Ыстық пейіл, жайдары көңіл

     Көктемнің көрікті мерекесі қарсаңында Ұлытау ауданының ішкі саясат бөлімі мен аудандық жастар ресурстық орталығы қоғамдық белсенді ұстанымы бар қыз-келіншектерді дөңгелек үстел басындағы кездесуге шақырды. «Қыздарға әсемдік жарасады» тақырыбы барысында жанға жағымды әңгіме қозғалып, қатысушыларға құттықтау хаттар мен гүл шоқтары ұсынылды.

Жүздесу кезінде ұйымдастырушы тараптың өкілдері жастардың жалпы қауымға ұнамды әрекеттеріне ұйытқы болып, өзгелерге өнеге көрсете білгендері үшін бойжеткендер мен жас отаулардың отаналарына ыстық ықыласқа толы лебіздерін білдірді. Өзара пікір алмасулар сәтінде аудан жастарының «Өзін-өзі» басқару ұйымының белсенділері ұлт ұрпағы тәрбиесіне, қоғамдағы әйел-ананың баға жетпес маңызды роліне қатысты аузы дуалы ғұламалардың сөздерінен мысал келтіріп, олардың мәні мен маңызы жайлы ойларымен бөлісті.

Шырайлы әңгіме ажарын әуелеген әсем ән одан әрі айшықты ете түсті.

– Адамзаттың әсем бөлігі – ару қыздарға арнап жыр жазбаған ақын, ән шығармаған сазгер жоққа тән. «Қызыл гүл», «қарақат көз», «қиғаш қас», «алма мойын», міне, бұлардың барлығы соларға арналған теңеулер. Қазақ халқы қыз баланы ерекше қастерлеген, тұңғыштары қыз болса, «шаңыраққа ырыс келді» деп бағалаған. «Елдің көркі» деп әспеттеп, жүрегін жылылыққа бөлеп әлпештеген. Оның себебі, қыз – болашақ ана. Бізді қыз-келіншектердің жас ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамайтыны, өз тұстастарының түзу жолда жүруіне ықпал етуге талпыныс жасауы қуантады. Бүгінгі кездесуге сол санаттағы замандастарымыз шақырылды. Әңгімелесу кезінде қозғалған өмірдегі әдеп ұстанымдары хақында әдемі ой түйіліп, тұжырымдар жасалды. Демек, жүздесу нәтижесінің жалпы қоғам үшін пайдалы әсері мол болары анық, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының инспекторы Гаухар Төлеубай.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҰЛЫТАУ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.