Зұлмат жылдар – жадыда
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тарихымызды таразылауды, өткеннен сабақ алып, келешегімізді саралауды міндеттейді. Шынында, біздің дамуымыздың діңгегі, бастау алар негізі – бұрынғы өткен уақыттарда жатыр. Сарыарқаның төрінде орналасқан, бүгінде 90 жылдығын тойлағалы отырған Шет ауданының әр ауылы тарихқа тұнып тұр. Солардың ішінде Батық ауылының өткені мүлде ерекше. Мұнда ҚарЛагтың атақты бөлімшесі АЛЖИР-де азап шеккен әйелдер қамауда болды.
АЛЖИР – 1937 жылы ашылған №17 лагерь бөлімшесі. Оған кеңес империясының түпкір-түпкірінен «халық жауы» атанған қайраткер тұлғалардың әйелдері және туыстары топтастырылған. Яғни, АЛЖИР – орысша «Акмолинский лагерь жен изменников Родины» деген ұғымды білдіреді.
«Ақмола-Қарағанды арасында,
Қой бағам Батық, Жарық даласында.
Сақтаймын оң көзімдей баққан қойды,
Ешбір ой қойдан басқа болмай қойды».
Бұл ертеден қара кешке дейін қой соңында салпақтап жүрген аналардан қалған өлең. Осы деректерден-ақ АЛЖИР-дің аумағы қуғын-сүргін зобалаңының қарқынымен үндесе ұлғайып, Батық елді-мекенін қамтығанын байқаймыз. Мұнда Казкрайкомда екінші хатшы болған Сұлтанбек Қожановтың зайыбы Күләндәм, аса ірі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза мал дәрігері қызметін атқарған. Батықта 1951 жылы 1333 адам болған екен. Ерлер және әйелдер аймағы болды. Лагерлік бөлім «Орталық», «Бестөбе», «Возрождение» және «Аптека» деп аталатын пункттерден тұрады. Лагерде белгілі ақын Болат Окуджаваның анасы, маршал Блюхердің әйелі, тағы басқа көрнекті партия қызметкерлерінің туған-туыстары отырды. Тағдырлары тәлкекке ұшырап, «халық жауының» әйелдері атанған бейкүнә жандар жазасы біткенге дейін лагерде қайғы-қасіреттің азабын басынан өткеріп, шарасыздықтан ауыр жұмыстарға жегілді. Жазасын өтеп шыққандардың көбі бейбіт еңбекке араласты. Тіпті, орден-медальмен наградталып, құрметті атаққа ие болғандары да бар. Алайда, темір тордың арғы жағында өткен жастық шақтың азапты жылдары салған жан жарасын орден де, басқа да толтыра алмайтындығы белгілі ғой…
Міне, бір кездері саяси сенімсіздер жазасын өткерген Батық жерінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап арнайы ескерткіш тақта ашу рәсімі өтті. Арнайы қоршалған шағын саябақтың ішінде ескерткіш тақта ақ матамен жабулы. Ескерткіш орнатылған алаң төсеніш тастармен көмкеріліп, орындықтар қойылып, жарқырағыш шамдар орнатылған. Тақтаның екі жағынан «Жас ұландар» тобы сап түзеген. Сай-сүйегіңді сырқыратар азалы қобыз үні баяу ойнауда.
Ескерткіш тақтаны ашу рәсімін аудан әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин мен Бейімбет Майлиннің жиені, жаңаарқалық Жарылғап Сейітжанов жасап, жамылғы пердесін сыпырды. Бұдан кейін А.Әбілдин бүгінгі шараның маңыздылығын айтты.
– Жазықсыз жапа шеккендердің ішінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бейімбет Майлиннің әйелі Күнжамал «Купка» деген төбешікте сегіз жыл бір отар қойды баққан. Бас еркінен айырылған жандар егін салды, бау-бақша өсірді, құс фермасы үшін тоған байлап, ағаш екті, мал тұқымын асылдандырды. Арқаның ауа райына бейімделген жеміс-жидек түрлерін шығарды, селекция жұмыстарымен шұғылданды. Айдауда жүрген сол жандардың тартқан азабының белгісіндей болып бүгінде зәулім ағаштар сап түзеп тұр. Қолдан жасалған көлдер мен қарасулар әлі де бар. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін ұмытпау, есте сақтау ұрпақ парызы болып табылады. Саябақтарыңызды жаңғыртып, ортасына ескерткіш тақта ашып отырған сауапты істеріңіз ауданның 90 жылдық мерекесіне арналған тарту деп қабылдаймыз, – деді.
Бейімбет Майлиннің жиені Жанбота сөз алып, өздері «мама» деп айтатын Күнжамал әжелерінің тағдырын аса тебірене тұрып еске алды. «Халық жауының» әйелі» деп 58-статьяның 17-тармағымен сегіз жылға кесіп, соттап жіберді. Түрме толған әйелдер. Тіпті, кейбіреулерін емшектегі балаларымен алып келген. Ақыры этапқа алынып, Батықтан бір-ақ шыққан. Темір тор ішінде тотыдай тұншыққан аналарымыз қой соңында салпақтап, мал бағумен күндерін өткізген. Ескерткіштің ашылу салтанатына Күнжамалдың қызы Рәзиядан туған Әбүйір Жарылғап пен Жанбота, келіні Дина келген екен. Олар әжелерінің кейінгі тағдыры жайында тартымды әңгімеледі.
Иә, кезінде АЛЖИР-дегі тар қапаста көп ұлттың әйелдері отырды. «Басқа түссе баспақшыл» дегендей бірігіп барақ салды. Мал бағып, қамыс орды, жер өңдеп, бау-бақша екті. Сиыр сауып, киім тікті. Бір нүктеде енесі, шешесі, келіні, қызы қатар отырғандар да болды. «Каторганың» төбе құйқаңды шымырлатар тірлігін бірге көрді. Саяси қуғын-сүргін кезеңі мыңдаған жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі беттерінің бірі болып қала бермек. Олардың есімдерін еске түсіріп, өлмес рухтарына, өшпес даңқтарына құрметпен қарау бүгінгі ұрпақтың парызы.
Ауыл тұрғыны Ольга Баева мен ақсақалдар алқасының төрағасы Зарлықхан Әбілдин сөз алып, осы аймақта жазасын өтеген соң тұрақтап қалғандар жайында еске алды. Жиналған көпшілік ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, соңынан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап құран оқылып, ас берілді.
Б.ТОЙШЫБЕК.