Қыс – қатал сыншы

Қыс та келіп қалды қылышын сүйретіп. Әрине, бұл мезгіл жазғы дайындықты сынға алады. Үй суық болса, мазамыз кетеді. Сондықтан, бұл уақытқа ертеден дайындалу керек-ақ. Ал, іске ерте кіріскен Қарағанды қаласында қысқа дайындық қарқынды жүрді. Биыл жылыту маусымы да өткен жылдарға қарағанда ерте басталды. Жылу беру маусымының басталуы туралы облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай ҮСЕНОВ онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте баяндаған болатын.

– Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес, ЖРВИ және Covid-19 ауруларының өсуіне жол бермеу мақсатында және температураның күрт төмендеуіне байланысты 25 қыркүйектен бастап Қарағанды және Шахтинск қалаларында жылу беру маусымы басталды. 1 қазанға дейін облыс орталығында барлық үйлер мен мекемелер қосылады. 28 қыркүйектен бастап Теміртау, Саран қалалары, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров аудандарында жылу беріледі, – деді басқарма басшысы.

Айта кету керек, жылыту маусымының басталуы штаттық режиде өтуде. Көмір мен мазуттың қоры жеткілікті. Жергілікті көздерден жылытылатын әлеуметтік нысандар көмірмен қамтамасыз етілген. Бюджеттік ұйымдардың отынға жалпы қажеттілігі 189,2 мың тонна. Бүгінгі күні 174 мың тоннадан астам отын жеткізілді. Бұл – жоспарланған көрсеткіштің 92,3 пайызы. – Сегіз энергия көздерінде 26 қазандық пен 15 турбинаны жөндеу жоспарланған. 72 қазандық, 693 автономды жылыту жүйесі, 115 шақырым жылу желісі, 3 300 шақырым электр желісі, 310 шақырым су құбыры және кәріз желілерін дайындау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 10 қазандық пен 6 турбинада жұмыстар аяқталды. 13 қазандық пен тағы 6 турбина жөн

деліп жатыр, – деді Ұлантай Үсенов. Барлық станциялар көмір жеткізу бойынша келісімшарт жасады. Отын көмір қоймаларына түсіріліп жатыр. Қажетті қор бар. Алдағы күзгі-қысқы кезеңге шамамен 4 млн. тонна көмірдайындалады. Ал, жақында Қарағанды қаласындағы Бобруйская көшесі тұрғындарының үйлері орталық жылуға қосылды. Көптеген жылдар бойы олар пәтерлерін негізінен пешпен жылытып келген. Жоба Қарағанды облысының әкімдігінен қолдау тауып, «Нұрлы жер» және «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламалары бойынша қаржыландырылды– Біздің үйлер орталық жылуға қосылды. Енді бізде жылу ғана емес, ыстық су да болады. Мемлекеттің қолдауының арқасында пәтер ішіндегі кұбырлар үшін төлем бөліп-бөліп төленеді. Негізінен, бізде зейнеткерлер тұрады, олар мұндай қомақты соманы бірден төлей алмайды. Біз үшін бұл үлкен көмек, – деп атап өтті Бобруйская көшесінің тұрғыны Бейбіт Жұмабеков.

– Барлығы бес үйді қосамыз – 102 пәтер. Сонымен қатар, «Теплотранзит» жұмыстарын жүргізеді. Ұйым орамішілік желілер жүргізеді – әрбір үйді орталық магистральға қосады, – деген болатын облыстық тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының директоры Данияр Дүйсенбаев.

Мердігер ұйымдар пәтер ішіндегі және үй ішіндегі инженерлік коммуникацияларды монтаждауға кірісті.

– Әрбір пәтерге жылу мен ыстық су жеткіземіз. Пәтерлерге өткізілген құбырлар шыны талшықпен арматураланған. Сонымен қталды радиаторлар пайдаландық. Олар өте сапалы. Біз, сондай-ақ, жертөле құбырларын өткіземіз. Автоматтандырылған жылу пунктін де орнатамыз, – дейді «СпецСтройГрупп» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Руслан Ахымбеков.

Айта кету керек, Қарағандыда құны 22 млрд. теңгеге салынып жатқан жылу құбырының құрылысы келер жылы толық аяқталады. Бұл қаланың Оңтүстік-шығысы мен Майқұдық елді мекенінің тұрғындары пәтерін жылыта алмай отырған тұрғындарға едәуір сеп болмақ. Қазір бір мезетте үш бірдей сорғы станциясы салынып жатыр. Үшінші жылу құбырының құрылысын қарағандылықтар көптен күткен болатын. Себебі, тұрғындар қыс келсе, пәтерде бойы жылымай, «жарымаған жылу үшін қыруар қаржы төлейміз» деп күйінетін. Жаңа жобаның қуаттылығы төрт жүз гигакалориядан асатын болады. Бұл, тіпті, Қарағанды қаласының тең жартысын жылуға қосуға болады деген сөз. Ал, былтыр Сұрыптау елді мекенінің тұрғындары да құбырдың қаптамасы болмауы салдарынан жылуға жарымаған еді. Себебі, қаптама темірлер көбінесе қолды болып кетеді. Енді, аталған құбырлар арнайы ораммен жабылды. Иә, Қарағандыда қысқа дайындық жақсы жүргізілді. Алда, қыс. Олай болса, жылуға жауаптыларға сәттілік тіледік.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.