«Өз үйім – өлең төсегім»

   Үй алуды арман етіп, түсінде ғана көретін кезең келмеске кетіп барады. Екінші дәрежедегі банктермен салыстырғанда үй алу үшін төмен пайызбен қарыз беретін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы арманына қол жеткізген отбасы қаншама. Осыған дейін «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы бастапқы салымсыз пәтер алғандар болса, енді, ел «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында сатып алатын үйінің 30%-ын жинау арқылы баспанаға қол жеткізе алады. Бағасы да – қолжетімді. Банк қызметкерлерінің айтуынша, пәтерлердің 1 шаршы метрі 140 мың теңгеден аспайды. Бұл туралы «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкінің Қарағанды облысында атқарған жұмыс қорытындысы мен «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған баспасөз мәслихатында мәлім болды.

2018 жылы Қарағанды, Балқаш және Жезқазған қалаларында 2 292 пәтерден тұратын 15 тұрғын үй пайдалануға беріледі. 1 шаршы метрдің бағасы 90 мың теңге мен 140 мың теңге аралығында болады. Пәтерлерді шотына үй құнының 30 пайызын жинаған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары салып ала алады. Жетпейтін соманы банк жылдық мөлшерлемесі 5% болатын алдын ала тұрғын үй қарызы ретінде береді.

–       «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттары бойынша тұрғызылған үйлердің 50 %-ы жергілікті әкімдікте кезекте тұрған жандар арасында бөлінеді. Бірақ, бұл азаматтарға да «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіден» шот ашып, қаражат жинай бастауы керек. Шот неғұрлым ертерек ашылып, қаражат жинақтала бастаса, әлеуметтік тұрғын үй алу мүмкіндігі де соғұрлым артатынын салымшыларымыз қаперде ұстауы керек. Айта кету керек, жинақ мерзімі неғұрлым ұзақ болса, несие бойынша мөлшерлеме де соғұрлым төмен болады, – деп түсіндіреді банктің Қарағанды облыстық филиалының директоры Гүлнәр Дабылова.

Бұдан бөлек, 332 адам «Өз үйім» бағдарламасының аясында тұрғын үй ала алады. Олардың 152-сі – прокуратура қызметкерлері. Бұл азаматтарға берілетін төмен бағадағы баспана «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен Қарағанды облысы прокуратурасының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес салынады.

Осы жылы банк бизнес процестерін оңтайландыру бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Baspana.kz порталы іске қосылды. Мұнда «Нұрлы жер» және «Өз үйім» бағдарламаларының аясында салынып жатқан нысандар туралы барлық ақпаратты білуге болады. Порталдың іске қосылуы банк клиенттеріне қызмет алуды ыңғайлы етіп қана қоймай, әлеуметтік тұрғын үй бөлу процесін ашық, айқын ете түсті. Сайтқа кірген қолжетімді баспанадан үміткер адам аймақта қандай нысандар салынып жатқанын, қай жерде өтініш қабылдап жатқанын көріп, ұнаған пәтерін таңдап, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтінім бере алады.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысындағы 71 мың банк салымшысы мемлекеттік сыйақы ала алады. Олардың                       21 мың келісім-шартты осы жылы бекіткен. Мемлекеттік сыйақы 200 айлық есептік көрсеткіштен, яғни, 453 800 теңгеден аспайтын салым сомасы бойынша есептеледі. Яғни, жыл бойы банк клиенті осынша ақша жинаса немесе оны бірден салып тастаса, 90 760 теңге көлеміндегі ең жоғарғы сыйақы алады.

2018 жылдан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әскери қызметкерлерге арналған жаңа өнім ұсынады. Әскери мамандар бюджеттен тұрғын үйді жалға алу үшін алатын тұрғын үй төлемдерін пайдаланып, баспаналы бола алады.

Бұған дейін ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлерді, курсанттар мен кадеттерді қоспағанда, тұрғын үйді қажет ететін әскери қызметкерлер және арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері тұрғын үй жалдағандары үшін мақсатты өтемақы алатын еді. Келесі жылдан бастап әскери қызметкерлер дәл осы тұрғын үй төлемдерін пайдалана отырып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысу арқылы баспаналы бола алады.

Жаңа модель қай жағынан алсаң да тиімді болмақ. Біріншіден, тұтынудан қаражат сақтап, жинауға көшуге мүмкіндік береді, себебі, әскери және арнайы орган қызметкерлері тұрғын үй төлемдерін баспаналы боламын деп жинай бастайды.

Екіншіден, жаңа механизм бюджет шығындарын әскери қызметкерлердің баспаналы болуы үшін жұмсалуына жол ашады.

Үшіншіден, әскери қызметкерлерді несиелендіру бір өнім аясында жүзеге асырылатын болады. Яғни, тұрғын үй төлемдерін алушылар мен тұрғын үй төлемдерінің көлемі  орталықтандырылады, республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың қалай пайдаланылып жатқаны ашық жүреді.

Жаңа өнімге сәйкес, әскери қызметкерлер жаңа үй де, қайталама нарықтағы жылжымайтын мүлікті де сатып алатын болады. Өнім шарттарының бірі – қарыз бойынша төлем көлемі тұрғын үй көлемінен аспауы керек.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.