Басты тақырыпРухани жаңғыру

Заман заңғарлары – тарих тұғырында

  Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел дамуының ертеңгі бағытын айқындап бергеніне күмән жоқ. Мұны біз Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалардан бөле-жара қарамауымыз керек. Керісінше, бұл жаңғыру – аталған қос реформаның өзегі, алтын қазығы іспеттес. Бұл туралы Елбасы да айтып өткен болатын. Себебі, тәу етер Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге ширек ғасырдан астам уақыт болғанымен, Біртұтас Ұлт ретінде қалыптасуымыз – көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың төккен тері мен еткен еңбегінің нәтижесі. Ал, ондай азаматтардың ұлтқа үлгі, елге елеулі болуы – заман һәм уақыт талабы. Міне, осы ретте Көшбасшымыз ұсынған «100 жаңа есім» жобасы – Отандастарымыздың жігерін жандандырып, рухын асқақтатары сөзсіз.

Өткен мыңжылдықтарға ой жүгіртер болсақ, Ұлы Даланы мекен еткен бағзы бабаларымыз ел іргесін нығайтып, халық бірлігін қалыптастыру жолында тән аямай ерлік, жан аямай өрлік танытқанына көз жеткізер едік. Білге қағанның «Әкеміз, ағамыз құраған халықтың атақ-даңқы жоқ болмасын деп, түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым» деуі – соған дәлел емей немене? Сондықтан, ат жалын тартып мінген ұландар мен қырандардың қай-қайсысы болсын құрмет пен ілтипатқа лайық.

Десе де, алып туған аналар замана заңғарларын дүниеге әкелуін бір тоқтатқан емес. Тоқтатпасын да дейік. Әр дәуірдің өзіндік өрені, данасы мен дарасы тағы бар. Аталған мақалада Президент «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын» деді. Орынды ұсыныс. Талантты тарих жазбаларына қалдырып барып емес, өз дәуірінде, өз ғасырында, өз заманында қадір тұтқанға не жетсін? Бұл ретте, талант деген ұғымды басы байлы өнер, мәдениет майталмандарына ғана таңып қоюдан аулақпыз. Елбасының өзі «Еліміздің Тәуелсіздік  жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы» деп ой түйеді. Яғни, мемлекетіміздің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтардың жүріп өткен жолын бұқараға барынша үлгі ету. Түпкі мақсат та – осы. Жынысы мен жасына, нәсілі мен дініне қарамастан, қара басының қамынан бұрын Қазақстанның қарыштауын көксеген азаматтарды айрықша марапат биігіне көтеру. Сан мыңжылдықтардан бері санамызға сіңген, ойымызға ұялаған, тамырымызда тарап, бойымызға біткен ең асыл қасиетіміз де осы емес пе? Жақсының есімін жаңғыртып, жақсылығын жұртқа жаю.

Осы «100 жаңа есім» жобасына қатысты енді бір сөзінде Көшбасшымыз «Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш» деді. Рас! Жоғарыда талант сөзіне қатысты ерекше тоқталып өтуіміздің ендігі себебі де осы болсын. Еңбек, білім, өнер сынды үкілеген үш ұғымның қасаң қалып пен шектеулі шекарадан әлдеқайда ауқымы кең екені бесенеден белгілі. Ал, осы үшеуін ту етіп, ортасынан оза шыққан азаматтардың жүріп өткен жолы расымен де құрметке ие. Бұлай дейтініміз, арман мен мақсат тоғысқан тұста ғана ұлы істер жасалады. Биікке ұмтылудың өзі бармақтай баққа бергісіз таудай талапты қажет етеді. Өмір атты бәйгеде, өнер атты өлкеде, білім атты теңізде сүрінбеу де, түңілмеу де мүмкін емес. Бәріміз дерлік сүріндік, бәріміз дерлік жеңілістің ащы дәмін таттық. Мәселе онда емес, мәселе – сол сүріністі жығылысқа айналдырмай, жігер жанып, қайрат шыңдап, мақсатыңа апарар жолға қайта түсе білу, аяққа тұра білуде. Сондықтан, жетістікке жетудің өзі – ұлы жеңіске жетумен пара-пар. Бар мен жоқты түгендеп қана қойып, түбегейлі шешім шығара алмайтын, адам жанын, атқарған ауқымды ісін, тартқан азабы мен жеткен ғажабын ашып айта білмейтін санаға сарсаң болған статистикадан гөрі, шынайылықты, нақты жетістік ту еткен бұл жоба – сонысымен де құнды. Міне, Елбасының туған халқына үлгі етпегі де осы ма деп топшылаймын.

Н.Назарбаев жетістікке жеткен қазақстандықтар һақында «Оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек. Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқиғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құралдарының басты нысанасына айналуға тиіс» деген еді. Айтса айтқандай-ақ! Дамыған елдердің телеарналарына назар салсаңыз, кілең игі-жақсыларын көрермен көзайымына айналдырады. Бұл – тақырыптың тапшылығынан емес, өскелең ұрпаққа өзіндік тың серпін берудің қажетінен пайда болған дүние. Замандас саналатын жекелеген тұлға тұрғысында деректі туынды тамашалау көрермен үшін қалай қызықсыз болсын? Ендеше, өз тағдырына өзі ие, өмірге шынайы көзқараспен қарай алатын, жігерлі, жалынды жастарды қалыптастырудың бірден-бір жолы – көпшіліктің құрметіне бөленген, талабы таудай азаматтарды көгілдір экраннан көптеп көрсету. Себебі, шынайы оқиға – шәк келтірмейді. Сондықтан, бұқаралық ақпарат құралдары тарапы жүзі жарқын жандарды халыққа мейлінше көптеп үлгі етуі қажет екені айтылды. Мәселен, «100 жаңа есім» деп отырған жүзден жүйріктеріміздің өзі сол бұқара халықтың арасынан өсіп-жетілмеді ме? Аспаннан аяғы салбырап түсіп, ә дегеннен-ақ алып биік белестерді бағындырған адам баласы жоқ. Бар жеңіс пен жетістік талғаммен, тәжірибемен, еңбекпен келеді.

Осы мақсаттарға қол жеткізудің тиімді тетігін де Елбасы өзі ұсынды. Жаңа жобаның қандай мәселелерді шеше білу керектігін де ескерусіз қалдырмады. Бұл біріншіден – ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту. Екінші мәселе – оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыру. Соңғысы – «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау.

Бүгінгі таңда байтақ еліміздің барлық аймағы Азаттыққа қолымыз жеткен жылдардан бергі еңбекқоры мен білімдісін, өнерлісі мен өрелісін тәптіштеп, жұрт білуге тиіс 100 жаңа есімін түгендеуде. Мұны біз болашаққа деген байыпты бағдардың, сенімді серпілістің, рухани жаңғырудың жемісі деп ұққанымыз абзал. Бір қуантарлығы, еліміздің ең ірі өңірі саналатын, Қазақстан экономикасына тіреу болып бағаланатын Қарағанды облысы да жақсылар мен жайсаңдарға кенде емес. Іріктей келсең іргелісі де, сұрыптай келсең саңылағы да табылады. Алаш дейтін алқалы жұрттың ардақтылары арамызда жүргенін ауыз толтырып айта аламыз. Сондағы, бізге жүктелген ең басты міндет – ел болып, жұрт болып жастар үлгі етерлік «100 жаңа есімді» халыққа жаңғырту.

Президент сөз соңында «Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс» деген еді. Сондықтан, алтын қорда аттары аталып, түстері түстелетін таңдаулылар қатарында жерлестеріміздің де есімі ойып тұрып орын аларына сенімдімін. Ел ертеңіне енжарлық танытпайтын есіл азаматтарымыз тарихи жобаның тұғырынан көріне білсін деп тілейік.

Серғазы ӘДЕКЕНОВ,

ҚР ҰҒА академигі,

Қарағанды облысы

 мәслихатының депутаты.

(Сурет ғаламтордан алынды).

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button