Жаңалықтар

«Өз тіліңді құрметте»


Облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «Тілдарын» облыстық байқауын өткізуді дәстүрге айналдырған. 2012 жылдан бері жалғасын тауып келе жатқан байқаудың республикалық кезеңі 2015 жылы Қарағандыда өткен болатын. 2016-2017 жылдары (екі жыл қатарынан) республикалық байқауға Қарағанды облысынан қатысқан үміткерлер бас жүлде иегерлері атанды. Биылғы байқауда бақ сынаған жастар республикада облыстың намысын қорғайтын тіл білгірін анықтады.

Үш тілді жетік меңгерген облыс жастары арасындағы мықтыны анықтау қазылар алқасына оңайға түскен жоқ. Өйткені, сайыс барысында жалпы облыста үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастардың қатары көп екені байқалды. Бұл орайда, Елбасы «Мен балаларды кішкентай кезінен үйрету қажет дегенге толығымен келісемін. Үштілділік – біздің балаларымыз үшін аса қажеттілік. Олар мемлекеттік тілді білуі тиіс, ал орыс тілі – қарым-қатынас тілі, ағылшын тілі болса, әлемдік тіл, әлемдік ғылым, инновация мен интернет тілі», – деген болатын. Осыны ескерген ЖОО-ы оқытушылары және мектеп ұстаздары байқауға кіл мықтыларды жіберіпті.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мамандары да үш тілді жетік меңгерген жастарға қолдау көрсету мақсатында тапсырмалар санын көбейтіп, еліміздегі үштілді кеңістікті кеңінен насихаттауды көздеген. Сондай-ақ, бірнеше тілді меңгерген дарынды жастарды көпшілікке танытуды да ұмытпапты.
Сөйтіп, байқауға қатысқан 18-22 жас аралығындағы барлығы 30-ға жуық үміткер үш тілде білгірліктерін танытты. Байқаудың үш кезеңінде үміткерлер қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде берілген тақырыптардың мазмұнын ашты. Сауатты жастар өзін өзге тілде таныстырудан бастап, үш тілде эссе жазды. Қазылар алқасы мәтіндерді аудару кезінде орфоэпиялық сауаттылықтың сапалық деңгейі бойынша білімдерін ескерді. Байқау міндетіне сай келесі кезеңге алдыңғы кезең іріктеуінен өткен үміткерлер ғана жолдама алды.
Бұл жолғы байқау Балқаш, Жезқазған, Приозерск, Саран, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск қалаларынан, Абай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Шет аудандарынан келген білімді жастардың көптігімен ерекшеленді. Сондай-ақ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеттері, «Болашақ» академиясынан және Назарбаев Зияткерлік мектебінен келген оқушылар тіл меңгерудегі талпыныстарын үш кезеңде де сәтті көрсете білді. Жеңімпаздарды ғалымдар, тіл мамандарынан құралған қазылар алқасы анықтады.
Жаңбырбай ҚАҒАЗБАЕВ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің ағылшын тілі және лингводидактика кафедрасының доценті:
– Дана қазақ «Ана тілің алпыс тілге татиды» деп бекер айтпаған. Жастар қай елде жүрсе де, қай сайысқа қатысса да, алдымен, туған тілін жетік білуі тиіс. Елбасы «Пәндерді ағылшын тілінде оқыту жоғары сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Балаларға ағылшын тілін қазір үйретпесек, келешекте олардан кәсіби мамандар даярлай алмаймыз. Бұл – уақыт талабы. Ата-аналар мұны дұрыс түсінуге тиіс. Бұл ретте, қазақ тілін оқытуды да ұмытпауымыз керек», – деп атап өтті. Қазіргі таңда көп тілді білу қоғамның басты қажеттіліктерінің бірі екенін жақсы білетін жастар, үш тілді қатар игеру мәселесіне үлкен қызығушылық танытуда. «Тілдарын» байқауы – көп тілді меңгерген тұлға тәрбиелеп, қазақстандық патриотизмді нығайтудағы қажетті құралдардың бірі болып отыр. Оған қоса, көп тілді білген әрбір жас мемлекетіміздің нығая түсуіне де өз ықпалын тигізеді. Десек те, алдымен «Әрбір халық өзінің ана тілінде ғана бақытты» екенін ұмытпауымыз керек.
Ілеспе аудармаға негізделген үшінші айналымда байқауға қатысушылар мемлекеттік тілде берілген мәтінді орыс тіліне аударып, өздерінің шапшаң ойлау қабілеттері мен сөздік қорларының қаншалықты бай екендігін байқатты. Байқау жеңімпаздарын үшінші айналымның нәтижесі анықтады. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Никита Савин облыстық конкурстың жеңімпазы атанып, республикалық «Тілдарын» байқауында Қарағанды облысының намысын қорғайтын болды.
Аймақ жастарының 2016-2017 жылдары республикалық байқауда үздік танылғанын ескерген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мамандары биылғы жүлдеден де үмітті екенін жасырмады. Үш тілді жетік меңгерген Никитаға полиглот ғалымдар және тіл мамандары сенім артып отыр.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button