кәсіпорын Қарағандыдағы Потанин көшесінде орналасқан. Көше тұрғындары «Кәсіпорыннан тарайтын зиянды түтін аймаққа зардабын тигізеді» деген уәжін бейнетаспаға түсіріп, бірнеше мәрте құжаттаған. Ұзақ уақыт бойы қарағандылықтар кәсіпорынды тексерудің қажеттігін құзырлы мекемелерге ескерткенімен, діттеген мақсатына қол жеткізе алмаған. Ақырында, зауытқа бас сұққан экологтар қоршаған ортаны қорғау заңнамасын бұзғаны үшін кәсіпорын басшылығына 350 мың теңгеге жуық айыппұл салды.
Экологтар зауыттағы жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы есеп те берді. «Утилизация ЛТД» ЖШС – өндіріс және тұтыну қалдықтарын қабылдауға, сақтауға және қайта өңдеуге маманданған кәсіпорын. Жоспардан тыс тексеру кезінде мамандар шаң-газ тазарту жабдықтарын пайдалану ережелерінің сақталмауы сынды бірқатар тәртіп бұзушылықты анықтады.
– Мәселен, газ-ауа жолында өндірістік ағаттықтар байқалды. Түтін газдарын тазартуға арналған инсинератор пеші мен МФ-001 дымқыл сүзгісінің жұмысы кезінде температура параметрлері бақыланбайды. Жоғарыда көрсетілген жайттар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының тиісінше орындалмауына Экологиялық кодекстің 207-бабының бұзылуына әкеп соқты. Бұл бойынша Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі бірінші бөлігінің 331-бабында көзделген құқықбұзушылық белгісі көрінеді. Сонымен қатар, департамент маманы ластаушы заттардың концентрациясын анықтау үшін аспаптық өлшеу амалын жүргізді. Жүргізілген аспаптық өлшеулер нәтижесінде шаң-тозаң көлемінің қалыбынан асып кетуі анықталды. Бұл факт – Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 39-бабының 9-бөлігін бұзу. Ол Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 328-бабының бірінші бөлігі бойынша құқықбұзушылық белгісі ретінде айғақталады, – деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің өкілі Әділет Қоянбаев.
Тексеру амалдарының қорытындысына сәйкес, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі бірінші бөлігінің 331-бабы бойынша кәсіпорынға – 138 мың теңгеге, ал 328-баптың бірінші бөлігі бойынша 197 513 теңгеге айыппұл салынды.
Ал, экологтар тексеруден кейін кәсіпорынға осы олқылықты жою қажеттілігі туралы нұсқама берілгенін атап өтті. Департамент ұйғарым талаптарының орындалуын бөлек қадағалауға ниетті.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»