Бас тақырып

“Қызылорда – Жезқазған” жолына қаржы бөлінеді

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен Еуропалық қайта құру және даму банкі «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын реконструкциялау жобасын іске асыруда ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Қол қою рәсімі «Қазақстанның көлік және муниципалдық инфрақұрылымындағы сын-қатерлер мен цифрландыру мүмкіндіктері» дөңгелек үстелі аясында өтті. Оған ЕҚДБ президенті Одиль Ре но-Бассо, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Асқар Мұратұлы, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан және Алматы әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында жол инфрақұрылымның мәселелері мен перспективалары және жол активтерінің жұмысын оңтайландыру үшін цифрлық технологияларды пайдалану талқыға салынды. Тараптар бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды табысты іске асыруда. Олардың бірі – жалпы ұзындығы 427 шақырым болатын «Қызылорда-Жезқазған» жобасы болмақ. Еуропалық қайта құру және даму банкі Қызылорда облысының аумағы арқылы өтетін 219 шақырым автожолды реконструкциялауды қаржыландырады. Айта кету керек, «Қызылорда­-Жезқазған» жолы өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған және бүгінгі күнге дейін күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Жобаны жүзеге асыру өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, өткізу қабілетін тәулігіне 7 мың автокөлікке дейін ұлғайтуға, сондай-ақ, жобада 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың соңында бастау жоспарланған. Реконструкциядан кейін жол 2 жолақты қозғалысы бар екінші техникалық санатты болмақ.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button