Жаңалықтар

Заң бұзған жазасыз қалмайды

   Қарағанды облысының Ішкі істер департаментінде жергілікті полиция қызметінің өкілдері Жоғарғы соттың алкогольдік және темекі бұйымдарын сатумен айналысатын субъектілерге қатысты шығарылған қаулысы бойынша мәселелерді талқылады. Заңнаманың жаңа нормалары негізінде енді сатушы ғана емес, сауда орнының иесі де жауапқа тартылатын болады.

Айта кету керек, осы кезге дейін кәмелеттік жасқа толмағандарға алкогольдік және темекі бұйымдарын сатқаны үшін сәйкес лицензиясы жоқ жеке тұлға – дүкен сатушысы ғана әкімшілік жауаптылыққа тартылып жүрді. Ал, көзге түспеген дүкен иесі болса, ешқандай жаза тартпастан қала беретін. Енді, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылғанның» заманы өтті. Жоғарыда айтқанымыздай, заңнаманы бұзу кезінде ұсталған дүкен сатушысына полиция қызметкері сәйкес хабарландыру қалдыру арқылы дүкен иесін де жауаптылыққа тартуға құқылы.

Оның үстіне, айыппұлдың да көлемі аз емес. 21 жасқа толмағандарға спирттік ішімдік сатқаны үшін жеке тұлғалар – 5 айлық есептік көрсеткіш, жеке кәсіпкерлер – 20, заңды тұлғалар, шағын және орта кәсіпкерлерге – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға 60 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, сауда үйлері, барлар мен мейрамханаларды қоспағанда, ішімдікті сатуға тыйым салудың уақыты да анықталды. Яғни, жұмыс күндері сағат 23:00-ден 08:00-ге дейін, демалыс, мерекелік  күндері – 24:00-ден 08:00-ге дейін. Аталған норманы бұзғаны үшін сәйкес айыппұл да қарастырылған.

Ювеналды полиция бөлімінің басшысы Руслан Құттыбаевтың айтуынша, түнгі уақытта және кәмелеттік жасқа толмағандарға спирттік ішімдік пен темекі бұйымдарын сатуда Қарағанды қаласындағы «Караван» және «Юбилейный» дүкендерінің сатушылары бірнеше рет әкімшілік жауаптылыққа тартылып, дүкен иелері жазасыз қалған. Тіпті, Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шығарған қаулысына қарамастан, аталмыш дүкендер жұмыстарын әлі де жалғастыруда.

Бұл мәселені біз  бірнеше жылдан бері көтеріп отырмыз. Енді заң сақталмаған жағдайда тәртіп сақшылары әкімшілік хаттамасын толтырып, оны сотқа жібере алады. Сот хаттамаға сәйкес, алкоголь өнімдері мен темекі бұйымдарын сатуды тоқтата тұру немесе лицензиясынан айыру туралы қосымша шешім шығарады, дейді – Қарағанды облысы Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Жалғасбай Жақаев.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button