Жаңалықтар

Ерікті бастама – қоғамдық жауапкершіліктің көрінісі

Көктемде Абай қаласы маңында жоғалған жасөспірімді іздеуге тәртіп сақшылары мен құтқарушыларға қоса, еріктілер де жұмылдырылды. Он алты сағатқа созылған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде бала елдімекеннен 15 шақырым жердегі ашық даладан аман табылды. Мұндай сәтте адамның амандығы бәрінен қымбат. Ал, оған қол ұшын созуға асыққан азаматтардың әрекеті қоғамдық жауапкершіліктің нақты көрінісін аңғартады. Бүгінде Қарағанды облысында еріктілік қозғалысы қайырымдылық шараларымен ғана шектелмей, әлеуметтік қолдау, қоғамдық қауіпсіздік, экология және білім беру бағыттарын қамтып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында қоғам бірлігі мен азаматтардың ел алдындағы жауапкершілігіне мән берілуі де осындай бастамалардың маңызын айқындай түседі.

Сурет ЖИ

Президент Жолдауында қоғамның әлеуметтік тұғырын нығайту, азаматтардың белсенділігі мен ортақ іске жауапкершілігін арттыру мәселелері көтерілді. Бұл міндеттердің жүзеге асуына мемлекеттік мекемелермен қатар, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер де үлес қоса алады. Әсіресе, тұрғындардың өзара қолдауына негізделген бастамалар қоғамдық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Биыл еріктілер қозғалысына халықаралық деңгейде де ерекше назар аударылып отыр. Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды Орнықты даму жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялаған болатын. Бұл шешім еріктілік қызметтің қоғам дамуына қосатын үлесін кеңінен танытуға бағытталған.

Қарағанды облысында еріктілер қозғалысы түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 1775 еріктілік іс-шарасы өткізіліп, оларға төрт мыңнан астам адам қатысқан. Облыста 75 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Сонымен қатар, жастар ресурстық орталықтары жанынан 14 фронт-офис құрылған.

Алайда, еріктілік қызметтің ауқымын өткізілген шаралар мен қатысушылар санымен ғана бағалау жеткіліксіз. Оның шынайы нәтижесі қолдауға мұқтаж азаматтарға көрсетілген көмектен байқалады.

Мәселен, қыс мезгілінде Қарағанды қаласының еріктілері жалғызбасты сегіз тұрғынға жәрдемдескен. Олар қар басқан аулаларды тазалап, тұрмыстық шаруаларға көмектескен. Теміртауда бұл бағыттағы жұмыстарды «Шаңырақ» орталығының еріктілері жүргізсе, Нұра ауданындағы белсенділер боран кезінде қар құрсауында қалған көліктерді шығаруға атсалысқан.

Қоғамдық жауапкершіліктің тағы бір қыры – іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысу. Абай қаласындағы жасөспірімді іздеу кезінде полиция, Ұлттық ұлан, төтенше жағдайлар қызметі мен еріктілер бірлесе әрекет етті. Іздестіру топтары далалық аумақтарды тексеріп, баланы аман табуға күш жұмсады. Бұл оқиға еріктілердің кәсіби құтқару қызметтерімен үйлесімді жұмыс істеуінің маңызын көрсетті.

Өңірде еріктілік қызметтің бағыттары да кеңейіп келеді. Наурыз айында өткен облыстық форумда білім беру, медицина, қайырымдылық, экология және спорт салаларындағы бастамалар таныстырылды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Biz Barmyz ұйымы ағартушылық жобалары үшін, «Жұлдыз» медициналық еріктілік бағыты бойынша, «Ақниет» қайырымдылық жұмыстары үшін марапатталды.

Ал, Қазақстан Қызыл Жарты Ай қоғамының облыстық филиалы төтенше жағдайларда тұрғындарға көмек көрсеткені үшін атап өтілді. ZooHelp ұйымының жануарларды қорғау бағытындағы қызметі де назарға алынды.

Бұл мысалдар еріктіліктің тек жастардың бос уақытын тиімді өткізу тәсілі емес, белгілі бір қоғамдық қажеттілікке жауап беретін қызметке айналып келе жатқанын көрсетеді. Оның үстіне, медициналық және құтқару бағыттарындағы жұмыстар арнайы дайындық пен жауапкершілікті талап етеді.

Еріктілердің белсенділігі табиғатты қорғау шараларынан да байқалады. Сәуір айында Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде ұйымдастырылған «Таза жағалау» акциясына жүзге жуық тұрғын қатысқан. Олар Нұра өзенінің жағасын тұрмыстық қалдықтардан тазартуға атсалысты. Мұндай бастамалар қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Дегенмен, бір реттік тазалық шарасынан кейін аумақтың қайта ластанбауы да маңызды. Сондықтан еріктілік бастамалардың нәтижесі олардың тұрақты жалғасуымен және тұрғындардың күнделікті жауапкершілігімен сабақтасуы қажет.

Еріктілер кейінгі уақытта төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарына да тартылуда. Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті қараша айында ұйымдастырған өрт қауіпсіздігі онкүндігіне газ және энергетика саласының мамандарымен бірге еріктілер қатысқан.

Департаменттің мәліметінше, бірлескен шара барысында 566 тұрғын үй қамтылып, 1717 адамға қауіпсіздік талаптары түсіндірілген. Сонымен қатар, 29 үйдің мұржасы тазартылып, 33 баспанаға иіс газын анықтайтын құрылғы орнатылған. Бұл – барлық қатысушы қызметтер атқарған ортақ жұмыстың нәтижесі.

Еріктілік қозғалысының болашағы үшін ұйымдар арасындағы байланысты нығайту, қатысушыларды жүйелі даярлау және бастамалардың нәтижесін бағалау қажет. Осы мақсатта облыстық форумда «Сарыарқа волонтерлерінің хартиясы» қабылданды. Құжат еріктілер ұйымдарының ортақ ұстанымдарын қалыптастырып, өзара ынтымақтастығын дамытуға бағытталған.

Сайып келгенде, еріктілік – қоғамға пайда келтіруді өз міндеті санайтын азаматтардың саналы таңдауы. Біреуге қолғабыс ету, қауіптің алдын алу немесе ортақ мекеннің тазалығына атсалысу үлкен жауапкершіліктен басталады. Сондықтан еріктілер қозғалысының маңызы өткізілген акциялардың көптігімен ғана емес, адамдарға көрсетілген көмектің нақты нәтижесімен бағалануға тиіс. Қоғамдағы өзара сенім мен жанашырлықтың нығаюы да осындай игі істердің жалғасуына байланысты.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button