Қыста қалтырамасқа сенім бар

Өткен қыста еліміздің біраз қаласы «мұз дәуіріне» өтіп барып, әупіріммен әрең қалды. Құзырлы органдар жыл сайынғы жылыту маусымына дайындық туралы есептерінде «қақаған қысқа сақадай саймыз» деп жарыса жариялағанымен, бүрсең қаққан жұрт көктемге өзегі талып жеткені рас. Егер Екібастұзда апат болып, қазандық жарылмағанда, еліміз көп ұзамай энергетикалық күйреудің аз-ақ алдында екен. Дәл осы жағдайдан кейін республика бойынша, оның ішінде, Қарағанды да бұған дейін «ешкім басын ауыртып, балтырын сыздатпаған» жылу желілерінің жағдайына көз қырын сала бастаған-ды. «Бақсам бақа екен» демекші, сөйтсе, Кеңес дәуірінде салынып, содан бері күрделі жөндеу көрмеген жылу желілері әбден тозығы жетіп, ілдалда күйде. Тіпті, биылдан қалып, жөндеу жүргізілмесе, алты ай қысты өткеретін Қарағанды, оның ішінде, Теміртау Екібастұздың кебін киеді екен. Одан бөлек, елімізде коммуналдық желілері айтарлықтай тозған төрт облыс болса, соның бірі – Қарағанды екені тағы бар. Егер желілер шұғыл қалпына келтірілмесе, жағдай қиын. Бұл ел көлемінде ең көп жылу электр орталығы бар өңіріміз үшін маңызды болмағын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз.

Жылыту маусымына дайындық тиянақты

Облыстың энергетика және тұрғын үй­коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Ербол Төлеуов осылай дейді. Тіпті, биыл жылыту маусымына дайындық барысында облыс әкімдігінде арнайы штаб ұйымдастырылып, оның құрамына тиісті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың қызметкерлері кірген. Атқарылуы тиіс шаралар кестемен жүргізіліп, қатаң қадағалауда. Кестеден ау ытқығанның қиқаңын ешкім көтермейді. Себебі, алда қылышын сүйретіп, қыс келе жатыр.

– Биылғы жылыту маусымына 96 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа, жылу­электр орталықтары, жылу көздері мен жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 24 миллиард теңгеге артық екенін айту керек. Қаржыландыру көздері әр түрлі. Бірінші республикалық және облыстық бюджеттен бөлінді. Екіншіден, жылу­электр орталықтарын ұстап отырған монополистердің өз қаржылары да бар, – дейді Ербол Уәлиұлы. Бөлінген қаржының біраз бөлігі жылу желілерін алмастыруға жіберіледі. Ол үшін 34 миллиард теңге қарастырылған. Ал, 96 миллиард теңгенің 16 миллиарды – жылу­электр орталықтарының өзіндегі жұмыстарға жұмсалады.

Қарағанды – жылу орталығы көп өңір

Жалпы, облыста жеті жылу­электр орталығы бар. Қарағанды – 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланың ішіндегі ең көп жылу­электр орталығы бар жалғыз өңір. Одан бөлек, 660 автономды жылыту жүйесі тағы бар. Олар әлеуметтік маңызы бар нысандарды, атап айтқанда, мектептер мен балабақшаларды, ауруханаларды, спорт және мәдени нысандарды жылытады. Басқарма басшысы биыл осы нысандарға да ақша бөлінгенін айтып отыр. «Облыстағы 660 автономды жылу жүйелеріне 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді» дейді ол.

Жалпы, биылғы бөлінген қаржы көлемі қаншалықты ауқымды болса, атқарылатын жұмыс одан да көп. Одан бөлек, ақшаны неғұрлым тозып тұрған бөлікке бөліп, оңтайлы жұмсап, аз шығынмен шығу тағы бар. Мәселен, Ербол Уәлиұлы 96 миллиард теңгенің 34 миллиарды жылу қуатын тасымалдауға бөлінетінін айтады. Электр жүйесін тасымалдау үшін 16 миллиард қарастырылған.

– Жылыту маусымына дайындық жұмыстары әр түрлі. Оған күрделі және ағымдық жұмыстар кіреді. Одан бөлек су және кәріз құбырларын жөндеуге де 21 миллиард теңге бөлінді. Газдандыру да тыс қалған жоқ. Мәселен, жалпы бөлінген 96 миллиард теңгенің 6,37 миллиарды осы салада, – дейді Ербол Уәлиұлы.

Дайындық – 79 пайыз

Қарағанды облысында 5743 көпқабатты тұрғын үй бар. Күн суытқанға дейін оның бәрін сақадай сай қылу керек. Сәйкесінше, басқарма басшысы дайындық жұмыстарын бірлесе атқарып жатқандарын айтады. Мәселен, қала әкімдіктерінің құзырына кіретіні – дайындық жұмыстары, жылуды тасымалдау. Әрі қарайғы шаруа – тұрғындардың міндеті. Атап айтқанда, ПИК­тер мен МИБ­тердің жұмысы басталады. Олар өздеріне қарасты үйлердегі жүйені қысқа дайындайды

– Кесте бойынша жұмыстардың 79 пайызы орындалды. Жылыту маусымына дейін әлі 1,5 ай бар. Оған дейін жұмыстарды толық орындап бітіреміз, – деп уәдесін берді Ербол Төлеуов.

Айтпақшы, жылыту маусымына дайындыққа көмір түсіру де кіретінін ескеру керек. Қазір облыстағы жеті жылу­электр орталығы көмірмен жабдықтаумен қызу айналысуда. Себебі, күзден көктемге дейін орталықтар 6 миллион 500 мың тонна көмір жағады. Қазір бары – 1 миллион 100 мың тонна. «Әр станцияда 20 күндік көмір қалдығының қоры болуы керек» дейді басқарма басшысы.

Теміртау қысты 6 қазандықпен бастайды

Дайындық дайындықпен, бірақ, қиындықтар да жоқ емес екен. Теміртаудағы жылуэлектр орталығына ие болып отырған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ­ның кежегесі кейін тартып, тағы да жұмыс кестесін бұзған

– Өткен жылы қысқа қалай кіргенімізді білеміз. Соған байланысты бұл бағытта дайындық жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Теміртау қысты алты қазандықпен бастау керек деген мақсат қойдық. Сондықтан, жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жұмысты кесте бойынша жүргіземіз. Жұмыстар облыс әкімінің жеке бақылауында, – дейді Ермек Уәлиұлы

Жалпы, теміртаулықтар да отыз жыл қатарынан құбырлардың айырбасталмағанына назары. Басқарма басшысы жылу­электр орталығына «АрселорМиттал Те­міртау» АҚ ие болса, жылуды тасымалдайтын жалғыз монополист – «Оқжетпес» ЖШС екенін айтады.

– 2017 жылы ғана кәсіпорын қала әкімдігінің балансына өтті. Сол кезден бүгінге дейін жобалар қарастырылып келеді. Алдымен, экономикалық негіздеме жүргізілді. Жұмыстың бұл кезеңінде жобаның орындылығы мен тиімділігі қарастырылып, техникалық және ұйымдастырушылық шешімдер, есеп айырысу­сметалық, бағалау және басқа да көрсеткіштерді қамтитын есеп айырысу­талдау құжаттары қаралды. Содан соң жобалық­сметалық құжаттар дайындалады. Оған кемі 1,5 жыл керек. Бүгінде Теміртауда 6 үлкен жоба жүзеге асырылуда. Бірінші кезекте жылу желілерінің үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз етеміз. Бәрі бірден бола қалмайды. Жұмыстар жыл сайын жүргізіледі. Биыл 5 миллиард теңгеге 11 шақырым магистральдық жылу желілері ауыстырылады, – деді Ербол Төлеуов.

Салтанат ІЛИЯШ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.