Қыста қалтырамас үшін

«Караганда Энергоцентр» ЖШС – облыстағы  жылу мен  электр энергиясының негізгі өндірушісі. Кәсіпорын қызметі Қарағанды қаласын уақытылы әрі  үздіксіз жылумен, электр энергиясымен жабдықтауды мұрат етеді.  Кәсіпорын құрылымында қос жылу электр орталығы бар. Олар – бірінші және үшінші жылу электр орталығы.  Екеуінде 16 қазандық пен 10 турбина орнатылған. Кәсіпорында 1 301 адам еңбек етеді. Бұл деректерге біз  Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды ​​облысы бойынша департаменті  «Караганда ​​Энергоцентрмен» бірлесіп өткізген экскурсия кезінде қанық болдық…

«Компания объектілерін қайта жаңартып-жаңғыртуға, инвес­тициялық бағдарламаларды іске асырудағы тиімділік қаншалықты  пайдалы?» деген бір сауал құзыр­лы мекемелер басшылары мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен журналистерден құралған арнайы делегацияны алға бастады. Тараптардың көздегені бір. Ашықтық.  

– Жұмыс кесте бойынша жал­ғасуда. Биылғы жөндеу бағ­дар­­ламасының жалпы құны – 13 млрд. теңге шамасында. Сәл ер­терек біз Үкіметке де жұмыс қорытындысы бойынша есеп бер­ген болатынбыз, – деді компания  бас директорының міндетін атқарушы Мұхтар Сүлейменов. – Үшінші жылу электр орталығында үрлемелі желдеткіштердің негізгі тораптары мен екі қазандық агрегатындағы шаң-көмір қыздырғыштары ауыстырылады, – деп нақтылады ол. –  №3 күл үйіндісі секциясының құрылысы, үшінші жылу шығару құрылысының жобасын іске асыру шеңберінде технология­лық құбырларды ре­конс­трукциялау, турбинаның жо­ғары қысымды цилиндрлерінің бу өткізгіш құбырларындағы бұрмаларды ауыстыру жүргізілуде.

«Караганда Энергоцентр»  табиғи монополия субъектісі екендігін естен шығармаған маңызды. Қазіргі қолданыстағы тарифі 1 Гкал үшін 3 050,51 теңгені құрайды. Бүгінде энергетиктер №5 қазандық агрегаты мен  №6 қазандық агрегатына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Көңіл бұрып, ұққысы келгендердің барлығына компания өкілдері ЖЭО-1 және ЖЭО-3 жабдықтарын дайындау бойынша жөндеу бағдарламасы жарты жылға есептелгенін мәлімдеді. Оған нақтылағанда  13 млрд. 698 млн. теңге жұмсалады.

– Оның 6 млрд. 91 млн. теңгесі қазандықтар мен турбиналарды, сондай-ақ қосымша жабдықтарды, Қарағанды ЖЭО-3 ғимараттары мен құрылыстарын күрделі жөндеуге қарастырылған, – деді Мұхтар Сапарғалиұлы. – Қарағанды ЖЭО-3 үшін №3 күл үйіндісінің 1-ші секциясын салуға және Қарағанды ЖЭО-1 күл үйіндісін құрғақ күл жинау әдісімен реконструкциялауға да сол сомаға жетеқабыл қаражат дерлік бағытталды. Қарағанды ЖЭО-1 қазандықтарын, турбиналарын, сондай-ақ қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды күрделі жөндеуге шамамен 926 млн. теңге қарастырылған. Екі станцияда күрделі, кеңейтілген-ағымдағы және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жоғарыда жиі қайталанған екі жылу орталығы да маңызды аймақ. Онда қаланың орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне жеткізілетін жылу энергиясының 83% өндіріледі. Жылу энергиясын өндіру бойынша инвестициялық бағдарламаны орындау шеңберінде 2023 жылы ЖЭО-1-де жылыту және экологиялық жабдықтардың жұмысын жақсартатын шаралар іске асады.

– Жылыту маусымына дайын­дық негізгі жабдықтарды жөндеу­мен ғана шектелмек емес. Түтін құбырларын, электр қозғалт­қыштарын, сорғы жабдықтарын, тепловоздар мен бульдозерлерді оңдау және бағыттамалық бұрмаларды ауыстыру жүргізілуде, – деді техникалық директор. – Жөндеу жұмыстарының жалпы көлемінің 75% құрайды. Станцияларда жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.

Инвестициялық бағдарлама бойынша 2023 жылы өткізілген шаралардың жалпы құны 1 213 618 мың теңгені құрайды. Жергілікті маңызы бар ЖЭО-1 станциясында қазандық агрегатын күрделі жөндеу, екі қазандықты ағымдағы жөндеу, сондай-ақ су жылытатын қазандық агрегатын ағымдағы жөндеу аяқталды. ЖЭО-1-дегі төрт турбинада күрделі, кеңейтілген-ағымдағы және ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Станцияларға жанар-жағармай жеткізілуде және қазіргі уақытта отынның нормативті қоры  қамтамасыз етілуде, ол барлық жылыту кезеңінде сақталады.

– Инвестициялық міндеттемелерді орындау бойынша бізді өңірдегі департамент өкілдері үнемі бақылап отырады. Күнделікті жұмыс көз алдында болған соң  сұрақ туындамайды, – деді ол. – Жылыту маусымының басында 100% дайын болу үшін біз барлық белгіленген көлемдерді уақытында орындауымыз керек.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.